ҚҰДАЙЫ ҚОНАҚТЫҢ ҚАДІРІН БІЛЕЙІК
Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Егер жаңғыру елдің ұлттық-рухани тамырынан нәр ала алмаса, ол адасуға бастайды» деп ұлттық жаңғырудың негізгі алғышарттарын айқындап берді. Яғни «замана сынынан сүрінбей өткен озық дәстүрлерді табысты жаңғырудың маңызды алғышарттарына айналдырмай» жаңғыру, жаңару мүмкін емес. Осындай тамыры терең кеткен, тарихымен бірге жалғасып келе жатқан рухани байлықтың бірі – қазақтың қонақжайлығы. Осындай қанда бар қасиетті берік ұстанып, ұрпаққа ұлықтап отыру маңызды шаруа.
Қазақ үйіне қонақ келсе, онымен қосыла «құт кіреді» деп есептеген. Олардың ішінде құдайы қонақты аса қатты қадірлеп, төрге отырғызып бар мәзірін ұсынған. Cебебі, «құдайы қонақты құдай жіберді» деп пайымдаған. Құдайы қонақ күту жайы қазақ халқына ғана тән ерекше қасиет – қонақжайлылықтың нышаны. Құдайы қонақ деп арнайы шақырылмаған, жол-жөнекей келе жатып түстеніп немесе бір күн түнеп шығатын қонақты айтады.
Құдайы қонақ - шалғай елден, алыс жерден жолаушылап жүріп сапарында көлігі болдырып немесе жолдан адасып, шаршап, тынығу үшін қонған тосыннан келген бейтаныс адам.
Қазір ондай қонақтар бар ма? Танымайтын үйде несі бар? Қонақүйі жоқ елді мекендерде болмаса, қалалық жерде кездейсоқ адамдарды үйіне кіргізіп, тамақ беріп, қондыру мүмкін емес. Себебі, адамдарда бір-біріне деген сенім жоғалған.
Екіншіден, құдайы қонақтың сыйы мен қадірін, абырой-беделін бұрын да болған қазірде бар қыдырма, қылқыма, кезбе қонақтар кетірген. Қазіргі кезде де қазаққа ең сыйлысы – арнайы қонақ. Ол әдейі шақырылған ағайын-туыс, дос-жаран, көрші-көлем, құда-құдағи, сыйлы, құрметті кісілер. Қадырсыз, қыдырма қонақ дегеніміз үйден-үйді, ауылдан-ауылды кезіп, ерігіп желіккен, үлкенге сәлемшіл, кішіге баташыл, әжені аялап, жеңгені паналап, ағаға жол, ініге жел бергіш «кіріп-шық» кезбе қонақтарды осылай атайды. Кеңес дәуірі кезінде жаппай ішімдікті тұтынатын қоғамда мұндай айтшылап кететін «кезбе қонақтар» көп болды. Қазір мұсылмандықты ұстана бастаған қазақ қоғамында біртіндеп сиреп келеді.
Қылқыма қонақ дегеніміз де бар. Ол ауыл ішіндегі, үй аралығындағы түтіні түзу шыққан үйді торып, құлқынын тойдыру үшін қолына тигенін, аузына түскенін қылқытып жалмай беретін ашқарақ, ар мен ұятты белге буған тойымсыз, елеусіз қонақ. Мұндай қонақтар сирек болса да әлі кездеседі.
Оған қоса, құтты қонақ дегеніміз де бар. Қазақ халқында: «Құтты қонақ келсе, қой егіз табады», – деген нақыл бар. Бұл мейман келген кезінде түскен отбасында бір жақсылық, қуаныш болатын қонақ.Немесе осындай бір қызықшылықтың үстінен түсетін жұртқа сыйлы баталы кісілер. Бұл меймен ел ішінде сыйлы қадірменді ақсақалдар мен елге беделді лауазым иелерін айтуға болады. Ертеде ерулікті қонақ деп қоныста отырған ауыл үстіне көшіп келген отбасын құрметтеп, ерулік асқа шақырылған қонақты осылай атайтын болған. Қазір бұл үрдіс қалалы жерлерде бар. Ондағы жаңа үйге кіріп жатқан көршілер бір-бірін шақырысып, дәм татқызып, кейін туыстардай араласып, сыйласып кетеді.
ТАҚЫРЫПҚА ТҰЗДЫҚ
Бірде Сырым батыр үйіне қонып отырған қадірменді қонағы Төленді биден:
– Биеке, қазақтың қонағы неше түрлі болады?, – деп сұрапты.
– Қазақтың қонағы төрт түрлі болады: біріншісі – арнайы қонақ, екіншісі – құдайы қонақ, үшіншісі – қыдырма қонақ, төртіншісі – қылқыма қонақ.
– Ал оны қалай айырамыз?, – дегенде: «Арнайы қонағымыз, алыстан арнайы келген жақын туыс, нағашы, жиен, құда, күйеу, қайын сияқты жекжатың немесе сүйікті достарың, жақсы жолдас-жораң. Міне, бұл - нағыз сыйлы қонағың. Құдайы қонағымыз, өзің танымайтын, білмейтін шалғай елден, алыс жерден жолаушылап жүріп, ат басын тірей қалған тосын да бөгде қонақ. Міне, бұл - нағыз сауап қонағың. Қыдырма қонағымыз, ерігіп те желігіп үйден-үйді, ауылдан-ауылды кезіп, сөз аңдып, өсек теріп, қымыз ішіп, ет жеп жүрген сандалма қонақ. Міне, бұл - нағыз далбаса қонағың. Қылқыма қонағыңыз, үй арасындағы, ауыл ішіндегі түтіні түзу шыққан үйді торып, өзінің құлқыны үшін аузына тигенін қылқытып жіберіп, басы ауған жаққа тарта беретін көлденең қонақ. Міне, бұл - нағыз сұғанақ қонағың», – депті, көпті көрген көне би Төленді қарт.
«ҚЫРЫҚТЫҢ БІРІ – ҚЫДЫР»
Қазақ мәдениетінде үйге келіп түсетін көп қонақтың ішінде арнайы шақырылған, той-жиынға келген, тағы басқа осындай қонақ түрін ерекшелеп бөліп алып, оған айрықша құрмет көрсетіп, қадірлеуінің ахлақтық қана емес, тарихи-әлеуметтік, тіпті елдік те маңызы зор.
Аңызға сүйенсек, Алаша хан ұлдарына ұлан ғайыр жерді мирасқа қалдырып, сол иен байтақ аумақта бір-біріне еркін қатынасып тұру үшін балаларына кез келген ұзақ жолдан түскен қонақты ерекше құрметпен қарсы алып, шығарып жолға салуды өсиет еткен екен. Тіпті үш ұлына берген еншіден бөлек төртіншісін – қонақ еншісін де белгілеген деседі. Оны Алаштың бөлінбеген еншісі деп атайды. Яғни, исі қазаққа ортақ несібе. Содан бері қазақ түсінігі бойынша әрбір жолаушы адам – «құдайы қонақ». Оны дәм-тұзымен қарсы алып, ақ төсек салып қондырып, жол мұқтажын беру әр қазаққа міндет саналған. Тіпті құдайы қонақтың қонағасысы берілмесе, сол елдің биіне барып, арыз айтып, кінәлілерден «ат-тон» айып алатын тәртіп болған.
Сөйтіп, құдайы қонақ институты қазақтардың үлкен территорияны емін-еркін жайлап, бір шетінен екінші шетіне қиындықсыз қатынап тұруына мүмкіндік берді. Құдайы қонақты күтудің өз ерекшеліктері болған. Үйге түскен қонақ ешқашан атпен шауып келмеген. Себебі, мұндай қылық жаманшылыққа бастайды деп есептелінген. Қонақ үйден сәл алыстау жерден аттан түсіп, үйдің артына жақындағанда, «сөйлес» деп үй иелерін шақырады. Үй иелерінің сұрағына «құдайы қонақпын» деп жауап бергеннен кейін, үй иесі оны алдымен есіктен кіргізіп, соңынан есікті жабады. Бұның астарында қонақпен кірген құтты ұстап қалу ниеті жатса керек, осымен байланысты үйден шығып бара жатқанда да қонақты үй иесі алдымен шығаратын болған.
Құдайы қонақтан қорықпайық. Оны құдаңдай күту – ғасырлардан келе жатқан, уақытпен сыналған берік дәстүріміз.
Иса Беркімбай