Актриса Жұлдызай Дүйсенбиева: Жалғыз қызымды Алладан сұрап алдым
Алғашқы перзентін Алладан тілеп алған Жұлдызай Дүйсенбиева тағы да декреттік демалысқа шығуды ойлап жүр. Бұл орайда актриса есейіп қалған қызының тәтті қылықтары жайлы айтып берді.
“Қызым тәтті болып бара жатыр, суретші болатын сияқты. Үйдегі бір қабырғаны сол кісіге арнадық. Дәптерге, альбомға салмайды, бірден қабырғаға саламын дейді.
Неге екенін білмеймін, қызымның тілі орысша шықты. Түстердің барлығын ағылшынша айтады. Қазақша “қызыл сөмкеде жатыр” десең түсінбейді, “red сөмке” деп айтатын болдық. Бір тәттісі: “Мама, не оставляй меня. Вчера тебя не было, я упала”, – дейді. Жүрегім ауырып кетті. “Әлди-әлди” деп әндетіп жүр, жақсылыққа балап отырмыз. Біржола декретке шығып, қайта оралсам деп тұрмын”, – дейді Жұлдызай.
Дүйсенбиева перзенттерінің көп болғанын қалайды. Дегенмен, қанша бала дүниеге әкелсем де, тұңғышымның орны бір төбе, деп ағынан жарылды актриса.
“Баланың көп болғаны жақсы ғой, қызымның жалғыз болғанын қалаймын. Бірақ Аянаттың орны бәрібір ерекше. Өйткені ол менің тұла бойым тұңғышым, Алладан сұрап алған қызым. Қызым 5-6 жасқа келген кезде, есінде қалатындай шаққа келген кезде шетелге апарсам деп отырмын. Қызымның өскенін күтіп жүрмін. Сол кезде әкесімен бірге қыдырармыз”, – дейді Жұлдызай.