ауыл әйелдерінің форумы: іскерлік нәзіктіктен бастау алады

Қызылорда қаласында облыстық ішкі саясат басқармасы мен облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның ұйымдастыруымен ауыл әйелдері форумы өтті. Форум жұмысына батыр аналар, түрлі салада қызмет істеп жүрген қыз-келіншектер, мемлекеттік қызметкерлер, кәсіпкер әйелдер мен үкіметтік емес ұйым өкілдері қатысты. Жиынға облыс әкімінің орынбасары Руслан Рүстемов қатысып, аймақ жетістіктеріне қыз-келіншектердің қосқан үлесін атап өтті.
Шарада «Ұрпақтан-ұрпаққа» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Алмагүл Божанова ауылды сақтау, дамыту басты назарда болуы шарт екенін жеткізді. Себебі, ауыл – ұлттық құндылықтарымыздың, салт-дәстүріміздің алтын діңгегі. Осы ретте Елбасының биылғы жылдың 5 қазанында жариялаған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында «Ауыл – ел бесігі» жобасын ұсынғанын айтты. Енді осы бағытта біршама жұмыстар атқарылмақ. Сонымен бірге ауылды дамытуда әйелдердің үлесін де тілге тиек етті.
Форум барысында қоғамның өркендеуіне әр салада жүріп, өзінің үлесін қосқан 35 әйел-анаға «Үздік білім қызметкері», «Үздік медицина қызметкері», «Үздік фермерлік және шаруа қожалығының басшысы», «Үздік пошта немесе өндіріс қызметкері» және «Үздік сауда және қызмет көрсету саласындағы шағын және орта бизнес басшысы» номинациясы бойынша облыс әкімі атынан диплом табыс етіліп, сый-сияпат жасалды.
Шара соңы мерекелік кешке ұласты. Облыс әкімінің орынбасары Р.Рүстемов Социалистік Еңбек ері, Батыр ана Сәлима Жұмабекованың шаңырағына арнайы барып, ел анасына «Ғасыр Ана» номинациясын табыстады.
«ЖЖ» ақпарат.
Пікір 578