45 жастағы Тамара Асар қалай жас болып көрінетінін айтты
Жуырда екінші рет ана атанған Тамара Асардың сұлулығына қыз-келіншектер қызыға қарайды. Жұрт 45 жасқа келген әншінің өз жасынан әлдеқайда жас көрінетінін айтуда. Тамара мұның сырымен бөлісті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
"Жасыма сай мимикалық әжім бар. Витаминдер ішемін, 3-5 минуттық тыныс гимнастикаларын жасаймын. Ылғалдандыратын маскалар, кремдер, тональды крем жағамын. Фотоларда фотошоп, фильтрлер қолданамын. Ең бастысы, көңіл күйді носкиге апармау жолы жұмыстарында назардамын", – деді Тамара Асар.
Әншінің сырт келбетінен бөлек, көпшілік оның тіл байлығына тамсанады. Кітап жазуға кеңес береді. Алайда Тамара Асар кітап жазуды әлдеқашан бастап кеткен.
"Кітап жазылу үстінде. Өте ертерек бастағанмын, ой-өрісімді біліммен шыңдауыма байланысты уақытша тоқтатып қойғанмын. Арасында түртіп қоямын, асықпаймын", – дейді өзі.
Мәдениет пен этиканы бірінші орынға қоятын әнші тойларда әншілермен суретке түскісі келетін жандарға назын айтты.
"Түскендеріне қарсы емеспін. Тек жұлқыламаса, бір түскен адам жүз рет қайта-қайта келмесе екен. Мәдениетті түрде ишаратпен, ыммен келіп, жайлап түссе, ол әншінің де, тыңдарманның да сәні ғой", – деді Асар.