» » » МҰҒАЛІМ МӘРТЕБЕСІН ТӨРГЕ ШЫҒАРСАҚ...

МҰҒАЛІМ МӘРТЕБЕСІН ТӨРГЕ ШЫҒАРСАҚ...


Бала күнімізде үйде жүріп бұзықтық жасағанда шешеміз "әкеңе айтамын" немесе "мұғаліміңе айтамын" деп қорқытатын-ды. Әке қабағының да мысы бар ғой, десе де "апайыңа айтамын" деген сөз қатаңдау һәм қорқыныштылау әсер ететін. Жоқ, бұл мұғалімді әзірейілдей көргенімізден емес, сол кездегі оқушы ережесінің, мектеп тәртібінің қатаңдығының нәтижесі еді. Сол шеңберде ұстаздар бізді тәрбиеледі. Сыныпта отырып сотқарлық жасап, сабақ барысын бұзғаның үшін алатын ең ауыр жаза бір аяғыңды көтеріп бұрышқа тұру еді. Кейде тәртіпке бағынбасаң қаталдау мұғалімдер құлағыңды тартқылайтын...
Мұғалімге тек мектеп қабырғасында ғана емес, көшеде кездесе қалсақ та алдарынан қия өтпей, тұра қалып ізет көрсететінбіз. Мұғалім деген мамандықтың да қасиеті осында болса керек. Мұғалім – сенің санаңа білім сәулесін түсіріп, бойыңа тәлім-тәрбие сіңіріп, адами тұлғаңды қалыптастырушы адам. Бала санаңнан бүр жарған балауса армандарыңа қанат байлап, зау биікке самғататын да, келешегіңе мініп баратын кемеңе желкен керіп, бағытыңды көрсететін тұсбағдарың да осы ұстазың. Мүмкін бұл сөздер көнерген шығар, бірақ ұстазға деген халықтың құрметі кеміген жоқ, осы бір мәртебелі мамандық иелерінің ел алдындағы асқақ тұлғасы аласарған жоқ. Сондықтан олар қай оратада да сыйлы, өздері тәрбиелеп, білім берген шәкірттері үшін мерейлі.
Біздің елде ғана емес, ұстаздарға деген құрмет әлем елдерінің барлығында бірдей. Фейсбук әлеуметтік желісіндегі мына жазба ұстаздарға деген құрметімізді арттырып, олардың қоғамдағы тұлғасын одан әрі биіктетіп жіберетіні анық. Қытайдың "Кішкентай оқырмандар" атты балаларға арналған басылымының 2011 жылғы 9 санынан алынған үзінді екен. Мұнда қытайлық оқытушы 2010 жылы қыркүйек айының басында Жапонияның Осака қаласындағы бір мектепке барып педагогикалық практикадан өткендегі көргендерін сөз етеді.
"Өткен жылы оқытушылар мерекесі қарсаңында (Қытайда 1985 жылдан бері әр жылы қыркүйектің 10 күні оқытушылар мерекесі ретінде атап өтіледі) Жапонияның Осака қаласының Фукуда ауданындағы бір бастауыш мектепке білім жетілдіруге жіберілдім. Бірде әріптесім Ямамота атты мұғалімнен:
– Жапонияда мұғалімдер мерекесі қашан атап өтіледі, Сіздер оны қалай қарсы аласыздар? – деп сұрадым. Менің сұрағыма таңданыс білдірген ол:
– Бізде ешқандай мұғалімдер мерекесі деген мейрам жоқ, – деді.
Оның бұл жауабын естіп өз құлағыма өзім сенбей аңтарылып қалдым. «Экономикасы мен ғылым-техникасы сонша дамыған елде оқытушыларға деген құрметтің болмағаны ма?» деген ой санамнан қылаң берді.
Жұмыстан түскен соң Ямамота мені өз үйінен дәм татуға шақырды. Мен оның ұсынысын қабыл алдым. Ямамотаның үйі мектептен ұзақ болған соң біз метроға міндік. Бұл дәл кешкі қарбалас сәт болғандықтан метрода адам тым көп еді. Мен қысылып-қымтырылып жүріп зорға кірдім де, тұтқадан мықтап ұстап алдым. Сол сәт ме­ні көрген бір атай орнынан тұрып, маған өз орнына отыруды өтінді. Мен бұл кішіпейілдікті түсіне алмадым, жап-жас басыммен ақсақалды, ақ самайлы адамның орнына отыруға дәтім бармады. Алайда ол қайта-қайта басын иіп, ізет көрсетіп, «отырыңыз, отырыңыз» деп ұсы­ныс жасай берді. Мен амалсыздан отырдым. Метродан түскен соң Ямамотадан:
– Әлгі ақсақал кісі неліктен маған ізет көр­сетіп, өз орнын ұсынды? – деп сұрадым. Ямамота мұғалім күлімсіреп тұрып, саусағымен төсімдегі мектеп белгісін көрсетіп:
– Ол кісі Сіздің оқытушы екеніңізді көріп, орнын ұсынды, – деді. Мен бұл сөзді естіп өзімнің оқытушылық салауатымның мерейін сезіндім.
Ямамота мұғалімнің үйіне алғаш келе жатқандықтан құр қол кіруден ыңғайсызданып, аздап сыйлық алу ойым барын оған айттым, ол кісі де қарсылық білдірмеді, әрі маған біраз жүрген соң алдымызда «Оқытушылар дүкенінің» бар екенін, онда оқытушылар үшін жеңілдетілген бағамен тауар сатылатынын ескертті. Мен тағы да таңданысымды жасыра алмай:
– Бұл жеңілдіктер тек қана мұғалімдерге ғана жасалған ба? – деп сұрадым. Ямамота мұғалім менің сөзімді құптап:
– Жапонияда ең құрметті мамандық – оқы­тушылық, жапон халқы ең құрмет тұтатын адамдар ол – оқытушылар. Сондықтан кәсіп­керлер өздерінің дүкендеріне мұғалімдердің келуін өздеріне деген шексіз құрмет деп біліп, оны мәртебе санайды деді.
Мен Жапонияда болғанымда жалпы мұға­лімдерге деген құрметтің әр түріне куә болдым. Метрода олар үшін арнаулы орын, көшелерде олар үшін арнаулы дүкен бар. Тіпті көлік-қатынас билеттерін алу үшін де кезекте тұрмайды. Айта берсең олар үшін қолайлылықтар мен жеңілдіктер жетерлік. Жапонияда арнаулы оқытушылар мерекесі болмаса да әр күн олар үшін мерекедей сезілді маған" дейді.
Ақын, ұлт ұстазы Мағжан Жұмабаев: «Алты алаштың баласы бас қосса, төр – мұғалімдікі» дегенді өткен ғасырдың басында-ақ айтып кетіпті. Бұл бір буын ұрпақты ғана емес, бүтін бір ұлтты тәрбиелейтін мұғалімнің мәртебесін, ұстаздың орны қашан да төрде екенін дәлелдеп тұр. Ендеше біз де басқа елдер секілді ұстаздарымызды ұлықтап, мұғалімнің абырой-беделін төрге оздыруға тиіспіз. Сонда ғана ұлтын сүйген ұрпақ тәрбиелейміз, ел келешегіне көз жеткіземіз.

Қуат АДИС
05 қазан 2019 ж. 657 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 766

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930