Түркияның ірі телерадиокомпаниясы «Қазақфильмнің» кинотуындыларын сатып алмақшы
Түркияның ірі телерадиокомпаниясы «Қазақфильмнің» кинотуындыларын сатып алмақшы
Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясына іскерлік мақсатта түркиялық «TRT» телерадиокомпаниясының Астанадағы өкілдігінің директоры Абдулхамит Авшар келді, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі.
Кездесуде корпорация басшылығы атынан киностудияның картиналарын түрік телеарнасында көрсету мақсатында алуға ниетті екенін білдірді.
«Біздің корпорацияға тиесілі «TRT Avaz» телеарнасында аптасына бір рет түркітілдес елдердің киноларын көрсетуді жоспарлап отырмыз. Осы орайда, біз «Қазақфильмге» келіп отырмыз, өйткені бұл киностудия Қазақстандағы басты және түрлі жанрдағы сапалы кино өндіруші студия. Қазір біздің мақсатымыз сіздердің фильмдеріңізбен танысып, сіздердің тарихыңыз бен мәдениетіңізді көрсететін туындыларды таңдап алу», - деді кездесу барысында Абдулхамит Авшар.Өз кезегінде «Қазақфильм» киностудиясының аудиовизуалды жобалар басшысы Олжабай Мұсабеков киностудия өндірген фильмдер каталогын беруге дайын екенін жеткізді.
«2009 жылға дейін түсірілген фильмдер пленкада сақталған. Алайда Қазақ ғылыми-зерттеу мәдениет институтының көмегімен сандық жүйеге өткіздік. Ескі және жаңа фильмдерді сіздерге қажетті форматта беруге дайынбыз», - деді ол.Кездесу барысында түркиялық қонаққа киностудия бойынша экскурсия жүргізіліп, «Қазақфильмнің» киноөндірістік мүмкіншілігі және техникалық жабдығы таныстырылды.
Айта кетейік, «TRT» телерадиокорпорациясы – бірнеше радиостанциялардың негізінде 1964 жылы құрылған. Бүгінгі таңда корпорацияға ондаған халықаралық және аймақтық теле және радио арналар кіреді. Бұл компанияның радио және теле арналары әлемнің бірнеше тілдерінде жүреді. Көптеген елдерде өкілдігі бар корпорацияның бөлімшесі Қазақстанда да ашылған.
Baq.kz