Жастар жаңадарияны жырға арқау етті
Қияндағы Қызылқұм ішіндегі Жаңадария ауылы бір кездері ауданымыздағы іргелі шаруашылықтардың бірі болды. Алпысыншы жылдардың ортасында мал шаруашылығын дамыту мақсатында құрылған шаруашылық облыс халқын ет-сүт өнімдерімен қамтамасыз етті. Аталған ауылдан бүгінде елімізге танымал азаматтар шығып, әр өңірде қызмет етіп келеді.
"Елу жылда – ел жаңа". Жаңадариялықтар бұрынғыдай құм қойнауын қойға толтырып, төрт түлігін жусатып жатпаса да, жайқалған бақшасындағы дәмі тіл үйірген қауын-қарбыздарын шет елге шығарып жатыр. Міне, жуырда ғана Жаңадария ауылдық клубының ұйымдастыруымен Жаңадария ауылының 55 жылдығына арналған "Жырласа жастар жырласын" атты аудандық жас жазба ақындар жыр мүшәйрасы өтті.
Алдымен мәдени шараның маңызына мән берген ауыл әкімі Ғ.Жаңашев ауылдың толайым табыстарға толы өткен тарихына тоқталып, жас талапкерлерге сәттілік тіледі. Сондай-ақ, ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы С.Тұрмаханов игі шараның басы-қасында жүрген ауыл азаматтарына алғысын білдіріп, кейінгі буын жастарға батасын берді.
Мүшәйраға қатысқан жас ақындардың жырларын сарапқа салу үшін аудандық "Жалағаш жаршысы" газетінің жауапты хатшысы Қ.Ахетов, Халықаралық "Қазақ тілі" қоғамының аудандық филиалының төрайымы Д.Мейірман және Жаңадария ауылдық моделдік кітапханасының кітапханашысы М.Шаукаевалар қазылық етті. Арқаланып сахнаға шыққан жалынды жас ақындар ауылдың өткен тарихы мен бүгінгі жетістіктерін жырға қосты. Жыр додасының алғашқы кезеңінде ақындар өз жырларын аталған ауылдың 55 жылдық мерейтойына арқау етсе, екінші кезеңде ауданымыздан шыққан жергілікті ақындардың өлеңдерін оқыды. "Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда". Аламанға қосылған жүйріктердің бәрі бірдей бәйге алмайды, бірінің бабы келмейді, бірінің бағы жанбайды. Бұл жыр додасында да қазылар мыңнан – тұлпар, жүзден – жүйрік шыққан ақындарды сараптады. Нәтижесінде, бас жүлдені Есет батыр ауылынан келген талантты жас ақын Әбдімәлік Нұрбол қанжығасына байласа, жүлделі І орын Мәдениет ауылының жас жүйрігі Сүйеніш Ақниетке бұйырды. Ал, ІІ орынды Ақсу ауылының ақыны Аманкелді Мадияр иеленсе, ІІІ орынды Жаңадария ауылынан шыққан жас ақын Рысбек Әли мен Таң ауылының жас ақыны Әзілхан Гүлнафис өзара бөлісті. Жүлдегер ақындардың барлығы да бағалы сыйлықтармен марапатталды. Сондай-ақ, қалған ақындарға да Мәлік Аяпов, Ұзақ Еспанов, Жақсыбай Сарбалаев, Зордан Салықбаев, Ахмет Тілеулиев, Қалжан Өтегенқызы, Роза Ералы, Қуат Адисұлы атындағы арнайы жүлделер табысталды.
Жыр мүшәйрасы Қызылорда облыстық филармониясының концерттік бағдарламасына ұласты. "Ақмешіт" фольклорлық ансамблінің сүйемелдеуімен әншілер Эльмира Қалқожаева, Бекзат Молдабергенов, Назерке Нұраддинова, Олжас Нұрәлиев және "Томирис" би тобы өз өнерлерімен ауыл халқының көңілін серпілтіп, көпшіліктің қошеметіне бөленді. Айта кету керек, осы күні Жаңадария ауылдық клубының басшысы,сазгер Р.Көшеровтың өзінің туған жеріне арнаған "Жаңадариям" атты жаңа әнінің тұсауы кесілді.
Кеш соңында ауыл әкімі Ғ.Жаңашев өскелең ұрпақтың бойына ұлтжандылық мінез қалыптастыратын тәрбиелік маңызы бар шараның жоғары деңгейде өтуіне атсалысқан барша азаматтарға ауыл халқы атынан алғысын білдіріп, Қызылорда облыстық филармониясының өнерпаздарына "Алғыс хат" тапсырды.
Қ.ҮБІСТЕГІ.