Отандық жұлдыздар сахнаға ашық-шашық шығатын әншілерге шектеу қоюды сұрады
Жақында Өзбекстан әншісі Шахло Ахмедова клиптегі ерсі биі үшін әнші деген лицензиясынан айырылды. Оған Өзбекконцерт ұйымының жанындағы көркемдік кеңес тыйым салған. Ал біздің елде әншілерге “әй дейтін әже, қой дейтін қожа” жоқ. Білгенін істеп, сахнаға жартылай жалаңаш шығып жүргендер жетерлік. Ендеше бізге де Өзбекстандағыдай тәртіп қажет пе? Бұл сұраққа елімізде белгілі өнер жұлдыздары жауап берді.
Бұл туралы Stan.kz ақпараттық агенттігі 31 арнаға сілтеме жасап хабарлайды.
Мәселен, Алтынай Жорабаева елімізде әншілердің киімін ғана емес, әнін де саралайтын ұйымдар қажет дейді. Әнші осыдан бірнеше жыл бұрын сахнаға орамал тағып шыққаны үшін сыналғанын еске алып қынжылады.
“Басында орамал тағып бастағанда сахнадан шеттетілгенімді де білемін. Сахнаның сұранысына, талғамына сай болу үшін бәрі бір енді орамалды болашақта да ниетім бар.
Негізі бізге көп ұйымдар қажет. Тек қана киімге қатысты емес, ән мәселесі болсын, әнші, сөз мәселесі болсын. Халық бізге қарап бой түзейді, бізге қарап үлгі алып жатыр”, – дейді Жорабаева.
Қоңыр үнімен халықты баурап алған Қуандық Рахым аталған тақырыпқа қатысты пікірімді білдірсем, біраз әріптестерім ренжіп қалады, дейді. Ешкімнің атын атап, түсін түстемегенімен, Қуандық өнерде қыздардың ашық-шашық жүруіне қарсы екенін білдірді.
“Кейде маған не істейсің деген сияқты өзім білемін деген сияқты мені бәрі бір сахнадан қуа алмайсың деген сияқты, көзқараста ашылып тастап жатқан қыздар бар. Оған бірдеңе айтасын десең біреудің обалына қаламын ба деп”, – дейді Қуандық Рахым.
Ашық-шашық киінетін әншілер Ақбота Керімбекованың да жүйкесін жұқартқан. Өнер иесінің айтуынша, бұл мәселе 15 жылдан бері сөз болып келеді. Алайда оған құлақ асып жатқан билік те, ойланатын әншілер де көрінбейді.
“Қазіргі сахна әркім өзім білемін деген әншілер. Оны елеп жатқан ешкім жоқ, өзім кереметпін, сұмдықпын деген түсінікте, қазіргі жастар”, – дейді Ақбота Керімбекова.
КешYou-дің бұрынғы әншісі Айдана Меденова соңғы кездері әлеуметтік желіде ашық-шашық түскен суреттерін жиі жариялап жүр. Әйткенмен екі баланың анасы одан ешқандай оғаш қылық көріп тұрған жоқ.
“Енді әрине, купальникпен шықпайсың ғой, сахна киелі жер. Енді мынаны ашық десеңіздер, білмеймін”, – дейді Айдана Меденова.
Меруерт Түсіпбаеваның айтуынша, әншілер де өз орнын білуі керек. Меруерт шектен шығып кеткен әріптестеріне қарсы.
“Әр қыз бала, өзінің шегін білу керек. Шектен шығып кетпеу керек. Сахна деген киелі жер. Ол жерде кішкене абай болу керек. Киімге, тұрған тұрысқа. Ойбай болады екен деп, мен өзім қарсымын жалаңаштануға. 40-қа дейін кейбір жерлерімді ашатынмын. 40-тан кейін мүлдем ашпайтын болдым”, – дейді Меруерт Түсіпбаева.
Stan.kz