Астамшылық абырой әпермейді
«Өлу үшін туғансың ойлан шырақ» деп Абай атамыз айтқандай, қандай әулет болмасын ертелі кеш бұл жайды басынан кешері сөзсіз. Қайтыс болған адамын арулап, жерлеп, ақтық сапарға шығарып салу – мұсылманның қастерлі міндеті. Қазақ халқының қаза болған адамды жерлеу салттары шариғат қағидаларымен атқарылып келеді. Жерлеу рәсімдері мен құдайы ас беру үшін сабылып қаржы іздеу, қарыз алып дастарқан дайындау – Ислам шариғатында талап етілмеген іс. Ел аузында «қаралы үйде қазан көтерілмейді» деген сөз бар. Қонақтар үшін арнайы дастарқан жайылып, қазалы жандарға ауыртпалық түсірудің жөні жоқ. Мәйітті бірнеше күн жатқызып қойып, тек қонақ күтудің қамына кірісу үлкен күнә болып есептеледі. Тағамды туған-туысқандары, жора-жолдастары немесе көршілері үйінде дайындауға болады.
Құдайы ас беру кезінде сапта тұрғандарға шапан, ақша тарату, ас та төк дастарқан дайындау тыйылмай келеді. Бұл дұрыс емес. Елден асайын деп байлығын паш етіп бәсекеге бағытталған астардың сауабы шамалы. Сондықтан қайтыс болған жанның атынан берілетін садақа дастарқанын жасауда ысырапшылдыққа жол бермеу керек. Сонымен бірге кейбір қалталы азаматтар қомақты қаржы шығарып, қайтыс болған адамдарына арнап күмбез салып, көктас қоюды әдетке айналдырды. Бұл да ысырапшылдыққа жатады. Қабірдің үстіне зәулім күмбез салу міндетті емес. Одан гөрі дұға бағыштап немесе жетім-жесірлерге көмек беріп сауап іс жасаған жөн.
Алла тағала Құран Кәрімде ысырап жасағандарды сүймейді деп айтылған. Сол сияқты жыртыс жырту, киім үлестіру, садақа таратуға тыйым салады. Шариғатта ысырап жасау үлкен күнә болып есептеледі. Ысырапшылдыққа жол бермеу мақсатында садақаларда ет, жайма немесе күріш, нан, бауырсақ, шелпек, қант, құрма, шай, сорпа, құрт, ірімшік, жент, талқан, сөк секілді тағам түрлері қойылады.
Жуырда бір құдайы асқа жиналған кісілердің бір-бірінен «асқа сиыр сойып па, әлде жылқы сойып па?» деп сұрап жатқандарын есітіп қайран қалдық. Сонда олар асқа сиыр малы сойылса бармай ма екен?! Шынымен де ас-тойларға ақ тілек пен сауап үшін емес, байлығы мен мансабына, дастарқанына қарап тамақ үшін баратын дәрежеге жеткеніміз бе деген ой да жиі мазалайды. Байлығына қарап бағалайтынымыз, жағдайына қарамай дастарқанын көріп сынайтынымыз өкінішті-ақ.
Соңғы кездері ел арасында айтылып жүрген тағы бір мәселе, кейбір ауылдардың жасы үлкен ақсақалдары жаназа намазға шақырылса, арнайы автобус жіберіңдер деп міндетсініп келмей қалады. Сосын қайтыс болған қазалы үйдің иесі қарыз алса да қалтасынан қаржы шығарып, автобус жалдап жібереді. Сол автобус әлгі зиялы қауымды ауылына барып алып келеді. Жаназа намаз өткеннен кейін тағы да ауылына апарып қайтып үй иесін екі есе шығынға отырғызады. Бұл мәселенің тағы екінші жағы да бар. Қаралы үйдің иесі ешкім мәжбүрлемей-ақ жаназа намазға қатысу үшін өздері ауыл адамдарына автобус жалдап жібереді. Демек, бұған өзіміз де кінәліміз, бұдан былай ондайға тыйым салынған жөн. Шариғатта жаназа намазында уақыт күттірмейді. Мәйітті жуындырып, кебіндеп болған соң жаназа шығаруға асыққан жөн. Жаназаға қатысуға ешкім мәжбүрленбейді. Бірақ қатысқан кісі мол сауап алады.
Алла тағала осы пәни жалғанда өмірмен қатар өлімді де жаратты. Өмір мен өлім адамдар үшін үлкен сынақ. Жаназа намазында құдайы астарда бей-берекет ақша жұмсап шашылмай, ысырапшылдықтың алдын алғанымыз абзал.
Серік БЕРТАЕВ.