“Махаббат бекетінде” Оралдың рөлін ойнаған актер отбасы жайлы айтып берді
Орал мен Гүлнәз және Жеңіс! «Махаббат» станциясындағы осы үш кейіпкердің ішінен – Баянды жұрт жақсы біледі. Бірақ Бөпеш Жандаев пен Кубанычбек Адылов көпшілік көзінен тасада қалған. Атышулы Алагөзованың кинодағы ғашығы қазір қайда жүр?!
1993-ші жылы таспаланған «Махаббат станциясы» мелодрамасы, көрерменнің көзайымына айналған туындылардың бірегейі. Аталмыш фильмдегі бойжеткен Гүлназдың образы – Баянның актрисалық мансабына дүмпу әкеліп әрі өнердегі сара жолын салып берді. Алайда, кинода бұрымдының жүрегін жаралаған сол кездегі жалынды жігіттер, қазір жұрт назарынан жырақта жүр.
Баян Алагөзова, продюсер:
-Шындығында біз бір-біріміздің қай салада қызмет ететінімізді, сырттай біліп жүрдік. Осыдан біраз уақыт бұрын, Бөпеш Жандаевпен бірнеше жобаларды бірге атқардық. Ол қоюшы-суретші болды. Сондықтан, күнде кездеспесек те, арамыз қатты алшақтаған жоқ.
Кубанычбек Адылов, актер:
-Біз жылы амандасамыз, кездескен кезде. Бірақ біздің жұмыс жүрген саламыз әр түрлі. Мен театрда. Мен театрмен айналысамын. Баян болса, кино мен шоу-бизнес. Менің оған қатысым жоқ!
«Махаббат станциясындағы» бозбала Оралдың бейнесі, әлі күнге көрерменнің көз алдында. Қазіргі таңда қырықты еңсерген Кубанышбек Адылов – ардақты әке, сүйікті жар!
Кубанычбек Адылов, актер:
-Отбасым бар. Үш қызым бар. Жолдасым бар. Жолдасым М. Әуезов театрында жұмыс істейді. Мені танитындар біледі.
Кинодағы «ғашықтар» араға ширек ғасыр салып, былтыр түсірілім алаңында қайта қауышты. Әріптестердің бас қосуына түрткі болған – Баян Алагөзованың «Тағдыр бекеті» кинотуындысы. Шығармашылық ұжым 25 жылдан кейінгі кездесуде бірден үйлесім таба алды ма?
Кубанычбек Адылов, актер:
-Мен актер болған соң, ондайға қарамаймын. Қиын ба, қиын емес пе. Түсірілім алаңына шығасың да, істейсің. Ол мамандық қой, біздің өзіміздің істеп жүрген нәрсеміз ғой.
Танымал үштікті «Тағдыр бекетінде» қайта тоғыстырған Баян, станциядағы тағы бір махаббат хикаясын таспаласа, таң қалмаңыз!
Stan.kz