Анар Батырхан “Инстаграмщица” фильмінде басты рөлді сомдады
25 маусым күні Esentai Mall ғимаратының Kinopark 11 кинотеатрында көрермен көптен күткен, “Инстаграмщица” кинотуындының жабық көрсетілімі өтті. Фильм продюсерлері мен актерлері туындыға әділ бағасын беруге келген БАҚ өкілдеріне фильмге қатысты барлық сұрақтарға жауап берді. 28 маусымнан бастап еліміздің кинотеатрларында көрсетілетін “Инстаграмщица”фильмі жайлы қызықты ақпараттарды білгіңіз келсе, Stan.kz ақпараттық агенттігінің тілшісі ұсынған репортажбен танысып шығуға кеңес береміз.
Фильмді отандық “Брат или брак”, “Бизнес по казахски”, атты танымал кинотуындылардың режиссері Арыстан Қаунев түсірсе, сценарийін Дархан Тастанов пен Қуат Садықов 5 айдың көлемінде жазып шыққан. Ал фильмде басты рөлді Анар Батырхан сомдады.
Фильм продюсерлерінің бірі Мақсат Мамраимовтың журналистерге айтуы бойынша, бүгінгі күні адамдардың әлеуметтік желіге деген тәуелділігі күн сайын артып келетіндіктен, ол Дархан Тастахановпен ақылдаса келе, осы тақырыпта фильм түсіру мүмкіндіктерін ойластырған. Ал Анар Батырханмен танысып, оның актерлық шеберлігіне тәнті болғаннан соң, “7 арнадан” көрсетілетін “Q елі” скетчкомының көрермен арасында үлкен танымалдыққа ие екенін түсініп, фильмді түсіру туралы нақты шешім қабылдаған екен.
Сондай-ақ, Мақсат Маримов фильмде Айнұрдың парақшасын 1 миллион жазылушысымен қайтарып беретін кейіпкерді де ойнайды.
Әлеуметтік желі арқылы бүгінгі күні біз кімнің немен айналысатынын білеміз. Басқаның жүріс-тұрысын бақылап отыруды жақсы көретініміз өтірік емес. Фильм продюсері Дархан Тастановтың айтуы бойынша, қазақ еліннің түсінігіндегі “жұрттан қалмау керек” деген ұғым қоғамдағы өзекті мәселеге айналып отыр. Сондықтан фильмде Айнұрдың өмірін көрсету арқылы, жұрт сөзіне қарамай әр адам өз құндылықтарын бағалай білуі керек деген де мағына бар.
Қоғамда әлеуметтік желіге кіріп, әлемде қандай оқиғаның білмейінше жаны тыныштық таппайтын адамдарда бар. Біздің кейіпкеріміз Айнұр да осы аталған адамдардың қатарына кіреді. Оқиға желісі бойынша Айнұрдың Инстаграмдағы парақшасын белгісіз біреулер өшіріп тастағаннан соң, оның өмірі түбегейлі өзгереді. 1 миллион жазылушысынан айырылып ашынған ол, тығырыққа тірелдім деген оймен, парақшасын қайтаруы үшін ақылға қонымсыз істерге де барады. Нәтижесінде, кейіпкер әлеуметтік желінің өмірлік құндылықтардың орнын алмастыра алмайтынын түсінеді.
Кино туынды адамның әлеуметтік желілерге тәуелдігі, оның зардабы мен жақсы жақтарын көрсететін болған соң, жабық көрсетілімге жиналған журналистерде фильмге түскен актерлерден олардың әлеуметтік желіні қаншалықты жиі қолданатыны жайлы сұрақтар қойды. Оларға фильмде басты кейіпкердің досы болып ойнаған Серік Шәріп әлеуметтік желіні қолданса да, оған үлкен тәуелділіктің жоқ екенін айтты. Ал басты рөлді сомдаушы Анар Батырханның сөзінше, ол өнер адамы болғаннан кейін, өзін Инстаграмға тәуелдімін деп санайды.
Кино туындымен жұмыс істеген ұжымның барлығы “Инстаграмщица” фильмі көрерменнің көңілінен шығатын еліміздегі үздік кинотуындылардың бірі болады деп үміттенеді.
Stan.kz