Жасанды интеллект адамның орнын баса ма?
Жасанды интеллект адам өміріндегі барлық салаға еніп, технологиялар өмір сапасын жақсартатынынан көпшілік үмітті. Адам энергиясын үнемдеуге ықпал етіп, көп мәселенің шешімін тауып жатқанын да ақпарат құралдары жарыса хабарлап жатыр.
Ғалым Александр Герберт 1965 жылы «20 жыл ішінде машиналар адамның істей алғанының бәрін игермек» деген болатын. Алайда 55 жылға жуық уақыт өтсе де, машиналар оған жеткен емес. Жалпы, жасанды интеллектінің тек технологиялық емес, адами құндылықтарға, еңбек нарығына әсері қандай?
Таяқтың екі ұшы болатыны белгілі. Адамзат ақылының темірден жұмысқа жарамды дүние жасап шығаруына, оған бірнеше міндетті беріп, өз жұмысын жеңілдетуіне күші жетті. Бүгінде әлем болып, бұл кереметке сүйсініп жүргенде, келешекте айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған технологияларымыз адамның өзін жұмсап қалуы мүмкін деп күдіктене бастады. Бұл оймен Нобель сыйлығының иегері, белгілі экономист Джозеф Стиглиц те келіседі. «Барлығының үміттенетін жұмыс аптасының 45 сағаттан 25 сағатқа қысқартатын жасанды интеллектіні өмірімізге енгізбес бұрын, алдымен оны толықтай бақылауда ұстауға дайын болу керек» дейді экономист ғалым.
Жасанды интеллект тақырыбын қозғай қалсақ, екі мәселе ескерусіз қалмайды. Алғашқысы – адамзатқа әсері, екіншісі – оған қарым-қатынасымыз. Тіпті, белгілі ғалым Стивен Хокинг те кезінде жасанды интеллектінің қауіпті екенін болжады. «Компьютерлер бір күні өздерін өздері шығаратын жағдайға жетеді» деп, адамзаттың ақырына алып келуі қаупін ескертті. Мұндай күдіктер орынды. XIX ғасырдың өзінде Англияда технологияның ілгерілеуінен жұмыссыз қаламыз деп қорыққандар ереуілге шығып, бой көтерген. Оларды «луддитер» деп атаған. Бүгінде «нео-луддизм» деген түсінік бар. Бұл да ескісінен алыстай қоймады, яғни XXI ғасырдағы қоғамның инновациядан қорқуын сипаттайды.
Не дегенмен, бүгінгі еңбек нарығында жасанды интеллектінің адамдардың жұмыссыз қалуына себеп болғанына бірнеше дәлел бар. Мәселен, Қытайдағы Foxconn компаниясы фабрикадағы жұмысшылардың санын 110000-нан 50000-ға қысқартпақ. Компания роботтандыру үшін 610 млн АҚШ долларын жұмсаған. Электроника құралдарының дизайнымен айналысатын Shenzhen Everwin Precision Technology компаниясы жұмыс күшін түгелдей роботтарға ауыстыратынын мәлімдеді. Бұл өз кезегінде әлеуметтік мәселе тудыруы мүмкін. Жұмысынан айрылғандар енді қайда барады, өмірі не болмақ?
Дүниежүзілік валюта қоры 2019 жылдың мамырында 28 елде, соның ішінде ЕЭЫҰ-ға мүше мемлекеттерде өткізген зерттеу нәтижесін ұсынды. Ақпаратқа сүйенсек, роботтар әйел адамдардың жұмысын 40 пайызға қысқартса, ер адамдар қызметі 38 пайызға кеміген. Бұл зерттеуде еңбек нарығына жасанды интеллектінің енгізілуі, ІЖӨ көрсеткіші мен мемлекеттегі өндіріс сияқты факторлар есепке алынған. Осы жерде жұмыстан қысқарғандар не істейді деген сұрақ пайда болады. Сонда жасанды интеллект адамзаттың жұмыссыз қалуына себепкер ме? Жұмыстан еш сұранбайтын, ауырмайтын, жалақы сұрамайтын жасанды интеллект кәсіпкерлер үшін тиімді. Бірақ жасанды интеллект жаңа мүмкіндік тудырады. Жасанды интеллекттінің тілін түсінетін, технологиядан хабары бар маманның сұранысқа ие болатыны сөзсіз. Сонымен бірге бағдарламалау тілін білетін жұмысшының жалақысы да сәйкесінше жоғары болатынын ойласақ, жасанды интеллект еңбек нарығына ғана емес, мамандар даярлауға да әсер етпек.
Қауіп-қатері аз болмаса да, сарапшылар мен ғалымдар жасанды интеллектінің адам орнын толықтай басып, тіпті адамды басқаруы мүмкін емес екенін айтады. Өйткені жасанды интеллектінің жүрегі саналатын «машина IQ-і» ұғымы адам баласының IQ-інен өзге дүние. Google DeepMind компаниясы жасанды интеллект пен адамның мүмкіндіктерін салыстыру үшін көптеген сынақ жасаған болатын. Олардың нәтижесінен жасанды интеллект белгілі бір бағытқа арнайы жасалатынын көре аламыз. Медицина, логистика, өндірісте қолданылатын роботтардың бір-бірінің орнын ауыстыру мүмкін емес. Бұлар – тар алаңдағы арнайы бағдарламалар.
Жоғарыда айтып кеткеніміздей, машиналардың адамның ісін үйренуге 20 жыл қажет еді. Бірақ 65 жыл өтсе де, толық адамды ауыстырған деңгейге жете алмадық. Адамзат әлі де жасанды интеллектіні дамытуға күш салып жатыр. Ал ғалымдардың болжауынша жасанды интеллектінің «жалпы» және «супер» деп аталатын тағы екі кезеңі бар. Өнер үйреніп, сурет салу былай тұрсын, адамдар сияқты эмпатияға да ие болатыны күтіледі. Бұл қашан іске асары белгісіз. Қандай жағдайда да, жасанды интеллектіні адамзат инновация құралы, жұмысты жеңілдетудің тәсілі ретінде ойлап тапқанын естен шығармаған жөн.
Егемен.кз