» » » МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМА НӘТИЖЕСІН БЕРУДЕ

МЕМЛЕКЕТТІК БАҒДАРЛАМА НӘТИЖЕСІН БЕРУДЕ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Елбасы бас­тамасымен қолға алынған «Цифрлық Қазақстан» жобасының жалғасатынын атап өткен болатын. Жалпы, санды технология болашағы зор сала ретінде қарастырылғанына біршама уақыт болды. Өйткені жаңа дәуірдің табалдырығын аттасымен ХХІ ғасырдың жаңа технологиялар үстемдік құратын заман болатынын жұртшылық білді. Жаңа, соның ішінде санды технологияларды дамыту үшін Қазақстанда да бірқатар жұмыс атқарылып жатыр.
Интернет желісі қолжетімді болу үшін облыс, аудан орталықтарынан бөлек, шалғайдағы ауылдарға да қолайлы жағдай жасалуда. Сондай-ақ ұлттық жерсеріктік «OTAU TV» теле-радио хабар тарату желісі іске қосылып, отандық арналардың аудиториясы кеңейіп, мүмкіндігі арта түсті. Нәтижесінде республикамыздың әрбір аймағынан хабар тарататын облыстық телеарналарды еліміздің кез келген аймағынан көруге болады. Бұрын тек Астана мен Алматы сияқты үлкен қалаларда ғана көрсететін арналарды тамашалайтын мүмкіндік туды. Халықтың сұранысы артып, «Балапан», «Асыл арна», «Гәкку», «Тамаша» секілді тағы да басқа телеарналар ашылды. Әлемнің ана бұрышындағы ақпаратты көзді ашып-жұмғанша жеткізетін интернет сайттар мен әлеуметтік желілер пайда болды.
Бірнеше жылдан бері біздің ауданда да әр салаға жаңа ғылыми технологиялар енгізіле бастады. Білім саласында оқушыны бағалау цифрландырылса, мектептерде робототехника үйірмелері жұмыс жасайды. Ал медицина саласында денсаулық кітапшасы электронды жүйеге көшірілді. Балабақшаға тіркелу де осы жүйе арқылы жүзеге асады. Халыққа қызмет көрсету орталығында да электронды жүйе жұмыс жасауда. Тіпті қолтаңбамыздың электронды нұсқасын жасатып қойдық. Басқасын айтпағанның өзінде, үйде отырып-ақ кез келген төлемді жасауға, қаржыны аударуға мүмкіндік бар. Бұл – цифрландыруға негізделген мемлекеттік бағдарлама өз нәтижесін беріп жатыр деген сөз.
Жаңа ғасырдың табалдырығын аттағалы бері 19 жыл өтті десек, осы уақыт аралығында жаңа технология адам сенгісіз жылдамдықпен дамыды. Қарапайым ғана мысал келтірейік. Айналасы бірнеше жылдың ішінде қазақстандықтар неше түрлі ұялы телефондарды ұстады. Жыл өткен сайын олардың функциялары өзгеріп, мүмкіндіктері де арта түсті. Алғашқыда тек байланыс құралдары үшін қолданылған қолақпандай телефондар бірте-бірте айфон, айпад, смартфондарға ауыс­ты. Бүгінде ұялы телефоныңыз тек байланыс құралы ғана емес, сонымен қатар, интернет желісіне еркін қосылатын компьютер іспетті. Адамдар ұялы телефондарына санал­уан әлеуметтік желілерді жүктеп, қоғамда орын алған оқиғаларға байланысты ой-пікірлерін білдіретін болды. Мұның барлығы – жаңа технологияның жетістігі. Бұл сынды үдерістер бүкіл әлем бойынша жүруде.
Еліміздегі жаңа технологиялардың даму үдерістерін одан әрі жетілдіру мақсатында 4 негізгі бағытты құрайтын «Цифрлық Қазақстан» атты бағдарлама қабылданды. Бағдарлама аясында ауыл-аймақты кең жолақты интернетпен қамту, көлік және логистика, денсаулық сақтау, білім беру, ауыл шаруашылығы және электронды саудада цифрлы технологияны енгізу көзделген. Сондай-ақ IT мамандарды даярлау мен мемлекеттік органдардың жұмыс сапасын арттыру назарға алынған.
Жаңа технологиялардың дамып бара жатқаны соншалық «Facebook» әлеуметтік желісі арқылы 4 миллионнан аса пост жазылса, «Skype» арқылы сағатына 100 мың адам сөйлеседі екен. Бұдан басқа күнделікті өмірде тұтынатын теледидар, тоңазытқыш, кір жуу машинасы мен көлігімізге дейін автоматтандырылды. Компаниялар мен фирмалар көліктерін түгелдей «GPS» навигаторларымен қамтыды. Бір орында отырып олар қайда жүр, қай бағытпен қозғалуда, міне, осының барлығын біліп отырады. Полиция қызметкерлері «радар» детекторлары арқылы автомашиналардың жылдамдықтарын бақылай алады. Ұшақтар мен тепловоздардың технологиясы да айтарлықтай дамытылған. Мұның барлығы жаңа технологиялар арқылы жеткен жетістік болып табылады.
Ағартушы-педагог Ыбырай Алтынсарин өткен ғасырдың басында-ақ:
– Өнер-білім бар жұрттар,
Тастан сарай салғызды.
Айшылық алыс жерлерден,
Көзіңді ашып-жұмғанша,
Жылдам хабар алғызды, – деп білімді жұрттың болашағы жарқын болатынын айтқан. Жаһанданып бара жатқан жаңа заманның ағымына ілесеміз десек, өскелең ұрпақты барынша өнер мен білімге құштар еткеніміз жөн. Өйткені кемел келешек бүгіннен басталады.

Ерлан Созақбаев


29 маусым 2019 ж. 416 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 665

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30