» » » ЖАҢАДАРИЯЛЫҚТАРДЫҢ ЖЕҢІСІ

ЖАҢАДАРИЯЛЫҚТАРДЫҢ ЖЕҢІСІ


Осы аптада Жаңадария ауылдық клубының ұжымы ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың "Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру" бағдарламасы аясында ұйымдастырылған халықаралық өнер фестивалінде үздік өнер көрсетіп, бас жүлдені жеңіп алды.
Бұл байқауға қатысқан ауылдық клуб қызметкерлері әр жанр бойынша бақ сынап, үздік өнер көрсетті. Нәтижесінде, жаңа­дариялықтар олжалы орынды енші­леп, халықаралық доданың бас бәйгесіне қол жеткізді. Сонымен бірге, 27 наурыз – дүниежүзілік театр­ күніне орай "Бейбітшілік әлемі" халықаралық қазақ творчестволық бірлестігі ауылдық клубтың меңге­рушісі Рүстембек Көшеровтің ұйым­дасты­рушылық, іскерлік қабі­летін жоғары бағалап, кеудесіне "Мәдениет майталманы" медалін тақты.
Аталған байқауға Жаңадария клубынан 4 өнерпаз қатысты. Олар­дың ішінде Айда Қойшығұлова ән жанры бойынша бас жүлдеге ие болса,­ көркемсөз өнерінен Нұртөре Айтмағанбетов, Аружан Тұрақ І орын­ға қол жеткізді.
Бұған дейін де талай мәрте өнер бәйгесін иеленген жаңадариялықтар енді 5 сәуірде өтетін аймақтық "Мереке думан" әзіл-сықақ отауының – 30 жылдығында өнер көрсетпек.

Н.ҚАЗБЕКОВ.
30 наурыз 2019 ж. 905 0