Сағындырған әндер-ай
Қазақтың ән өнері – сонау көне заманнан бері келе жатқан асыл қазынасы. Сайын даланы дара дауысымен тербететін күміс көмей әншілер де киелі өнердің қадіріне жете білген.
Ұлы Абай да ән мен күйдің құдіретін ұғып:
Құлақтан кіріп, бойды алар,
Әсем ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең, менше сүй, – деп асыл өнерге деген сүйіспеншілігін сөзге қосқан. Ән мен күй – шыққан күн, туған айдай қазақ елінің тал бесіктен жер бесікке дейінгі жан серігі.
Ән – халықтың өмір айнасы. Кезіндегі Ақан сері, Біржан салдар – өз заманының нағыз өнерпаздары, дәстүрлі әнді шырқағанда тыңдарман қауымның ерекше қошеметіне бөленетін әсем дауыс иелері. Олар киелі домбырамен ән салғанда дархан дала тербеліп, тұмса табиғат тұп-тұнық күйге еніп, тыңдарманның құлағының құрышы қанатын. Расымен қазақтың ән өнері заманымыздың тарихи шежіресі, әсіресе өткен жылдардың өшпес әндері – мәдениетіміздің ажырамас бөлігі. Қазір тыңдаушының талғамы эстрадаға бұрғанымен, дәстүрлі әндердің, оның ішінде ретро әндердің өз қауымы бар. Кешегі күннің мол мұрасы бүгінгі күннің баға жетпес қазынасы деуге болады. Өткен аптада аудан өнерпаздары ретро әндердің кезеңіне оралып, әнсүйер қауымға естен кетпес ерекше көңіл-күй сыйлады.
Қ.Қазантаев атындағы аудандық мәдениет үйіне жиылған жалағаштықтар «Сағындырған әуендер» ретро әндер кешінің куәсі болды. Өткеннің есті әндері мәдениет үйінің сахнасында бүгінгі өнерпаздардың орындауымен қайта қалықтады. Алдыңғы буын аға-әпкелеріміз орындаған, жүректен шығып, жүрекке жеткен ретро әндерді тыңдаушылардың қатарында жастар да көп болды. Сонау 60-70 жылдары жасындай жарқ еткен, қазақтың маңдайына біткен жарық жұлдыздардың өнер әлеміндегі шырағын жаққан сол кездегі әндерді қалың көпшілік сағынып-ақ қалыпты. Өткен мен бүгіннің жалғасы іспеттес ескі әндерді өз нақышында да, заманға сай өңдеп те орындаған аудан өнерпаздары кәсібиліктерімен көптің ризашылығына бөленді.
«Әннің де естісі бар, есері бар» демекші, композитор Теміржан Базарбаевтың еліміздің музыка өнерінде алатын орны ерекше. Композитор шығармашылығында туған Отан, туған өлкенің әсемдігі мен халқының тарихы сынды тақырыптар басты орын алған. Атап айтқанда, «Ауылым», «Қаздар қайтқанда», «Студенттік кештер» әндерінің тыңдарманға етене жақын екені белгілі. Сол сағындырған жылдардағы әндерді нақышына келтіріп орындап, сахна төрінде әуелеткен жалағаштық әншілер ән кешінің шымылдығын Тұманбай Молдағалиевтің сөзіне жазылған Теміржан Базарбаевтың әні «Қаздар қайтқанда», Бәкір Тәжібаевтың сөзіне жазылған Ескендір Хасанғалиевтің әні «Сағындым сені», Роза Бағланованың орындауындағы «Ақмаңдайлыммен» ашты. Мұнан соң әйгілі «Дос-Мұқасан» ансамблінің репертуарынан бірнеше әнге кезек берілді. Шәмшінің әндерінің орны бір бөлек. Ән кешінің көркін қыздыра түскен, әртүрлі аспаптың құлағында ойнайтын «Алтын-арайдың» жігіттері де әннен шашу шашып, алдыңғы буын аға-әпкелерімізді сағымдай бұлдыраған сонау бозбала, бойжеткен шаққа апарып келгендей болды.
Жалпы қазақтың әні десе, дархан даланы дара үнімен тербеткен Жаяу Мұса, Біржан сал, Ақан сері, Балуан Шолақ, Үкілі Ыбырай әндері бірден ойға келеді. Бай әуен мен астарлы, мағыналы сөздер құлақтан кіріп бойды алады. Орыс ғалымы Потаниннің «Маған бүкіл қазақ даласы ән салып тұрғандай көрінеді» деуі тегін емес еді. Кешегі Затеевич те қазақтың мыңнан аса әнін жинауы текке емес. Себебі, өзге де ел қазақ халқының қанына сіңген өнерін, қазақ әнінің қасиетін мойындап, қадірлей білген деуге болады. Бүгінгі ұрпағымыз осындай дәстүрлі әннің орындаушылары мен ретро әндерді киелі сахнада қалықтатқан өнер әлемі майталмандарының бүгінгі жалғасы жас әншілерден есті әндерді естіп өссе дейміз.
«ЖЖ» ақпарат