Cәрке батыр
Тәуелсiздiк алғаннан берi төл тарихымыздың қатпар-қатпарларын зерттеп, зерделеп, елi мен жерiн жаудан қорғаған батырларымызды түгендеп келемiз. Әсiресе XVII-XVIII ғасырлардағы жоңғар шапқыншылығы кезiнде қазақ халқының тағдыры таразыға түскенi анық. Сонда «жаудан жерiмiздi қорғап, ел бола аламыз ба, бола алмаймыз ба?» деген сауал ел билеген жандардың, батыр бабаларымыздың көкейiнде тұрды. Олар тек бiрлiктiң арқасында ғана жеңiске жетуге болатынын біліп, елден қол бастаған батырлар шықты. Солардың қатарында XVII-XVIII ғасырлардағы Ұлт азаттық қозғалысы қолбасшыларының бірі болған Өмірқұл баласы Сәрке батырдың есімі исі қазақ жұртына таныс.
Өмірқұл Кіші жүздің Жетіруындағы Табынның Есенбай аталығынан шыққан ауқатты бай кісі болған. XVII ғасырдың 90-жылдарында Табын Өмірқұл бай қазіргі Ташкент қаласының төңірегінде жаз жайлауда отыратын. Жерден-жерге, таудан-тауға сыймай жататын ылғи көкала, шұбар жылқының иесі болыпты. Шыршық өзені бойын мекендеген Өмірқұл байдың малының, әсіресе жылқысының көптігі сондай, өзеннің төменгі ағысындағы жұрт аяқ астынан өзен суы сарқылып қалған жағдайда «Е, Өмірқұл байдың малы суға құлаған екен ғой» деп отырады екен.
Иә, осыншама орасан көп малдың иесі армансыз болмайтын. Өмірқұл байдың балалары баршылық болғанымен, іс-әрекеттеріне, мінез-құлықтарына кеуілі толмай, іштей тынып, шерменде болып жүретін-ді. Сол Өмірқұл бай заманында қазақ ордасы, әз Тәуке хан ордасы “Күлтөбе” деген жерге тұрақтаған-ды. Бұл төбенің “Күлтөбе” аталу себебі сол замандарда түнемелік жан-жақтағы ел мен әскери қолбасыларға төбелер басына от жағу арқылы белгі беріп, бұйрықтар жеткізілетін. Сондай бұйрықтар мен тағы басқа жарлықтарды сол заманда оттың көлемінен, жарықтың санына қарай түсінетін.
Өмірқұл байдың қисапсыз көп жылқысынан Әз Тәуке ханның әскеріне ат даярланатын. Жылқыны тай күнінен тасқа байлап, әбден езіп әскери әдіске, мініске үйреткен. “Бестісінде” ханның арнайы кісілері келіп, таңба салып, сыннан өткенін сатып алып отырған. Күндердің бірінде Өмірқұл бай туыстарына, хан ордасына бармаққа ойы барын жариялап, даярлық жүргізеді. Төрт түлік малдан кеңестегі билерге сыбаға даярлап, саба-саба қымызын жібереді. Тағы да басқа сияпаттарын алып, Өмірқұл бай Ордаға аттанады. Ордадағы Пір Мүсірәлі сый-сияпатты қабылдап, халыққа қалдырмай бөліп береді. Содан Өмірқұл байдың бұйымтайын сұрапты. Өмірқұл бай соншама мал-жанның иесі етуші, есен-амандығын сақтаушы бір Аллаға разы екенін айта отырып, өзінен туған балалары Құдай берген малға ие болғанымен қол бастайтын батыр ұлдың керектігін айтады. Мүсірәлі әулие: “Бір Аллаға сыйынып, “Сәркедей ұл берді, ел бастайтын, Қарқарадай қыз берді, көш бастайтын. Аллаға разы бол”, – деп бетін сипапты. “Алла қосса келер жылдары балалы боларсың, ұлдың атын Сәрке, қыздың атын Қарқара атарсың, Алланың ризалығымен Сәркеге бересің” деп қолына «жасыл» туды ұстатыпты.
Бұл туралы Шоңбай Жұбанұлының шежіресінде:
– Өтеуден туған екен Өмірқұл бай,
Асулы ет қазанында, қайнаулы шай.
Қареке, Қалман менен Құлшық туып,
Сәркені үшеуінен көріпті жай.
Былайғы үш баласы момын болып,
Әркімдер бір билепті олжасындай.
Осыны Өмірқұл бай азар көріп,
Сопыны мазалаған барып қоймай.
Келеден бура, жылқыдан айғыр алып,
Тірілей дізіп барған бірін соймай,
Тілегің осы болса депті Пірі,
Қыз бердім қол бастайтын Қарқарадай.
Ұл бердім ел бастайтын Сәрке деген,
Кідірмей қайт депті енді мазамды алмай.
Сол Сәрке батыр болды жұртқа мәлім,
Талайдың кетірген ол суға салын.
Қалмақпен, Қоқан менен Қарақалпақ,
Күйзелтіп олжа етіп алған малын.
Қалмақпен қарсыласып неше жылдай,
Айдатып алған екен жан мен барын.
Әз-сопы Мүсірәлі бергеннен соң,
Дұшпанға тарттырыпты қайғы-зарын, – деп, бұл тарихи оқиға өлең-сөзбен суреттеліп жазылған екен.
Өмірқұл бай қуана-қуана еліне қайтады. Әулие Мүсірәлі айтқандай, ХVII ғасырдың 90-жылдарында Өмірқұлдың әйелі қыз туып, қыздың атын Қарқара, онан соң ұл туып, атын Сәрке атапты. Өмірқұл бай баласы Сәрке мен қызы Қарқараға қазақи тәрбие беріп, Бұқара мен Үргеніштен оқымысты кісілер алдырып оқытады. Сәрке мен Қарқара өте зерек, шалт қимылды, алымды балалар болады. Қаз тұрып жүргеннен бастап балаларды ат арқасына айылдап таңып, ашамайға отырғызады. Келе-келе ат құлағында ойнайтын нағыз шабандоздар болыпты. Бір күндері Өмірқұл бай Алаштың ең қадірменді ақсақал-қолбасшылары қарт Текей батырды, Әз Тәуке ханның жасынан тәрбиешісі болған “Аталық” Бидас батырды қонаққа шакырады. Қонақтары Текей мен Бидасты Өмірқұл бай бірнеше күн аялдатып, тынықтырып, кеуілдерін сергітеді. Олар ауыл балаларының өнер-білімдерін тамашалап, бір жасап қалады. Текей, Бидас ақсақалдар Сәрке мен Қарқара қыздың өнер-білімдерін қызыға тамсанып, өнеріне разы болыпты. Екі баланың келешегіне үміт артып, батасын береді.
Соңыра екі баланы өздері ұйымдастырған Ордадағы әскери мектепке алдырады. Бұл мектепте даңққа бөленген қолбасшылар, соғыс өнерін үйрететін, ғылымды, сопылық ілімнің қыр-сырын ұқтыратын оқымыстылар дәріс берді. Мектеп қабырғасында тәлім алған Әбілқайыр, Абылай, Бөкенбай, Есет, Сәрке, Есенгелді, Бәйтен, Сәлтеке, Тайлақ, Майдан, Рысымбет, Қабай, Кеген, Жәнібек, Қожаберген, Қабанбай, Бөгенбай, Қарасай, т.б. қолбасшылар мектеп илеуінен өтті. Бұл мектепті алғаш ұйымдастырушы әз Тәуке ханның тәрбиешісі, Бидас “Аталық” болатын. Ол осы мектептің өле-өлгенше қамқоршысы болды. Мектепті толық оқып, сардар дәрежесін алған Сәрке мен Қарқара қыз соғыс өнерінің нағыз қаһарман білгірі болып жетілді. Қарқара қыз талай шайқастарға қатысып, қаһармандықпен соғысып, қол бастады. Кейін өздерімен қыз алысатын Табын руынан шыққан жігітке ұзатылып, Барақ, Асау атты қазақ батырларын дүниеге әкелді.
***
Мүсірәлі пірдің батасынан болған Қарқара қыз өте алғыр, білімді болып, қатарынан оза туады. Жасынан жорықтарға қатысып, жауына есесін жібермейді. Қыз 17-ге келгенде “Қарақойлы” табында Сатыпалды дейтін бай Өмірқұл байға кұда түсіп, Қарқараны алады. Ұзатылып кетер кезінде Қарқара еркеліктен Мүсірәлі әулиенің Сәркеге арнап берген жасыл туын жасау ішіне салып өзімен алып кетеді. Бұл оқиғадан бейхабар бала Сәрке құрбы-құрдастарымен ойнап-күліп, алаңсыз өсіп келе жатады. Аса қарулы, қысқанда сүйек сындыратын шалт қимылды Сәркенің ойынынан қатарлары мертігіп қала беріпті. Сондай сәттердің бірінде, мертіккен баланың шешесі баласына ара түсіп, Сәркеге:
– Босқа алысып, қағынғанша, ана Қарқараның жасауымен кеткен туыңды барып алмайсың ба?! – депті.
Әлгі сөздің анық-қанығына жеткен соң Сәрке Мүсірәлі берген жасыл туды қуып, Cыр елінен Ақтөбедегі апасы Қарқараның ауылына жол тартады. Сағынысып табысқан апа-жездесінің төрінде аунап-қунап біраз күн жатады.
Апасы Қарқараға Сәрке Мүсірәлі әулие берген жасыл туды біраз бауырында сақтап мауқын басқанын, ендігі жерде өзінің ер жеткенін, туына келгенін айтады.
Қарқара батыр ағынан жарылып, қасиетті туды азамат болған Сәркеге табыстапты.
Соңыра Сәрке жарықтық теңдесіз ерлік жасап, соғыста мерт болған соң Қарқара Сәркеге бата жасап, төркін жұртына кеуіл айта келіп, Сәркенің жасыл туын қалап алыпты!
Қарқараұлы Барақ батырдың “жасыл тулы” атануы содан болды. Батыр Барақ Сатыпалдыұлы “Барақ” дастанында екі шумақ жыр айтады. Онда:
– Кіші жүздің ішінде
Табын дейді затымды.
Сатыпалды баласы
Барақ дейді атымды.
Шешемнің аты Қарқара
Жібермен жауға ақымды.
Алты Алашқа белгілі
Нағашым Сәрке батыр-ды, – деуі Сәркенің қандай тұлға болғанын меңзеп, ұлы батырдың бейнесін көз алдымызға келтіреді.
***
“Ақтабан шұбырынды” атанған қазақ халқына келген нәубетті басынан өткеріп, әдепкі күннен бастап жаумен айқасқа түскен Сәрке батыр – өмірінің соңына дейін қаруын тастамаған қазақтың хас батырының бірі. Шамамен 1720-1730 жылдары аралығында қалмақ бектері Жоршын мен Тайшы бастаған 35 мыңдық қалмақ қолы шегінген қазақ қолын өкшелеп, қазіргі Жезқазған өңіріндегі Білеуті, Бұланты өзендерінен өтіп, Қарақұмның “Ұлы құмындағы” жықпыл-жықпыл құмға дендеп кіреді. Қазақ қолын басқарып келе жатқан Әбілхайыр ханның қалмақты құмға енгізу арманы еді.
“Ұлы құмда” ат бауырын жазып, соғыс салатын кеңіс дала болмайтын. Бір-бірінен аумайтын өркеш-өркеш құмдар қазақ баласын құтқаратын нағыз қорған деседі. Қалмақтар мұндай жан-жағын бағдарлауы қиын, қорыс, ат бауырын жаздырмайтын құмда соғыс жүргізуге даяр емес-ті. Бұл жағдай дамылсыз соғыста келе жатқан қазақ қолбасшысына бір сәт стратегиялық ойға берілуге кеңшілік тудырады. Әбілхайыр хан кеңес жүргізе отырып, оң шешімге келеді.
Сәрке батырмен оңаша қалып, батырға қол астындағы Кіші жүз Жетіру қазақтарынан құралған жеті мың әскерімен тосқауылда қалуына бұйрық береді. Әбілхайыр хан бұйырады: “Сәрке батыр, мына қалың қалмақты он екі күн осы жерден жылжытпайсың. Құдай қалап, амандықта болсам, мен де жетермін”, – дейді. Сонда Сәрке: “Хан, он екі күнің ұзақ қой, біздің жаназамызды шығарып кет” дейді. Хан Әбілхайыр осы жердегі молдаға жеті мың адамның жаназасын тірілей шығартады.
Сәрке күрең жүзді, күрең көзді, күрең қызыл шашты, сом-сом денелі шырайлы жігіт болды. Қорқуды білмейтін, жеке-дара ер болатын. Әбілхайыр хан Табын Бөкенбай батыр мен Тама Есет батырды кеңесші ағалыққа даярлады. Елубасылар қара Кете Ұлтай мен Кегенді жүз адамымен, Қаратамыр Есенғұлды елу адамымен, Кішкене Шекті Киікбайды елу адамымен, Алтын Сәлтекені екі жүз адамымен, Табын Бәйтенді Сәрке батырдың жанпейіл қорғаушысы етіп қалдырады. Қалған әскерімен Әбілхайыр Арқадан ауып, Қарақұмның қойнына кірген, одан әрі Жаңадария, Сыр бойына еніп кеткен. Аралдың қолтық-қолтығындағы қазақ жұртының артынан ат шаптырып, кеудесінде жаны бар қазақ маған жетсін дейді. Нұрадағы Алтықұдық, Қыземшек, Бәйбіше тауының етегіне ту тігеді. Осы жерде отырып, әскер жиып қанды соғысқа дайындық жүргізеді.
Сәрке батыр өзі тосқауылда қалған “Шилі” деген жерде қалмақтың сілесін қатырып, қаша ұрысқа салып, құмға обықтырып, артынан орағыта тиіп, бірден көп әскер жұмсауға мүмкіндігі жоқ төбе-төбеге тығып, үлкен жеңіске жетіп, әбден мейманасы тасыған қалмақты тоба қазығына таяйды. Қазақтың шексіз көп әскеріне жолықтық деп құмға кіріп, арандап қалғандарын Жоршын мен Тайшы кештеу сезеді. Енді қалмақтар құмдағы әскеріне Бұланты, Білеуті өзендеріне қарай шегінуге бұйрық береді. Сәрке батырдың әскербасы батырлары қалмақтың алдын орап, еркін шегінуіне мүмкіндік бермейді. Осылай күні-түні жүргізілген соғыста он екі күн өтеді. Қалмақ болмаған қырғынға ұшырап, Сәрке бастаған қазақтың да қатары сиреп, күнбе-күн, сағат сайын әлсірей бастайды, он бес күн өтеді. Қалмақтар бас-көзге қарамай шегініп, Бұланты өзенінің жағасындағы биік төбенің басынан Жоршын мен Тайшы майдан даласына қарап тұрып Сәркенің соғыс өнеріне, ат төбеліндей қазақтың қалмаққа бөрідей тиіп жүргеніне таңдай қағады. Бұл қазақ Сәркенің қалмақ қолымен он жетінші күнгі шайқасы еді. Кейін Бұланты өзеніндегі Сары Төбе “Сәркенің сары төбесі” делініп, басына ақ тас қойылады.
Сәрке жарықтық ақырғы шабуылына шығып, қалмақтың қалың әскерін бұза-жара Сары төбенің басындағы қалмақ бектеріне тура салады. Төбе басында тұрған Жоршынның қақ жүрегінен көк сүңгіні қадап үлгерген Сәрке батырды қалың қамыстың артына жасырынған қалмақтың арнайы жасақ мергендері бабамыздың арқа тұсынан атып, мойын омыртқасына тигізеді. Ешбір жаудан жеңіліп көрмеген батыр бабамыз қалмақ қолбасшыларымен бірнеше мәрте жекпе-жек өткізіп, барлығында жеңіске жеткен. Мұны көрген жау жендеттері Сәрке бабамызды ту сыртынан атып өлтіруді жоспарлап, батырдың оңаша қалған сәтін тосады да арқа тұсынан оқ жаудырған екен.
Сәрке бабамыз жаудың қаны қазақтың жерінде қалмасын деген қағиданы ұстанып көбінесе қол шоқпарымен жауға жайратып отырған. Ат жалын құшқан қолбасшының тізгіні қолына тиген Есенғұл атты жетегіне алып “Алаштап айқайды салады” дейді. Бұларды байқап қалған Кеген мен Шымырбай, Алтын Сәлтеке батыр, Шекті Киікбай Сәркені қорғанына алып жүреді. Он жетінші күнгі айқас кезінде Әбілхайыр хан да жеткен еді. Сәрке батырдың серіктерінен санаулы адам тірі қалады. Хан жеткенше жауды жайратып үлгерген Сәрке бабамыз мойын омыртқасынан алған жарақатынан қалмақ әскерлерімен арада болған үлкен шайқас үстінде Қарақұмның «Сәрке Ақшиінде» 44 жасында қаза тапқан. Батырдың мүрдесін бастапқы кезде Қарақұмға уақытша аманаттап қояды да кейіннен Табын руының теке аталығынан шыққан Жүзжасар би бастаған азаматтар мүрдені қазіргі Қорқыт ата қорымына қайта жерлеген екен. Бүгінде сол қорымда Сәрке батырмен бірге оның баласы Ағайдар, немересі Байқадам мен шөбересі Сейіл батырлар мәңгілікке мекен тапқан.
Әбілхайыр хан жетісімен батырға қарсы келуге батылы жетпей, ту сыртынан оқ атқан қалмақ атауын (Қалмаққырылған) жарға жығып, қынадай қырады. Осы жеңіс қазақ халқының рухын көтеріп, “қалмақты да жеңуге болады екен-ау!” деген ойға бекітіп, жүректеріне сенім орнатады. Ол тарихта “Қалмаққырылған” шайқасы деген атпен қалды. Бұл қаһарлы соғыс бас-аяғы отыз алты күнге созылып, қазақтың толық жеңісімен аяқталады.
Сәрке батыр – қазақ халқының біртуар, қайталанбас тұлғасы. 1720-1730 жылдары аралығында Бұланты, Білеуті өзендері мен Қарақұмда болған қазақ, қалмақ арасында өткен қырғында мерт болған баһадүр батыр бабамыз Сәркенің немересі Байқадам батыр атағы жер жарған сонау Мәскеу хандығына дейін мойындатқан би әрі батыр болғаны белгілі. Байқадамнан Сейіл батыр туады. Сейіл батыр мен Бұқарбай батырдың ерлігі мен азаттық жолындағы жойқын жорықтары жөніңде тарихи жазбалар көптеп кездеседі. Бұл батыр бабаларымыз жайында Жайық Есіркепұлының «Сәрке батыр», Мәдібай Байтөреевтың «Байқадам батыр», Жақсылық Адамбаев пен Раушанбек Смағұловтың «Киелі жерім – Ақсуым» атты тарихи кітаптарында тарқатылып, кеңірек баяндалған. Сонымен бірге Камал Бердаулетов, Ахат Жанаев, сондай-ақ 2002 жылы “Халық” газетінде жариялаған Арыстанбек Қонысұлының «Азаттық қозғалысы және Сәрке батыр», қармақшылық Майдан Түйімбетовтің (“Халық” газетінің сайты) «Табын Өмірқұл бай» тақырыбындағы ауқымды мақаласында да батыр бабамыз жайында тың деректер кездеседі. Сәрке бабамыз жайында жазылған бұл мақаламыз да осындай тарихи жазбаларға негізделіп жазылды.
Нұрсұлтан ҚАЗБЕКОВ,
Жалағаш ауданы.