Ернар Айдар “фонограммашыл әнші” деп сынағандарға өз мүмкіндігін дәлелдемек
Осыдан бір айдан астам уақыт бұрын Мейрамбек Бесбаевтың идеясынан туындаған «Жұлдызды жекпе-жек» жобасында Ернар Айдарды аға буын қатаң сынға алған болатын. Жанды дауысты өтетін өнерпаздар арасындағы додаға қазылық еткен Жанар Айжанова, Ернардың фонограммаға бауыр басқанын айтып, көпшіліктің көзінше ескерту жасаған еді.
Араға уақыт салып Stan.kz ақпараттық агентігінің тілшісіне сұхбат берген әнші жігіт, сынға қатысты жауабын берді.«Маған сын айтылмаған кез болды ма? Шыққалы сын айтылып келеді. Сол сындарға мен үлкен рахмет айтамын. Өте керемет сындар болды маған. Мен сындардың арқасында өзгеріп келе жатырмын деп ойлаймын. Әлі де өзгеремін, әлі де көрсетемін. Әлі де менің берерім бар деп ойлаймын. Жанды дауыста да мені күтіңіздер. Ол қырымды да жақсылап көрсеткім келеді. Шыңдалып болдым. Бірақ, соны жақсылап дайындалып, көрсеткім келеді. Өнер деген шексіздік қой. Өнерде барлығын істесе болады. Тек еңбекқорлық керек деп ойлаймын», – дейді Ернар.
Ернар бұдан былай жанды дауыста өнер көрсетуді құп көреді. Өзін көпшілік алдында дәлелдеуге бел буып отыр. Жуырда әншінің Астана қаласында жеке концерті өтпек екен. Бүгінде тірі дауыста ән айтуға машықтанып жүрген жігіт, бұл кеште Мейрамбек Бесбаев, Тоқтар Серіков, Мұқасан Шахзадаев, Саят Медеуов және Досымжан Таңатаров сынды өнердегі ағаларымен қосыла ән шырқамақ екен. Айдардың айтуынша, жұмысы тығыз кестеген түзілген танымалдардың басын қосып, бір сахнада тоғыстыру оңайға соқпапты. Десек те аға буын ізбасар інілерін өзектен теппеген.
«Соған өзім де таң қаламын. Мені қолдаған ағаларыма рахмет айтамын. Бала кездегі армандарыма үлес қосқандарына алғысым шексіз. Шынымен солармен бір сахнада ән салуды армандағанмын. Оны сөзбен жеткізу мүмкін емес», – дейді әнші.
Сондай-ақ, Ернардың әр қадамы жұрттың назарынан тыс қалған емес. Әдетте жұбайы жайлы жан баласына жақ ашпайтын әнші, таяуда келіншегімен түскен суретін желіге жүктеген еді. Бірақ бірер сағаттардан кейін қайта өшіріп тастапты. Мақсаты оқырмандарының өтінішін орындау екен.
«Жай ғана жұбайымның фотосын салғым келді. Көп халық сұрайды. Жұбайыңызды көрсетсеңіз болады ғой деп енді көп сұрайды. Шет елде демалып жүрген кезде де сұрады. Мені оны көрсетпей, әйелім арқылы бір нәрсе істейін деген ойым жоқ негізі. Ол маған айтады, мені салмай-ақ қойыңыз. Өзі ұялшақ. Өзі қаламайды. Сосын ол нәрсені мен де қалаймын. Бірақ енді тілекші қауымға рахметімді айтамын. Бір салдым да, қайта алып тастадым. Хайп жасау, қара пиарға қатысы жоқ. Себебі менің жұбайымның өнерге де қатысы жоқ. Ол жайлы көп сөйлегенді де жақтырмаймын. Ол да жақтырмайды», – дейді Ернар Айдар.