Отан тарихын оқыту өлкетанудан басталады
Елбасы рухани жаңғырудағы ұлттық сананың рөліне баса назар аударып, бірнеше міндетті айқындап берді. Оның ең негізгісі – ұлттың терең тарихынан бастау алатын рухани ұстанымды сақтап қалу. Құндылықтарымыз бен озық дәстүрімізді табысты жаңғырудың алғышартына айналдыра білу. Елбасының идеясы тарихқа деген көзқарасты түзету мен ұлттық бірегейлікті сақтап, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту жайлы болып отыр. Қазақ елінің кез келген аймағынан ежелгі, орта ғасырларға және жаңа заманға қатысты тарихи жәдігерлерді немесе деректерді көптеп кездестіруге болады. Мәселе соны танып біліп, табылған мәліметтерді жүйелеп, зерделеп, жастар тәрбиесінде тиімді пайдалана білуді үйренуде. Мемлекет басшысы «Туған жер» бағдарламасының мәнін түсіндіре келіп білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізудің маңыздылығына назар аударды. Танымал тарихшы Мәмбет Қойгелдиев «Туған жер» бағдарламасын ауылдық жердегі мектептерде ұйымдастырудың қызықты бағдарламасын ұсынады. Мәселен, мектептегі тарихшы мұғалімдер: «Бұл ауылда қандай зират бар? Ауыл қашан пайда болған? Негізін қалаған кімдер? Бұл ауыл қандай жолдан өтті? Ауылда қандай мықты әулеттер бар? Олардың тарихы қалай жалғасты?» деген мәселелер төңірегінде зерттеулер жүргізуі керек. Ал география пәнінің мұғалімдері: «Ауылдағы тау, төбе, өзен, көше қалай пайда болған? Бастауын қайдан алады, соңы қайдан тұйықталады?» деген сұрақтарға жауап іздейді. Тіл және әдебиет пәні ұстаздары: «Бұл тау мен өзен не себепті бұлай аталады? Этимологиялық мәні қайда жатыр?» деген мәселенің тамырын ажыратады. Биология пәнінің мұғалімдері болса: «Ауылда қанша түрлі өсімдіктер өседі, оның ішінде дәрілік шөптер бар ма, бұл өсімдіктер басқа аймақтарда кездесе ме?» деген сауалды зерттейді. Осы сауалдардың негізінде елжандылыққа, ұлтжандылыққа тәрбиелеу басталады. Сонда ел туралы түсінік тереңнен қалыптасады. Тарихшы ғалымның осы ұсыныстарының өзі-ақ жергілікті жерде өлкетанушылық жұмыстарды қалай ұйымдастыруға болатынына бағыт беріп тұр. Бүгінде жалпыұлттық патриотизмді қалыптастыруға, өзінің ауылына, туған жеріне деген сүйіспеншілікті арттыруға бағытталған «Туған жер» бағдарламасын іске асыру және жеткіншектер белсенділігін көтеру мақсатында білім ошақтарында «Тәрбие және білім», «Атамекен», «Рухани қазына» сынды шаралар іске асырылуда. Сондай-ақ «Қазақстан тарихы», «География» және «Қазақ әдебиеті» сабақтарын мұражайларда өткізу қолға алынды. Өлкетану материалдары білім алушының шығармашылық қызмет түрлерін (белгілі тақырып бойынша ақпарат жинау, оның ішінде естелік жазбаларды дайындау, өлкетанулық фактілерді талдау және бағалау, оларға қатысты сыни көзқарасты негіздеу және т.б.) меңгеруге мүмкіндік береді. Білім алушыларға елінің тарихын көзімен көріп, сезіну үшін мүмкіндігінше мұражайларға, тарихи ескерткіш орнатылған немесе тарихи-археологиялық орындарға экскурсия ұйымдастырған орынды. Себебі «Туған жер» тарихын зерделеуде білім алушылардың білімін жаңа мәліметтермен толықтырып, нақтылайтын, теориялық білімді тәжірибемен байланыстыратын сыныптан тыс және мектептен тыс тарихи өлкетану маңызды. Бұл оқу процесін жоғары сапалық деңгейге көтереді. Мысалы, 11 сыныптағы «Қазақстандағы 1916 жылғы ұлт азаттық көтерілісі» тақырыбындағы сабағымды Бөкей Ордасы тарихи музей кешенінде музей қызметкері Г.Елемесовамен бірігіп өткіздім. Онда «Туған жер» бағдарламасы бойынша қысқаша түсінік беріліп, әрі қарай оқушылар 1916 жылғы көтерілістің себептері, сипаты, қозғаушы күштері және тарихи маңызы туралы сұрақтарға толымды жауап беріп, белсенділік танытты. Өз өлкеміздегі көтеріліс ошақтары мен басшылары С.Меңдешев, Ө.Дінбаянұлы жайында музей кешені қызметкері Г.Қуанышқызы жан-жақты баяндады. Қысқасы, экскурсия әдісімен өткен бұл дәрістен шәкірттер көптеген қосымша мағлұматқа қанықты. Мұражайдағы тарихи деректер мен ақпараттар да жеткіншектердің туған өлкемізді тереңірек тануына мүмкіндік береді. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында туристік экспедиция жасақтарының «Менің Отаным – Қазақстан» аудандық слетінде мектеп командасы жүлделі ІІ орынды иеленді. Білім алушылардың әлеуметтік нормалар мен дүниетанулық құндылықтардың тарихи тамырын білуі, халқының тарихи тәжірибесін түсінуі саналы түрде ұлттық бірегейлікті анықтауына мүмкіндік береді. Білім алушылардың өзін тұлғалық анықтауы ұлттық мәдениет пен тарихи дәстүрді қабылдауымен тығыз байланысты. Бұдан шығатын қорытынды, рухани жаңғыру талабына сәйкес қазіргі қоғам мен өткенді байланыстыратын тарихи сана өскелең ұрпаққа бүгінгі оқиғалардың мәні туралы түсінік қалыптастыруда маңызды рөл атқарады. Тарихи сана – бұл тарихты білу, тарихи тәжірибе мен оның сабақтарын ұғынып түсіну, әлеуметтік болжау өз іс-әрекеті үшін тарихи жауапкершілікті түсіну. Оған қоса оқу-тәрбие процесінің маңызды құрамдас бөлігі болатын тарихи білім тұлғаның, азамат пен патриоттың қалыптасуына жәрдемдесуі тиіс. Сондықтан да «Қазақстан тарихы» пәні білім алушыларды тарихи оқиғалармен таныстырып қана қоймай, оған қоса ғасырлар бойы Ұлы Дала кеңістігінде қалыптасқан ұлттық құндылықтарды түсінуге жетелейді.
Ерболат ӘБСЕЙІТОВ,
Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің Стандарттау және сертификаттау кафедрасының доценті