ДӘСТҮРЛІ ӘН ӨНЕРІ ӨЛМЕК ЕМЕС…
Қазақ халқы қашаннан өнер десе ішкен асын жерге қоятын халық. Қазақтың ән өнері сонау көне заманнан бері келе жатқан асыл қазынасы. Сайын даланы дара дауысымен тербететін күміс көмей әншілер де киелі өнердің қадіріне жете білген.
Ұлы Абай да ән мен күйдің құдіретін ұғып:
Құлақтан кіріп, бойды алар,
Әсем ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар,
Әнді сүйсең менше сүй, – деп асыл өнерге деген сүйіспеншілігін сөзге қосқан. Ән мен күй шыққан күн, туған айдай қазақ елінің тал бесіктен жер бесікке дейінгі жан серігі. Дәстүрлі ән өнері – рухани жәдігерлердің ішінде замана сүзгісінен өтіп, халқымыздың ежелгі рухын, тарихын, мәдениеті мен ыстық ықыласын бүгінгі ұрпаққа жеткізген ұлттық құндылықтардың бірі. Қандай заман болса да, қазақ ән тыңдаудан кенде қалмаған. Ән – халықтың өмір айнасы. Кезіндегі Ақан сері, Біржан салдар өз заманының нағыз өнерпаздары, дәстүрлі әнді шырқағанда тыңдарман қауымның ерекше қошеметіне бөленетін әсем дауыс иелері. Олар киелі домбырамен ән салғанда дархан дала тербеліп, тұмса табиғат тұп-тұнық күйге еніп, тыңдарманның құлағынының құрышы қанатын.
Дегенмен, бүгінгі дәстүрлі өнерді насихаттайтын ұлттық сахнаның орнын эстрадалық өнер ауыстырған. Нақтырақ айтсақ, шоу-бизнестің дәурені жүріп тұр. Екеуден, үшеуден одан қалса топ құрып алып заманауи әндерді фонограммамен шырқап жүрген өнер майталмандары жетерлік. Көпке топырақ шашпаймыз, әрине. Олардың арасында нағыз талант, қайталанбас дауыс иелері де баршылық. Заман ағымына қарай, өзіндік ерекшелігімен Қазақстанның атын әлемге әйгілі етіп жүрген жұлдыздар қауымын да көріп, естіп, тыңдап та жүрміз. Түбегейлі эстрадалық өнерге бет бұрмасақ та, дәстүрлі әндердің орындаушысы көп болғанымен, тыңдарманның қатары сирегені қынжылтады. Әншінің талғамы төмендеген бе, әлде тыңдарманның көзқарасы өзгерген бе? Әйтеуір, әннен әнші көп. Осыған қарамастан, заман қанша өзгергенімен, дәстүрлі ән өнері өз желісін үзген емес. Тек тыңдарманның талғам биігінен түсіп қалмаса екен деген ой туады.
Нұржамила НАУАН