» » » Көк түріктер мен аудан қазақтарының жерлеу рәсіміндегі ұқсастықтар мен кейбір өзекті мәселелер

Көк түріктер мен аудан қазақтарының жерлеу рәсіміндегі ұқсастықтар мен кейбір өзекті мәселелер


Халқымыздың мыңдаған жылғы мұраларын зерттеген ғалымдар ең әуелі шет мемлекеттердің архивтері мен музейлерінде түпнұсқалары сақталған дереккөздерге сүйенетіні сөзсіз. Аталған материалдардың ішінде бабаларымыздың жерлеу рәсіміне қатысты: «Өлген адамның денесі киіз үйге жайғастырылады. Балалары, немерелері және туыс-туғандарының еркек-әйелі жиналып, асына жылқы, қой сояды. Құрбандық малын алып келеді. Ат үстінде киіз үйді жеті рет айналып шықаннан кейін, үйге кірерде беттерін пышақпен тіліп, дауыс қылады, қанды жас ағады. Осылайша жеті рет қайталап барып тоқтайды» делінген деректер арқылы бұл әдеп-ғұрпымыз үзілмей келе жатқанын байқаймыз.
Біздің жерлеу рәсіміміз бірнеше кезеңдерден тұрады. Ең әуелі қайғылы хабарды туғандарына жеткізу үшін – естірту айтылған. Бұл жосынды сөз құра алатын кісілер орындайды. Қаралы, қазалы үйге қарай дауыс шығарып келген соң жоқтау айтылады. Жоқтауды қара жамылып отырған шаңырақтың әйел кісілері орындайды. Күн батқан соң жоқтау тоқтатылады. Жоқтаудан кейін жұбату айтылады. Жұбатудан кейін көңіл айтылған соң дауыс айту ұзағырақ орындалады. Дауыс айту жыл бойы орындалады.
Қазақ халқының өлікті жөнелту жора-жосыны атам заманнан келе жатқан әдет-ғұрып. Бұл мақалада бабаларымыздың ерте орта ғасырлардан осы күнге дейінгі жерлеу салты салыстырмалы түрде ұсынылмақ. Ислам дінін қабылдағаннан соң бұл дәстүр сәл жаңартылғаны болмаса байырғы ата салтымызды аудан қазақтары осы күнге дейін берік ұстануда. Түрік қағанатында қағандар мен бекзадаларға қатысты айтылған бұл салтты салыстыра зерттейтін болсақ, төмендегі көптеген ұқсастықты байқауымызға болады.
Көк түріктер біріншіден, өлген адам­ның мүрдесін киіз үйдің оң жағына қояды. Астына шөп салады. Бет жағына шымылдық ұстайды. Қазір аудан қазақ­тары өлікті үйдің оң жағына қояды. Еденге құм, шөп төсейді. Шыбын-шіркейден шымылдық тағады немесе салқындатқыш қосып қояды.
Ат үстінде киіз үйді жеті рет айналып, үйге кірерде беттерін пышақпен тіліп, дауыс қылады, қанды жас ағады. Қазір адамы қайтыс болған үйді айналу рәсімі ұмытылғанымен, адамды немесе үйді айналғандарға, «Адамды, үйді айналма!», – деген тыйым сақталған. Ал бет тілу, дауыс қылып жылау сақталған.
Қайтыс болған патшаның дүние-мүлкін, малын түгелдей халыққа тара­тады. Біздің өңірде өлген адамның, әсіресе көп жасаған, сыйлы кісінің киімін тәбәрік, жыртыс ретінде туған-туыстарына таратады. Соңғы кездері қайтыс болған кісінің киген киімінің орнына сүйекке кірген адамдарға су жаңа киім үлестіріліп жүр. Осынымыз дұрыс емес. Ескі қазақы ұғыным бойынша қайтыс болған кісінің киген киіміне сол адамның өзіне ғана тән иісі, қасиеті, киесі сіңіп сол киімді иемденген адамға сондай құт-қасиет жұғысты болсын деп ырымдаған.
Бала-шаға, туған-туыстары киіз үй­дің алдыңғы жағында жерошақтың ма­­ңын­­да жылқы, қой сойып, өлікті жөнелту дайындығын жасайды. Өлген адамның жанына меншік атының кекілін, құйрығын шорт кесіп, тұлдап жылқыға жібереді. Оны жыл уағына дейін еш адам мінбейді. Арғы түріктер өлікті мініс жылқысымен бірге жерлеген. Одан соң мәйітті жылқының бас сүйегімен бірге жерлеу ғұрпына ауысып, бертін келе қайтыс болған кісінің мінген атын тұлдап, оның асына сойылатын болған. Осы күндері де аулада, жерошақ маңына мал сойып өлікті жөнелту дайындығын жасайды. Меншік атының кекілін, құйрығын шорт кесіп, тұлдап жылқыға жіберу салты ұмытылыңқырағанымен, бірен-саран жасайтындар кездесіп тұрады. Жылдығына сайланған жылқы күтімге алынады.
Ат жетер жердегі халыққа, туған-туыс, құда-жегжатқа хабар береді. Қазіргі кезде де халыққа, туған-туыс, құда-жегжатқа хабар береді. Келген туған-туыстар, ет жақын таныс, көңілдес адамдар «ой, бауырымдап», аттың екі жағына құлап, ат бауырына түсіп жылап келеді. Өлік жатқан ауылдың адамдары оларды аттан түсіріп алады. Қазіргі кезде, келуші ер азаматтар сыртта қаз-қатар тұрған ер кісілермен «Ой, бауырымдап», оң және сол кеуделерін түйістіріп көріскен соң армасын айтады. Үйде алқа-қотан отыра қайғырып сықтаған әйелдер бөлмесіне тізе бүгіп, жоқтау тыңдайды да көңіл білдіріп шығады. Ет жақын бауырлары әйел туыстарымен бір тізерлеп кеуде түйістіре көріседі.
Еркектер жылап, әйелдер дауыс салып, бет жыртып жоқтайды. Қазір еркектердің жылауы өте сирек кездеседі. Ал әйелдер дауыс салып бетін тіліп жоқтайтын салт сақталған.
Қазақтардың қазалы үйде жоқтау айтуы дүние жүзіндегі кез-келген ха­лықтың жерлеу және еске алу әдеп-ғұрыптардың ішіндегі ең ерекшесі деп қарауға болады. Себебі, аса қайғылы жағдайдағы отбасының, оның ішінде қайғырушылардың мұңын, қайтыс болған туысына қатысты айтылған өлең-жоқтау арнаулары шерінің тарқап, ес жиып бойларына қуат берері сөзсіз.
Ауылдың ұлы кәрілері күннің сәтін таңдап, өлікті шығару күнін белгілейді. Жаз маусымдарында өлікті бір күннен артық қондырмауды ойлайды. Бұл күндері де дәл солай.
Мүрдені жуып-шайып, шаш, тырнағын алып, ақыретке орайды. Қазір мүрдені үш қайтара жуып-шайғанымен шаш, тырнақтарын алмай үш жерден буып ақыреттейді.
Мүрденің жаназасын шығарып, үйден алып шығады. Қазір де солай.
Үйден мүрдені еркектер алып шық­қанда, әйелдер жоқтау айтып, күңі­реніп үйде қалады. Марқұмның қызы бетін жыртып қан шығарып жоқтау айтса, шешесі не әйелі отбасын қышқаш, көсеу­мен сабалап, жылап отырып қалады. Басқа әйелдер бұларды уатумен болады. Қазір де үйден мүрдені еркектер алып шыққанда, әйелдер жоқтау айтып, күңі­реніп үйде қалады. Жаназа оқылар кезде әйелдер есік алдында тізе бүгіп отырады. Марқұмның қызы жоқтау айтқанымен бетін жыртып қан шығаруы ұмытыла бастаған. Әйелі аулада тігілген киіз үйді қышқаш, көсеумен сабалап, жылап отырып қалатын кездер кездесіп тұрады. Басқа әйелдер бұларды уатумен болады.
Өлікті ақымдап қазған жерге жер­лейді... Мәйіт басын солтүстік-батысқа қаратады. Өлік көмілген соң, дұға жаса­лады. Аты-жөнін жазып, басына тас орна­тады. Қазіргі кезде де өлікті белге дейін қазған жерге жерлейді. Қазақтар өлік басын солтүстік-батысқа қаратқанымен, мұсылман болғандықтан жүзін құбылаға бұрады. Өлік көмілген соң құран оқылады. Басына белгі тас немесе қада қадап қояды.
Сүйекшілер ауылға келіп, беті-қолын жуып, тазаланып асқа отырады. Аруаққа дұға бағышталады. Қазір де сүйекшілер үйге келіп, беті-қолын жуып тазаланып асқа отырады. Аруаққа құран оқылады.
Жетісіне дейін сүйек шыққан үйде шырақ жағулы тұрады. Сонан соң жетісін белгілеп өткізеді. Қазіргі кезде жеті­­сі, қырқына дейін шырақ немесе электрожарық жағулы тұрады. Жетілігі қырқына дейін аптаның бейсенбі күндері өткізіліп тұрады.
Қырқын белгілеп өткізеді. Қазір де қырқын белгілеп өткізеді.
Жылдығында ат шаптырып, палуан күрестіріп ұлы жіңгір ас береді. Бұл асқа иесі өлген күні кекілі мен құйрығын шорт кесіп, тұлдап қоя берген аруақтың жанына балаған өздік атын сояды. Басын биік жартасқа шығарып қояды. Қазіргі күндері жылдығында немесе асында ат шаптырып, палуан күрестіріп ұлы асты ауқатты кісілер беріп тұрады. Асқа аруақтың жанына балаған өздік атын сояды. Құрбандыққа шалынған мал бас сүйегін аяқасты қылмай биік жерге шығарып іліп, қадап қояды.
Жылдығына дейін өлік жатқан молаға сандықша орнатып, сыртына қорған тұрғызады. Қазір де жылдығына дейін өлік жатқан молаға қорған орнатады. Қорған көбінесе төртқұлақ, күмбезді кесене, мұнара немесе ыспа үлгісінде тұрғызылады. Кесененің қас бетіне марқұмның аты-жөні, тегі жазылған көктас қаланады.
Бұл күні (жылы, асы) ерлер де әйелдер де бір киерлерін иығына іліп, қабір басына жиылады. Қазір де қабір басына әйелдер тек қырқынан соң ғана барады.
Жетімін жылатпай, жесірін қаңғытпай, өзіндік тәрбие үлгісімен ерекшеленген халқымыздың әмеңгерлік жолын аудан халқы осы күнге дейін ұстануда.
Қытайлардың б.з. ІҮ ғасырында қазақ­тардан сұрап жазып алған өлікті жөнелту дәстүрі біздің өңірдің дәстүрімен сәйкес келетіндігін байқауға болады. Аудан қазақтарының ұлттық жерлеу және еске алу әдеп-ғұрыптарының тек өлікті жөнелтуінде ғана шариғи өзгерістері болмаса қалған рәсімдерінің барлығы дерлік ислам дініне дейінгі наным-сенімге тән.
Байырғы түркілер мүрдені жерге орналастырғанда, басының астына шым­ немесе тастан жастық қоюы Моңғолиядағы көптеген молаларды қазған кезде анық­талған. Бізде көр қазу­шылар өлікті орна­ластыратын жерді сызып белгілеп, мәйітті қабіріне жатқызған соң жүзін құбылаға бұрып, туыстары белдемше шүберегіне бір-бір шымшым құм салып, шамамен бір уыстай топырақты өліктің сол иығының астына қояды. Бұл салт та көне түркілерде кең тарағаны анықталды.
Күлтегін, Тоныкөк секілді тағы басқа да ескерткіштер кешенінде қада тастар (балбал) орналасқан. Олардың кейбірі бірнеше шақырымға дейін, ондап, жүз­деп созылып жатыр. Ол заманда өмір­де атақты болған марқұмның жерлеу рәсіміне қатысушы ру, тайпа басылары бір-бір тас қадап кететін болған. Мысалы, “Мен табын тайпасынан бұл жерлеу рәсіміне қатыстым”, – деп ру таңбасын ойып қадап кететін болған. Қазіргі уақытта мәйітті жерлеген кезде жерлеуге қатысушы әрбір адам бірнеше күрек топырақ салады да қолындағы күректі кезек күтіп тұрған келесі адам қолына бермей жерге тастайды, міне осы жоралғыны бұрынғы ата-бабаларымыз қада тастар арқылы жасаған. Қазіргі түрі жеңілдеп, оңайланғаны, яки марқұмды о дүниеге аттандыруға қатысушылар қада тастардың орнына топырақ салу арқылы жерлеу рәсіміне қатысқандығын білдіретін ескі жоралғы жұрнағы.
Көк түріктердің тасқа қашап жазған деректерінде “Адам өлімінде мүрдені қай күні жерге тапсыратыны туралы жан-жаққа хабар жеткізетіндігі туралы атпен шапқылайды”, – деп көрсеткен. Қазіргі кезде мұны біздің өңірде хабаршы, шақырушы деп айтайды. Кейбіреулерге хабар жетпей қалса «өлігінен де шеттетті» деп, ренжіп қалады. Соңғы жылдары хабарды арнайы хабаршы-шақырушылар үй араламай-ақ заманауи байланыс құралдары немесе шақыру қағазымен білдіріп жүр.
Өлік шыққан үй әйелдерінің шашын жаюы қазақ әйелдерінің ұлттық жосыны. Қазақтар, әйел кісілерге, әсіресе қыздарға қайғы-қасірет белгісі деп күнделікті өмірде шашын тарқатып жүруге қатты тыйым салған. Өлім-жітікте ғана орындалатын шаш жаю ғұрпын осы күнгі қыз, әйелдеріміз сән үрдісіне айналдырып алулары, әлбетте өкінішті жайт.
Бабаларымыздың мәйітті жер қой­науына тапсыру және басын солтүстік-батысқа қаратып қою ежелгі ғұрып бойынша атқарылғанымен, қабірге пайда­ланылатын материалдар өзгеріске ұшыраған. Аудан қазақтары өлікті жер қойнауына тапсырған соң көрдің бетіне тақ санды бөрене немесе шпалдардың арақашықтығын түзей келе көлденең жатқызады. Оның үстіне қара қағаз немесе целлофан материалын төсеген соң бетіне ұзына бойы қалыңдығы бір қарыс шамасында қамыс яки пішен-шөп төсеп, оның үстін топырақпен көмеді. Топырақты тізеден асырмай ұзына бойы шошайтып үйеді. Көріп отырғанымыздай, аталған құрылыс материалдар құрамында химикаттар көп болғандықтан шариғи тұрғыдан алғанда мұсылман адамын бұлай жерлеу жағымсыз іс. Себебі, топырақтан жаралған адам сүйегі табиғи жолмен топыраққа тез айналып кеткендігі құпталады.
Аудан қазақтарының жерлеу рәсімдері мен дүниетанымы сонау ерте орта ғасыр­лық көк түріктерден әдет-ғұрып сабақтастығы үзілмей келе жатқандығын анық байқауымызға болады. Тек, соңғы онжылдықтарда жерлеу және зират соғу кезінде заманауи құрылыс материалдарын шариғи жерлеу талаптарына қайшы келетін жайлары белең алып барады. Бір ерекшелігі, жерлеу рәсімінің ежелгі дәстүрін толықтай сақтап келе жатқан ауылдар да бар. Мысалы, Есет батыр ауылындағы тама ағайындар мәйітті жерлеуді ескі салт бойынша атқаруда. Яғни аталған құрылыс материалдарының орнына (целлофан, шпал, қара қағаз, т.т.) тек орама (бура) пайдаланады. Яғни бірнеше материалдың орнын жалғыз орама атқарады. Ораманы жасау тәсіліне келер болсақ ол өте қарапайым. Ол үшін көр ұзындығынан сәл ғана ұзынырақ бір дана бөрене мен бір құшақ қамыс жеткілікті. Қамысты бөрененің дәл ортасынан құшақтай айналдыра орап, бел тұсынан немесе үш жерінен қамыспен, не жіп-арқанмен буып тастайды. Мәйітті көрге орналастырған соң ораманы көрдің қақ ортасымен ұзына бойы жатқыза салады да үстін топырақпен тізеге дейін үйеді.
Цемент, тас-шебень, арматура темір, мәрмәр, қара қағаз, кірпіш, битум, т.т. материалдарды тек ХХ ғасырдың екінші жартысынан бері қарай, яғни билік атеи­змді ұстанған кезеңнен (жаназа орнына мәйітті митингімен, оркестрмен жерлеу, көктасқа сурет салу, т.т.) бастап кеңінен қолдана бастаған. Оған дейін бейіт құрылыстарына табиғи материалдар пайдаланылған. Мысалы, аудан төңіре­гінде ХХ ғасырдың екінші жартысына дейін тұрғызылған бейіттердің барлығы дерлік шариғи талаптарға толықтай сай келеді. Бұл бейіттерді салған кезде, қамыс, ағаш және қам кесек қана қолданылған. Жазу тас белгілеріне көк тас немесе кәдімгі қара тас пайдаланылған. Аталған уақытқа дейін бейіт құрылыстарына қыш, тас немесе жермен сіңіспейтін басқа да жат материалдар өте сирек жағдайда ғана болмаса басқа кездері қолданылмаған.
Сонымен қатар жерлеу ғұрпында ою-өрнектер мен түр-түстеріне қатысты мағлұматты да айта кеткеніміз жөн. Ата-бабаларымыздан қалған ою-өрнектерде байырғы наным-сенімдік символикалық астарлар бар. Мысалы, шеңбердің іші қақ ортасынан бөлінген, яғни дүниедегі заттың бәрі егіз деген философиялық ұғымды білдіреді, өмірлік пен бақилық, өлі және тірі табиғат деген секілді. Ою-өрнектермен қатар түр-түстерді де пайдалану орнын шатастырмай нақ тауып, орын-орнына қоя білу қажет. Мысалы, көк түс бабаларымыздың наным-сенімінде көк тәңірісі, мәңгілік пен аспанды меңзесе сары түс көбінесе қайғы-мұңның нышаны. Өмірден озған адамның жас шамасын киіз үй белдеуіне тігілген ту арқылы білдірген. Ұзақ жасап шашы ағарған кісілер қайтыс болғанда есік алдына ақ, орта жастағыларға ала, ал, көктей солып қыршын кеткен жастар қайтыс болғанда жасыл түсті ту тігетін болған. Қазақтың ең ауыр қарғысының бірі: «Көк тігілгір», – деген қарғыс. Бұл «Жастай өл», –дегенді білдіретінін осыдан байқауымызға болады.
Ою-өрнекті және оған таңдалатын түр-түсті пайдаланғанда оның мән-мағынасына көңіл бөліне бермейді. Себебі ою-өрнек пен түр-түстің астарын түсінетін, оның құпиялылығын оқи алатын адамдар өте сирек. Ер және әйел кісілердің киімдеріне, қыз бен ұл балалардың киімдеріне, бас пен аяқ киімге, үстіңгі және астыңғы, іш пен сырт киімдерге салынатын әрбір ою-өрнектің және соған лайық түр-түстің де өлі мен тірі табиғат секілді өз орны мен мән-мағынасы болады. Сонымен қатар белден жоғары орналасатын оюларды етек, балаққа керісінше кестелеп жүрміз. Бұның барлығы сол оюдың түпкі мағынасын түсінбеуден туындаған кемшіліктер.
Қазақта бейіт құрылыстарының төрт бұрышындағы мұнараларға, кесене қабыр­ғаларының құс ұшып-қонар үстіне адамның бұл дүниеден, о дүниеге өткендігін айғақтайтын, яғни адам жаны­ның денесін тастап ұшып кеткендігін білдіретін ою-өрнек салынады. Аталған өрнектерді аудан төңірегінде орналасқан бейіттерден көріп, байқауға болады. Бір өкініштісі, әлгі ою-өрнектер осы күндері азаматтардың күнделікті киіп жүрген киімдері мен тіршілігі қайнап тұрған объектілерде де кездесіп тұрады.
Қасиетті Құранда: «Әрбір жан өлімнің дәмін татады» делінген. Расында, өмірге келген барлық адам баласы бұл дүниеден өтері хақ. Ал енді сол өлікті жер қойнауына жөнелту тірілердің парызы. Әрбір жанның өлімі оның кіші қияметі делінеді. Қаза дүниелік мүддені, пенделік пиғылды паш ететін де, тамаққа тояттайтын жер емес. Әркім ол істі шама-шарқынша атқаруы тиіс. Қазақта, “Қаралы үйде қазан көтерілмейді”, – деген сөз бар. Марқұмның отбасына көршілерінің тамақ дайындап беруі сүннет етілген. Шариғатта жұртқа тамақ тартудың сауапты іс екендігі баяндалғанымен, ысырапшылдыққа, шек­тен тыс аста-төк құдайы тамақ беруді бұйырмаған. Қаралы үйдің тұрмысы төмен болса, жұртқа қарыздар болса немесе қарызданып ас беруі дұрыс емес. Дегенменде, қазақ болған соң қонақтарға дастарқан жайылмай тұрмайтыны және бар. Біздің ауданда бұндай кездері қазалы жандарға ас-тағамды туған-ағайындары, жора-жолдастары мен көрші-көлемі қол­ ұшын беріп, қолдан келген көмегін аямайды. Қазалы отбасының ауласында немесе көрші аулаларда ас-тағам жасалады және қазалы үй мүшелері мен ет жақындарына сол үйдің бір бөлмесіне және қоңсы-көлемнің үйлеріне дастарқан жайылып қонақ күтіледі. Жалпы, өлілердің атынан жасалатын жақсылықтардың түпкі мәні беріліп жатқан садақаның Тәңірінің құзырында қабыл болуын жалбарынып тілеу. Ал жұрттан қалмаймын деп бәсекеге бағытталған, елден ерекшеленейін деп мақтаныш үшін берілетін астың сауабы шамалы.
Аудандық мешіт қызметкерлері соңғы кездері мәйітті жерлеу ісі кезек күттірмейтін негізгі міндет болғандықтан, ең әуелі өлікті жер қойнауына тапсырып содан соң басқа (қонаға, құдайы табақ тарту, т.т.) тірліктерді атқаруға болатындығын және қонақасыны тек сырттан, алыстан келген қонақтарға, онда да көрші үйлерде тартылу керектігін насихаттап жүр. Сонымен қатар мешіт қызметкерлері мен қазалы отбасы ағайындар арасында жерлеу рәсімдеріне қатысты түсінбеушіліктер де туындап тұратынын мойындауымыз керек. Бұл­ келіспеушіліктер негізінен жерлеу рәсіміне қатысты кеңес, қонағаларға дін өкілдерінің қатыспауынан немесе шақырылмауынан туындайды. Мысалы, өліктің туыстары жерлеу ісіне қатысты барлық тірліктерді жасап болған соң барып қана мешітке келіп: – Намазын бүгін (ертең) түскі 10-ға белгіледік, –деген сияқты талап-тапсырыстарымен келеді. Яки, молдаларды тек жаназа шығаруға ғана шақырады. Негізінде, қайтыс болған үйдің жерлеу рәсіміне имам немесе мешіттің бір қызметкері бастан-аяқ араласқандары жөн. Өйткені қарапайым адамдар біле бермейтін ислам дінінің шариғи жол-нұсқалары бар. Мысалы, судан, оттан немесе басқа да апаттардан қайтыс болғандардың мәйітін жууға немесе кейбір мүшелерінің жойылып немесе мүлдем табылмауынан жаназасын шығарудағы жөн-жосы, тағы да басқа келіспей атқарылған мәселелердің арты дауға ұласпас үшін дін өкілдері жерлеу рәсімінде басынан аяғына дейін болғандары жөн.
Жаназаға қатысты орын алып жүрген келеңсіз мәселенің тағы бірі – көлік пұлы. Жасыратыны жоқ қазіргі таңда жерлеу рәсіміне алыс-жақыннан келген қонақтар өлік шығып жатқан үйден өздерінің мініп, жалдап келген көліктерінің жол ақысын өтеуді талап етеді. Пайғамбарымыз (с.а.у.): «Кімде-кім бір адамның жаназа­сына қатысса, оған бір қират сауап бар. Ал кім жерлегенше қатысса, оған екі қират сауап болады», – дейді. Адамдар, «Екі қират деген не?» деп сұрағанда: «Ол екі үлкен таудай сауап дегенді білдіреді», – деп жауап берген екен (Бұха­ри риуаяты). Яғни, жаназаға қатысу әрбір адамның сауап ісі. Сауапты алу үшін кешегі аталарымыз кенттегі жаназаға қатыспақ ниетпен бірнеше шақырымдық ауылдардан ат-есекпен немесе жаяулап қатынаған. Заман қаншама дамып кетке­німен сауап іс істеу әр адамның иман-сеніміне байланысты бола бермек. Сол әкелеріміз есекпен дарияның арғы бетіндегі ауылдардан жаназаға «сауап үшін келдім», – десе, бүгінгі ағайын сауапты да саудалайтын «кәсіпкерлікке» жеткені. Әлбетте, жаназаға қатысушылардың бар­­лығы «кәсіпкер» емес, қаңқу сөзден асатын болсақ шын қасиеттіні де көріп жүрміз.
Жалпы мақаламызда өткен ғасырлар­да Қазақстан территориясында өмір сүрген арғы қазақтар мен осы кездері ауданымызда өмір сүріп жатқан бүгінгі қазақтардың жерлеу және еске алу әдеп-ғұрыптарына салыстырмалы түрде жалпылай сипаттама берілді. Аудан төңірегінде ерте орта ғасырлар мен орта ғасырлар әдеп-ғұрыптары зерттелмеген тақырып және сол ғасырлардың қорымдары да жоқтың қасында, сондықтан келешекте өз зерттеуін күтіп тұрған ескерткіштер ашылады деген сенімдеміз.

Марат Ақмырзаұлы,
аудандық музей қызметкері
14 тамыз 2019 ж. 809 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930