«Сыр бойы» газеті: әр парағы – жасампаз өңірдің жарқын жылнамасы (ФОТО)
Kyzylorda-news.kz. Уақыт деген ұлы күш тарихқа тағы бір зер салудың сәтін әкелді. Өйткені, аймақ аттас ата басылым – «Сыр бойы» газеті 90 жасқа толды.
Ғасырға жуық ғаламат кезең саралай отырсаңыз, көп дүниені көз алдыңызға жайып бермек. Бұл – Алашқа ана, талайға пана болған қасиетті өңірдің өмір бүлкілімен біте қайнасып жатқан қазыналы шежіре.
Алғашқы саны 1929 жылдың 1 шілдесінде Қызылорда қаласында жарық көрген басылым әдепкіде партия, кеңес комитеттерінің және кәсіпкерлер бюросының органы саналған. Десе де, Жаңақорған, Қармақшы, Қазалы аудандарынан хабар таратып тұрды. Ал, 1930 жылғы 101-санынан бастап біраз уақытқа дейін Қызылорда, Шиелі, Тереңөзек, Аламесек, Қармақшы, Қарсақбай, Қазалы, Арал аудандық партия, кеңес комитеттері одақтарының органына айналды.
Газеттің алғашқы редакторы – фельетонист Жиенғали Тілепбергенов. Ол кісімен кейіндері есімдері жалпақ жұртқа танылған әдебиет сыншысы, жазушы-ғалым Әуелбек Қоңыратбаев, ақын Асқар Тоқмағанбетов, Абдолла Құрманаевтар қызмет істеді. Басылымның беделі көтерілді, таралымы артты. 1932 жылдың қаңтарында газет атауы «Ленин туы» болып өзгертілді. 1938 жылы облыс құрылғаннан кейін 22 наурыздан бастап облыстық «Ленин жолы» газеті деп аталды. Оның 1939 жылдың 2 ақпанындағы №26 (239) санына редактор ретінде М.Сәтбаев қол қойған. Редакцияның мекен-жайы Қызылорда қаласындағы Дзержинский көшесі 10 үй болатын. 1939 жылдар «Ленин жолының» жаңа кезеңге аяқ басу сәттері саналады. Жоғары білімді З.Жарқынбаев, Б.Әлменов, Ж.Құлымбетов сынды қаламгерлердің қызметке келіп, шабыттарын шыңдай түсуі, басылымға өзіндік серпін әкелді. Жылдан жылға беделі артып, оқырманның рухани олжасын толықтырды. Ал, Ұлы Отан соғысы жылдарында «Барлығы да майдан үшін, барлығы да жеңіс үшін!» деген жалпыхалықтық ұранға бұл ұжымның қосқан үлесі аз емес. Сол жылдарда газет бетінде халықтық поэзия жанры кеңінен насихатталды. Халық батырлары туралы мақалалар жиі жарық көрді. Елдің рухын көтеруге аянбай қызмет жасады. Редакцияда қызмет атқаратын біршама журналистер майданға аттанды. Д.Тасекеев, А.Нұрекеев, Б.Әлменов, Ә.Жанұзақов, Қ.Алдоңғаровтар сұрапыл соғыстан абыроймен елге оралса, К.Шоматов, Ә.Аманбаев, Ә.Қарқынбаев секілді журналистер Отан үшін кеудесін оққа төседі. Соғыстан кейінгі жылдары ел еңсесін көтеруге рухани күш-жігер берген газеттің ықпалы аз болған жоқ. Сол жылдары басылым Қызылорда облыстық комитеті мен еңбекшілер депутаттарының облыстық кеңесінің органы саналды. Ол кезде газеттің әр данасы 20 тиын еді. Белгілі ақын Ә.Оңалбаев, М.Киікбаев, Ж.Шакенов. Ж.Құлымбетов, С.Алдабергенов, С.Сейтенов сынды азаматтар редакцияда қызмет етті.
Елуінші жылдардың басында газеттің хабар тарату қызметі, оның ауқымдылық өлшемі өсе бастады. Журналистер одақтағы, республикадағы, облыстағы оқиғаларды кеңінен насихаттады. Әлемде болып жатқан ТАСС хабарлары арқылы газеттің әр санында жарияланды. Облыстық деңгейдегі шараларға басымдық беріліп, ел-жұрт өңірдің тыныс-тіршілігімен кеңінен танысты. Мәселен, ауылшаруашылық жұмыстарын механикаландыру, суландыру жүйелерін реттеу, олардағы кемшіліктерді жою журналистердің жіті назарына алынды. Газетте арнаулы «Әдебиет беті» ашылып, онда жергілікті ақын-жазушылардың еңбектері жарыққа шықты. Сын мен сынаққа да көңіл аударылды. Бұл жылдарда газет оқырмандары Қ.Бөршиев, А.Қойшыбаев, Н.Есімова, М.Қарақонақова, З. Өмірбеков, Ж.Жаңабергенов, Ж.Ахметов, О.Нұрқабаев, М.Исаев, Қ.Ажаров, А.Тоқмағанбетов, Ш.Ералиев сынды қаламгерлердің мақалаларын оқып жүрді. Сол кездерде арнайы беттермен қатар «Біздің календарь» деген айдар арқылы ұлы адамдар жайлы мақалалар берілген екен. Оны Н.Гоголь атындағы пединституттың оқытушылары дайындап тұрған. Спорт тақырыбы да назардан тыс қалмай, тіпті Англияда футболдан өткен әлем біріншілігі жөнінде жаңалықтар да жазылып отырды.
1962 жылдың тамыз айында газетке белгілі журналист кейіннен республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінің бас редакторы болған Ұзақ Бағаев басшылыққа келді. Ұжымда А.Құрманаев, Ш.Қайырбеков, Н.Уәлиев, Н.Оспанов, М.Сәрсенов, С.Есмаханов, А.Ержан, З.Сахиев, Д.Сапаров, Ә.Айдаров, Қ.Мырзахметұлы, Ш.Дәрмағанбетов, А.Сопыбеков, Қ.Бәкіров секілді журналистер қызмет атқарды. Олар түрлі-түрлі тақырыптарды кеңінен қамтып, қызықты репортаждар, очерктер, публицистикалық мақалалар жазды. Газеттің аудандардағы белсенді тілшілерінің саны көбейді. Осылайша «Ленин жолы» газетінің оқырман аудиториясы кеңейе түсті. Алпысыншы жылдардың соңында газетке жазылу бағасы – 6 айға 2 сом 64 тиын болып бекітілген.
Жетпісінші жылдар да газетке жаңа мазмұндық сапа әкелді. Әсіресе тілшілер еңбек адамдарымен белсене араласып, олардың өмірінен қызғылықты очерктер мен мақалалар жазды. «Малшы еңбегі – мақтаныш» деген айдар талай шопанның шынайы еңбегін әйгіледі. Мұның қабатында күрішшелер еңбегі де үзбей жарияланып тұрды. Сонымен бірге, республикада басқа облыстардың тыныс-тіршілігіне арналған беттер ұйымдастырылған. Мәселен, 1970 жылдың тамыз-қыркүйек айларында Қарағанды, Целиноград, Гурьев, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстары жайлы арнайы бет дайындалған. Сол кезеңде айтыс өнеріне де мән беріліп, облыстық ақындар айтысында сөз қағыстырған жаңақорғандық М.Көкенов пен шиелілік Ш.Өтеевтің сөз айтысы да жарық көрген екен.
Газет редакторлығына Қалқабай Әбенов келгеннен кейін де басылым өз биігін алуға белсене қызмет ете берді. «Бұлар сендерге қызмет етеді» деген айдар түрлі мамандық иелерінің тіршілігіне үңілді. «Қала проблемасы» айдары орталықтың ойсыраған мәселелерін нысанаға алды. Редакцияның шығармашылық құрамы нығайды. Ш.Рахметбеков, А.Сәдібекұлы, А.Мәдединов, Қ.Сүйеніш. Р.Бекбергенова, Қ.Мырзахметұлы, М.Исаев, Ү.Әбшенов, Б.Омарәлиев, Қ.Әбдешов, Д.Смайылов, Ж.Түменбаев, Ә.Рахымбекұлы, Н.Байғараев, Ә.Уәлиұлы, Ә.Айдаров, Ә.Бәйменов тәрізді журналистер белсене еңбек етті. 1973 жылы редакция жаңа қонысқа көшіп, Коммунистік проспектісі (қазіргі Абай даңғылы) 60 үйге орналасты. Сол кездері газеттің таралымы 40 мың данаға жетті.
Бертін келе газет редакторы Қ.Әбеновті Нұрділді Уәлиев алмастырды. Газет өзінің таралымын одан әрі ұлғайтып, 1983 жылы 53 мың дана болды. Газетте жаңа толқын қалыптасты. Ж.Рахматулла, Қ.Сыдықов, А.Кіребаев, Ж.Ақсақалов, Ж.Әлмашұлы, О.Мақсұтұлы, Қ.Данабаев, Н.Рахмет, С.Бихожа, М.Нұрханов, А.Қарабалаев сынды алғыс журналистер жұмыс істеді. Ал, Ш.Дәрмағанбетов, Ү.Әбшенов, Қ.Ысмайылов, Р.Жарылқасынов тәрізді тәжірибелі мешікті тілшілер аудан өмірінен үзбек мақалалар жолдап тұрды.
Сексенінші жылдардың соңында Кеңес Одағының сетіне бастағаны мәлім. Талай жыл Одақтың қарарларын басып, әбден мезі болған мемлекеттік басылымдар да енді еркіндікке қол жеткізе бастады. Осындай өзгерістер тұсында, мәселен, 1989 жылы газет 65450 данамен тараған екен.
1991 жылы ел Тәуелсіздікке қол жеткізді. Сол жылдың 20 сәуірінде белгілі ақын, журналист Әскербек Рахымбекұлы газет редакторлығына тағайындалды. Тәуелсіздікпен бірге газет өзінің байырғы «Сыр бойы» атауын қайта иеленді. Жаңа қоғамның қалыптасу кезеңінде басылым бетінен жаңалықтарға көп орын беріліп, ұжым үлкен белсенділікпен қызмет етті.
1996 жылдың басында белгілі журналист-жазушы Жақсылық Рахматулла бас редакторлық қызметке кірісті. Республика, облыс өңіріндегі маңызды оқиғалар, жедел хабарлар газет бетінен орын алды. Сол уақыттағы сұраныстарға сай газет жанынан қосымша басылымдар шығарылды. 1998 жылдың қарашасынан газет компьютерлік терімге көшті. Редакцияға жас толқын өкілдері келді. Д.Аяшұлы, Қ.Әбдуов, А.Тұңғышбаева, Ә.Үмбет секілді журналистер қызмет ете бастады.
Жаңақорған, Шиелі аудандарында Н.Елтай, Арал, Қазалы аудандарында Ж.Жақып меншікті тілші қызметін атқарды.
Жаңа ғасырдың жаңашыл сұраныстарына облыстық басылым өз дәрежесінде үн қосып, қоғам мен билік арасындағы алтын көпір арқауын сәтті сабақтастыра алды. 2008 жыл мен 2018 жыл аралығында газетке Серік Пірназар, Жолдасбек Ақсақалов, Нұрболат Аманжолов және Жұматәлі Әбдіраман бас редакторлық етті. Ал, 2010 жылы «Сыр медиа» ЖШС құрамына енді. Жаңа құрылымға сол кезден бастап Аманжол Оңғарбаев жетекшілік етіп келеді.
Аймақта мемлекеттік ақпараттық саясатты жүргізудің тың тәсілі бүгінде өз жемісін беріп отыр. 2013 жылы серіктестік жаңа Шығармашылық үйіне көшті. Қаламгерлер үшін ерекше сый болған еңселі ғимаратқа қазақтың біртуар перзенті Темірбек Жүргеновтің есімі берілсе, сол жылдың басында аймақтағы барлық аудандық ресми басылымдар серіктестік құрамына бірікті. Қазірде «Сыр Медиа» ЖШС өзіне қарасты газеттерді жаздыру, тарату қызметін қатар жүргізіп келеді. Әрине, тоқсан жылдық тарих аз дүниенің ауқымы емес. Ең бастысы, Тәуелсіздікпен бірге «Сыр бойы» атауын иеленген аймақтың ата басылымы дәстүрлі жолы,басты ұстанымынан айнымақ емес. Ол – егемен елдің бірлігі мен ынтымағы, қасиетті өңірдің жарқын жетістігі жолындағы қалам қуаты.
«Kyzylorda-news.kz» ақпарат агенттігінің ұжымы да Сыр елінің ата басылымы «Сыр бойы» газетінің 90 жылдығымен құттықтай отырып, басылымдағы әріптестерімізге шығармашылық табыстар тілейміз!