» » » Қыздардың қайсарлығына тәнтімін

Қыздардың қайсарлығына тәнтімін

Қазақта «Алып анадан туады» деген тәмсіл бар. Осы сөздің өзінен болашағын аналықпен байланыстыратын қыздардың өмірі тағылыммен өрілу қажеттігі айтылып тұр. Небір ғалымдар мен ел билеген патшалардың өзі аналардың алдында дәрменсіз. Ананың бойындағы қасиеті балаға ақ сүті мен тәлімі арқылы беріледі. Тарих қойнауынан сыр шертетін батырлар жырында да қаһарман ерлерге ерекше күтім жасайтын да, аттарын баптайтын да өмірлік жарлары екендігі айтылады.


Көркем тілмен өрнектелген жырларда Гүлбаршын, Назым, Құртқа сынды басқа да арулардың бейнесі сомдалады. Алпамыс, Қобыланды, Ер Тарғын секілді батырлардың ерлік істері ұрпаққа ұран болып мирасталады. Батырлар жырындағы әйелдер бейнесі өрнектелгенде олардың аналары да ерекше шабытпен жырланады. Қалай десек те қазақтың қаһарман қыздарының ерліктері тарихқа алтын әріптермен жазылып, өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге болары сөзсіз.
Дүйім жұртқа үлгі етерлік қазақтың қаһарман қыздары баршылық. Сонау Тұмар патшайымнан бастау алатын өрлікке толы ерлік жол Зарина, Назым, Айғаным, Есенбике сынды арулардың батырлығына ұласып жатыр. Ұлы Отан соғысында да қазақтың қаракөз қыздары жанқиярлықпен шайқасқан. Шығыстың қос жұлдызы атанған Әлия мен Мәншүктің ерліктерін күллі әлем мойындайды. Ал ұшқыш қыз Хиуаз Доспанованың өзі талай аңызға бергісіз ерліктерді жасаған. Сол сұрапыл соғыс жылдарында елде қалған аналарымыз бен апаларымыз қиындыққа мойымай ерен еңбектің үлгісін көрсетіп, соғысқа кеткен ерлердің орнын жоқтатпады. 1986 жылғы желтоқсан оқиғасында да Ләззат пен Сәбира сынды қыздардың қайсарлық танытқанын күллі қазақ жұрты жақсы біледі.
Қазақ қыздары жауға тойтарыс беруде ғана емес, отбасы, ошақ қасында да қайсарлық танытып, бүтін бір әулеттің гүлденуіне жол салып дараланады. Кеңес одағының батыры Бауыржан Момышұлынан бір кісі: “Бауке, айтыңызшы, өзі жер бетіндегі ең батыр адам кім?” – деп сұрапты. Сонда батыр атамыз ойланбастан: “Жер бетіндегі ең батыр адам – қыз”, – деп жауап беріпті. Оның мәнісін сұрағанда: “Мен қанша батыр болсам да, бөтен, танымайтын елге бір сағат та тұрғым келмей қашамын. Ал қыз болса, барған жерінде жалғыз өзі өмірінде көрмеген, танымайтын адамдармен тіл табысып, сол елді біріктіріп ел де қыла алады, сыйлата да алады, алыса да алады, қаймықпастан ұрпағын да көбейтіп, сол елді жеңіп, мәңгі билейді”, – деген екен.
Шынында, қыздардың қайсарлығына тәнті емес, өрлігіне таң қалмайтын адам жоқ шығар. “Мен қазақ қыздарына қайран қалам” деп Исраил Сапарбай да аруларымыздың өрлігіне тәнтілігін жырмен жеткізді. Қыздарымыздың қоғамдағы рөлі туралы сандаған шығармалар жазылды. Арулар, аналар гүлдей құлпырып, поэзияға да арқау болды, прозада да тұлғаланып өрілді. Ғабит Мүсіреповтей тұлғаға роман да жазғызды, Мұхтар Әуезовтей заңғарға қалам да алдырды. Әуезовтің Зересі, Мүсіреповтің Ұлпаны қазақ әйелдерінің жиынтық бейнесін құрайды десек, артық айтқандық болмас.
Қазақтың әйел-аналары көрсеткен батырлықты бір мақаламен тауыса алмасымыз анық. Өйткені олар адалдықтың белгісіндей болып қала береді. Шаңырақтың шаттығы да әйел-аналармен байланысты екені жасырын емес. Тіпті өмірлік серігі бұ дүниеден өтсе де ошақтың отын, шаңырақтың шырағын сөндірмей, сол үйдің бақ-берекесін арттырып, ұлын ұяға, қызын қияға қондырады. Соқа басы сопайып жалғыз қалса да арын былғатпайды, намысын таптатып, жігерін жер еткен де емес. Бұл сөзімізге мыңдаған, тіпті миллиондаған дәлел келтіруге болады. Миллиондаған тағдырдың ішінен ақын апамыз Ақұштап Бақтыгерееваның жазбаларындағы Қазинаны таңдап отырмыз. “Мына бір қабірдің басындағы белгі жай ағаш еді, тозып кеткен екен. Белгіні кім қойсын? “Жанәлі Сталинград қоршауында хабарсыз кетті” деген қара қағаз соғыстың алғашқы жылдарында келген көрінеді, үйленгеніне ай толмаған жас жігіт соғысқа аттанғанда Қазина енесімен екеуі жылап-жылап қала берген. Өзгеге тұрмысқа да шықпастан, теңімен ойнап та күлместен, он алты жаста аттаған ақ босағасын кірлетпей дүниеден өтті сол келіншек. Бұл тек қазақ әйелінің ғана қолынан келетін төзім мен шыдам. Ал оның шын аты – ерлік ”.
Осыдан кейін қазақ қызының қайсарлығына қалай тәнті болмайсың?! Ерлік жасау да, заманына қасқайып қарсы тұру да осы қыздардың қолынан келеді.


Азиз БАТЫРБЕКОВ


07 желтоқсан 2019 ж. 676 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 766

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930