Eркін формат, жарқын жүздесу
Жолбарыстай қайратты –
Қырандай күштi қанатты.
Мен жастарға сенемiн!”
Ақын Мағжан Жұмабаевтың көздерінде от, сөздерінде жалын бар, ар-намысты жаннан артық қоятын жастарға арнаған өлеңін барлығымыз жақсы білеміз. Қоғамның тірегі де, елдің ертеңі де осы жастар.
Кеше аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев “Zhalagash Life” жастар лагеріне қатысушылармен кездесті. Еркін форматта өткен кездесуде жастарды толғантқан мәселелер ортаға салынды.
Тәуелсіз елдің ертеңі жастар екені белгілі. Болашақтың бүгіннен басталатынын ескерсек, ертеңіміз деп сенім артып отырған жастарымызды Мәңгілік ел идеясының айналасына біріктіруіміз қажет. “Жұмыла көтерген жүк жеңіл” деп тегін айтылмаса керекті. Қашанда “бірлік бар жерде тірлік бар” екенін ұлы халқымыз жақсы білген. Біз бүгінгі жетістіктерімізге, мекен етіп жатқан ұлан-байтақ жерімізге, әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлерін берік сақтаған елімізге, тіпті сан ғасырлар бойы арман болып келген егемендігімізге осы бірліктің арқасында қол жеткіздік. Сол себепті мақсат-мұраттарымызға жету үшін, экономикасы дамыған, саяси әлеуеті бұдан да артқан әлемнің дамыған отыз елінің қатарына енгіміз келсе жастарды берік бірлік пен мызғымас тірлікке бастаған жөн. Қалай болғанда да жастар жайы елдің ертеңімен тығыз байланысты. Жалағашта жалынды жастар көп. Олар білім, мәдениет, спорт салаларында табысқа жетіп, аудан мерейін үстем етуде.
Еркін форматта өткен кездесуде осы сынды ойлар айтылды. Кездесуді жүргізген аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Ерхан Бақбергенұлы жастар жылында атқарылып жатқан шараларға тоқталды. Сонымен қатар Жасұлан Серік, Нұржан Амандық, Ақерке Жанәділ сынды белсенді жастар сұрақ қойып, ұсыныстарын білдірді.
Осымен екінші мәрте ұйымдастырылған аудандық жастар лагеріне кент пен ауылдық округтерден 60-қа жуық жас қатысуға ниет білдірген. Бұған дейін “Қазақстанның 100 жаңа есімі” жобасының жеңімпазы Сымбат Әбдірахмановамен кездесу ұйымдастырылса, белгілі айтыскер ақын Мұхтар Ниязовпен кездесу өткізу жоспарлануда.
Айта кету керек, «Жастар жылының» жалағаштық жастар үшін жағымды жаңалығы көп. Аудандық жастар ресурстық орталығы жанынан «Coworking» орталығы ашылды. 2019 жылдың І жартыжылдығында аудандық жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен 78 шара өтті. Сонымен бірге жастардың шығармашылығын дамыту мақсатында «Жалағаш аруы» байқауы, аудан әкімінің «Жалын» жастар сыйлығы, «Zhalagash Life» жастар лагері, жайдарман лигасы, «Жалынды жас» еріктілер мектебі, «Жас Отау», «Жас маман» жобалары жүргізіліп келеді. Алдағы уақытта да мұндай шаралар жалғасатын болады.
“ЖЖ” ақпарат