Өлеңге із қалдырған өрнек салып
Бүгін менің туған күнім
Ой, пәлі-ай!
Мына адамдар неге жатыр тойламай?!
Банкет жасап берер едім өзім-ақ,
Тәңірдің бір жарытпай-ақ қойғаны-ай, – деп туған күнінде қасиетті қаламмен ел-жұртына назын жазып кеткен ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың өлеңдері халқының жүрегінде мәңгі сақталады. Ақын поэзиясының қайнар көзі, шабыт тұғыры туған елі, замана тынысы, сырлы сезімге толы өлеңдер. Әр өлеңі жастықтың жалыны, қайталанбас шеберлік, жүрекпен тіл табысатын сыршыл да шыншыл сезім, мінсіз үйлесімнен туған. Ол өз шығармалары арқылы қазақ поэзиясын биікке көтерді, мазмұнын байытты.
Қуат алып Абайдың тіл күшінен,
Жыр жазамын Абайдың үлгісімен.
Абай болып табынсам бір кісіге
Абай болып түңілем бір кісіден, – деп қазақтың бас ақынына ден қойған Мұқағали Мақатаев поэзия әлеміне терең бойлады.
Жуырда Жалағаш индустриалды аграрлық колледжінде қазақ поязиясында өшпес із қалдырған, мұзбалақ ақынның туған күніне орай «Әр өлеңі – бір әлем» атты шығармашылық кеш өтті. Кеште бейнеролик көрсетіліп, ақынның шығармаларына шолу жасалып, деректер келтірілді. Ақиық ақынның «Аманат жыр» жинағы 2000 жылы мемлекеттік сыйлыққа ие болды. Бүгінде Мұқағали Мақатаевтың 13 кітабы бойынша 1834 өлең, 19 поэмасы бар екені анықталып отыр. Ақын өлеңдеріне 100-ден астам әндер жазылған. «Есіңе мені алғайсың», «Күрең күз», «Сәби болғым келеді», «Құттықтаймын мама, туған күніңмен», «Тоқта, балам, атаң келеді артыңда», «Саржайлау», «Фаризаға», «Дариға, домыраңды берші маған», «Бала ғашық» секілді әндері бүгінде барша жұрттың жүрегінен орын алып, қуанышы мен қайғысын бөлісетін айнымас жан серігіне айналды.
Кеш аясында кітап көрмесі ұйымдастырылып, ақынның өз дауысымен оқылған өлеңдері тыңдалды. Колледж студенттері ақынның «Есіңе мені алғайсың», «Шеше сен бақыттысың» әндерін орындаса, «Хантәңірі», «Мен донормын», «Қасым солай болмаса», «Сен әлі тірі ме едің?», «Мен-дағы өлең жазбаймын», «Менің анкетам», «Үш бақытым», «Сергей Есенинге», «Фаризаға» сынды өлеңдерін және «Аққулар ұйықтағанда» поэмасын оқыды.
Жалағаш индустриалды агарлық колледжі директорының орынбасары Гүлмира Тұрсынбаева шараны қорытындылап, ақынның өлеңдерін көркемдеп жатқа оқыған студенттерге колледж әкімшілігі атынан «Алғыс хаттармен» марапаттады.
А.Балдақова,
Жалағаш индустиалды аграрлық колледжінің
кітапханашысы.