Ақын өлсе, елінің жүрегіне жерленеді
Тағы да Жалағаш өлкесі өлеңмен өрнектелді. Арқалы ақындар жалындап жыр оқыды. Аудандық мәдениет үйінің залына лық толған көрерменнің де жаны жырға сусап қалғандай, жас ақындарды бірі-бірінен бөліп-жармай қол соғып зор қошемет көрсетті. Ақындар оқыған арнау өлең де, көрерменнің жанарынан үзілген мөлдір моншақ та сахна төріндегі үлкен экраннан халыққа күлімдеп қарап тұрған жарқын бейнеге, өзі өмірден ерте озса да, елінің жүрегінен мәңгілік мекен тапқан аяулы ақынға деген сағынышы еді. Ол – сабағынан мезгілсіз үзілген жапырақтай өлең-ғұмырдың иесі, жанарына нұр, жүрегіне жыр толған ақын, қаламы жүйрік журналист, көрнекті қаламгер Зордан Салықбаев еді.
Не бәрі қырық төрт жыл ғана ғұмыр кешкен Зордан ағамыз жылғаның жылтылындай қас-қағым уақыттың ішінде артындағы келер ұрпаққа қаншама рухани мұра қалдырып үлгерді. Зордан Салықбаев Қызылорда қаласындағы Н.В.Гоголь атындағы педагогикалық институттың қазақ тілі мен әдебиеті бөлімін бітіріп келген соң алғашқы еңбек жолын Аққыр ауылындағы №188 орта мектепте мұғалім болып бастады. Одан соңғы қызметтік жолы аудандық партия органдарында жалғасып, бірнеше жыл жауапты қызметтер атқарды. Жас күнінен жанына қаламды серік еткен Зордан ағамызды бойындағы талабы мен таланты өз еркінен тыс шығармашылық ортаға алып келді. Аудандық “Жаңадария” газетінде тілшілік қызметтен бастап, бас редакторлыққа дейінгі деңгейге көтерілді. Ары мен намысына қылау түсірмеген ағамыз ақпарат саласында абыройлы қызмет ете жүріп, жеке шығармашылығын да сырт қалдырған жоқ. Өлең оның жан дерті еді және сол жан дертінің емін де өлеңнен тапты. Өлең оның жан серігі болды. Өлең оның өмірі болды. Ақыры өзі де өлмес өлеңге айналып кетті...
Зордан сынды аяулы ақынын кеше елі есіне алды. Облыстық халық шығармашылығын дамыту және мәдени-продюсерлік орталығы мен Жалағаш аудандық мәдениет және өнерді дамыту орталығының бірлесіп ұйымдастыруымен Зордан Салықбаевтың 75 жылдығына арналған “Кеудемнен сары алтындай сапырдым кен” атты облыстық жас жазба ақындар мүшәйрасы өтті. Салтанатты шараны ашқан аудан әкімінің орынбасары Жағыпар Тажмаханов Жалағаш жерінен шыққан аяулы ақынның өмір жолы мен шығармашылғына кеңінен тоқталып, мүшайраға қатысушыларға сәттілік тіледі. Одан бөлек, ақынның көзін көріп, қызметтес болған замандастары да жан жылытар естеліктер айтты. Ақынның артында қалған мол мұрасын халыққа, кейінгі ұрпаққа насихаттау, есімін ел жадында жаңғырту және ақынның қысқа да болса ғибратты ғұмыры мен жалынды жырлары арқылы жас ұрпақты отаншылдыққа тәрбиелеу мақсатында өткен өнер бәсекесіне аймағымыздан 13 талапкер қатысты. Сахнаға шыққан жас шайырлар шараның шарты бойынша алдымен Зордан Салықбаевқа жыр арнаса, содан соң ақын шығармашылығынан бір өлеңді жатқа айтты және еркін тақырыпта жазылған өлеңдерін оқыды. Бірінен-бірі өткен жүйріктерге көрермен көңілімен қарасақ, үзеңгі қағыстырып қатар келді. Алайда, жарыс болған соң топ ішінен сынық сүйем болса да озып келген жеңімпазы болады.
Өзара шешім еткен қазылар алқасы бас жүлдеге Шиелі ауданынан келген талантты ақын Бекжан Ержігітті лайық деп тапса, І орынды келешегінен зор үміт күттіретін жалағаштық жас ақын Бақберген Нұрай жеңіп алды. ІІ орын Қызылорда қаласынан келген жас жүйрік Айбану Қалиеваға бұйырды. Ал қармақшылық Серіков Еркебұлан мен сырдариялық Талапбек Ақәділ сынды жас ақындар ІІІ орынды иеленді. Жеңімпаздарға арнайы Диплом табысталып, қаржылай сыйлықпен марапатталды және өзге ақындарға да “Алғыс хат” пен қаржылай сый-сияпат жасалды.
Кеш барысында белгілі журналист Жалғасбай Аманов пен Серік Бертаев Зордан ағамыздың жастарға деген қамқор пейілі және өлеңге талғампаздығы, қаламға адалдығы жайында жүрек тебірентер естеліктер айтты. Еске алу кешті қортындылаған ақынның асыл жары, соңында қалған мұрасын жинақтаушы ұлағатты ұстаз Дина Мейірманқызы өлең деген құдіреттің алдында бас иіп, ақынға тағзым етіп келген барша көрерменге ана жүрегімен алғаусыз алғысын жеткізді.
Қуат АХЕТОВ