БАБАЛАР РУХЫ ҰРПАҒЫН ҚУАТТАНДЫРДЫ
Қай ұлттың да рухы оның жадында сақтаулы. Өткен тарих адамзаттың ақыл-есінде жазылып қалады. Сол үшін жадымызды жаңғыртып тұруымыз керек. Қазақ халқы ұлан-ғайыр даланы жаудан сақтап қалу үшін небір қилы кезеңдерді басынан өткерді. Сол кезеңдерде ел тірегі болған батырларымыз маңызды рөл атқарыпты. Қазақтың өткен тарихында батырлар көп. Тіпті әрідегілерінің есімдері мен ерліктері бүгінде аңызға айналып кетті. Мәселен, Қамбар батыр, Ер Тарғын, Алпамыс батыр, Қобыланды батыр жырлары бабадан балаға ауызша жетіп, бүгінде халық ауыз әдебиетінің сүбелі туындыларына айналды. Осы батырларымыздың жанкешті ерлік істері мен олардың жаугершілік заманда бастарынан кешкен қиын да, қызық оқиғалары жан-жақты баяндалған қисса-дастандарды кешеге дейін әкелеріміз май шамның жарығымен оқып келді. Әрбірі бір кітапқа жүк болған шығармаларда тек батырлардың рухы ғана суреттелмейді, көшпенді халықтың сол кезеңдердегі тұтас тіршілігі, тұрмыс-салты, ұстанымдары, әдет-ғұрпы баяндалады. Сонымен бірге өзі баптап жорыққа аттандырған ерінің ошағын күзетіп, еліне ие болып қалған Құртқа, Қарлығаш, Гүлбаршын, Назым секілді кейіпкерлердің сом-сом образдары арқылы қазақ әйелдерінің ерекшелігі, олардың бойларындағы қадір-қасиеті, тіпті қажет кезде қолдарына қару алып ата жауымен арпалысқан жанқиярлық ерліктері де ашылады. Сондықтан сол батыр бабаларымыздың ерлікке толы жорық жолдары, оларға адал жар бола жүріп, қазақтың тұтастығына, ұрпағының амандығына, бабалардан аманатқа қалған жердің жат қолына өтпеуіне ықыласымен үлес қосқан абзал аналарымыздың өнегелі істерін қазіргі жастарымыз жалғастыруы тиіс. Ол үшін біз жоғарыда айтқанымыздай, санамызды сілкіп, сол баһадүрлеріміздің ерліктерін ұрпақ жадында оқтын-оқтын жаңғыртып отыруға тиіспіз.
Жалпы соңғы жылдары әлеуметтік желілердің қолданушылары қазақ даласынан шыққан ұлы тұлғаларымызды дәріптеу, насихаттауда белсенділік танытып келеді. Тіпті осы мақсатта әлеуметтік желіде отырғандардың бір-біріне бейнетүсірілім түрінде эстафеталар жолдап, тарихи тұлғаларымыздың жолын жалғастыруға ниет қылғаны да қуантарлық жайт. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлы ақын Абай Құнанбаевтың 175 жылдық мерейтойына орай мектеп оқушысының өзіне арнайы ұсынған жыр алауын шынайы ықыласпен қабыл алып, халыққа жолдауының өзі біздің өткен тарихымызға деген құрметіміздің артып келе жатқанын көрсетеді.
Биыл қай өңірде де оқушылардың жазғы демалысы текке өткен жоқ. Балалар үш ай бойы жыр жаттап, өткен тарихын таныды, қазақ даласын қорғаған батырларын білді және өздері де сол жырдағы елім, жерім деп еңіреп өткен батыр бабаларының майырылмайтын асқақ рухынан, қайралып тұрған қылыштай намыс, жігерінен бойларына қуат алды, жүректеріне жалын дарытты.
Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Qazaq Epos» республикалық ағарту жобасы ұйымдастырған «Тұлпар мініп, ту алған» атты байқау қазірде республиканың барлық өңірлерінде өтіп жатыр. Аталған байқаудың талабы бойынша оқушылар 132 беттен тұратын «Қобыланды батыр» жырының Марабай жырау жазған нұсқасын мүдірмей жатқа айтуы тиіс.
Аталған ұлттық жоба жуырда біздің ауданымызда өтті. Аудандық кезеңге 195 оқушы қатысты. Яғни Жалағаштағы 20 мектептің оқушылары байқауға қатысуға ниет білдірген. Таңазаннан №202 мектептің мәжіліс залына жиналған оқушылар мен олардың жетекші-ұстаздарының көңілдеріндегі толқынысты байқау қиын емес еді. Қобалжып тұр. Бірақ оларды да түсінуге болады, үш ай бойы 5206 жолдан тұратын жырды жаттап және оны сахнада халықтың алдына шығып, мүдірмей айтып шығу оңай емес. Бір кітапты түгел жаттап алуға ерекше ерік-жігер, темірдей төзім керек және бұл үлкен еңбекті қажет етеді. Жаның рухани жаңғыру үшін, жадыңды жаттықтыруға мәжбүр боласың.
Шараны ашқан аудан әкімінің орынбасары Ж.Тажмаханов ұлттық жобаның өскелең ұрпақ үшін мән-маңызына кеңінен тоқталып, талапкерлерге сәттілік тіледі. Одан соң «Qazaq Epos» қоғамдық қоры ұйымдастырған «Тұлпар мініп, ту алған» ұлттық жобасының Қызылорда облысындағы менеджері Нұрсұлтан Қаражан қатысушыларды байқаудың талап, ережелерімен таныстырып, қазыларға талапкерлерді бағалау критерийлерін түсіндірді. Байқауға аудандық білім бөлімінің басшысы Гүлзат Құрманбаева, ардагер ұстаз Бақыт Кәнтаева, аудандық «Жалағаш жаршысы» газетінің жауапты хатшысы Қуат Ахетов, аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің сектор меңгерушісі Бибіәсия Дүйсенбиева және аудандық жастар ресурстық орталығының бөлім басшысы Нарбота Серәлі қазылық етті.
Әр мектептен қатысқан 7-8 оқушы кезегімен сахнаға көтеріліп, өзара бақ сынады. «Қобыланды батыр» жырын барлығы түгел жаттап алды десек, оқырманды иландыра алмаспыз. Алайда байқауға қатысқан 195 оқушының ішінде жырды толық жаттап алғандар бар екен. Үйінде мүдірмей айтқандардың көбі көпшіліктің алдына шыққанда қобалжыған көңілдерін орнықтыра алмай жадына жазылған жырдың кейбір шумақтарын ұмытып қалды, енді бірі шатастырып алды. Әрине, қазылар оларға түсіністікпен қарады. Әйтсе де, байқаудың талап-ережелері барлық мектептерге алдын ала берілген соң, байқауға қатысқан балаларды дайындаған жетекші-ұстаздар оларға тек жырды жаттатып қана қоймай, психологиялық тұрғыдан да көбірек жұмыс жасау керек пе еді деп қаласың?! Десе де, бұл байқау ауданымызда алғаш рет өткізіліп отырған соң, «көш жүре түзеледі» деп кешіріммен де қарауға болады. Әрине, оқушылардың ішінде жырды мүдірмей жатқа айтқандары бар және кез келген жерінен сұрағанда ары қарай жалғастырып кететіндерге ешкім күмән келтірген жоқ. Олар қазылар тарапынан да өздеріне лайықты бағаларын алды. Айта кетуіміз керек, №33 мектептің 10-сынып оқушысы Сәдуақас Нұрбосын ауруханаға жатып қалғанына қарамастан, жаттаған жырын Алматы қаласынан бейнетүсірілім арқылы жолдапты. Бұл балалардың байқауға қатысуға деген ерекше ықыласын тағы бір аңғартты.
– Байқау балаларды тек рухани жағынан ғана шыңдап қоймайды, жадын да жаттықтырып, есте сақтау қабілетін жоғарылатады. Мәселен, жазғы демалысқа шыққан баланың бар ынтасы ойынға ауады. Ал физикалық қимыл-қозғалысқа мидың онша қатысы болмайды. Үздіксіз белсенді жұмыс істемеген мидың қатпарындағы бұрыннан жиналған ақпараттардың өшіп қалатынын ғылым дәлелдеген. Сондықтан биыл жазғы демалыста осы ұлттық жобаға қатысқан балалардың барлығының жадын да, жанын да батыр бабаларының рухы үздіксіз сілкілеп тұрды десек болады. Демек, бұл байқаудың біздің ұлттың келешегі үшін берері көп, – дейді аталған жобаның Қызылорда облысындағы үйлестірушісі Дәурен Омаров.
Сонымен байқаудың бірінші кезеңінде қатысушылардың барлығы сахнаға шығуға мүмкіндік алса, екінші кезеңде осылардың ішінен жырды 100 беттен асыра жаттаған 12 бала іріктелді. Екінші кезең мыңнан тұлпар, жүзден жүйрікті анықтады. Нәтижесінде қазылар алқасының шешімімен №118 мектептің 11 сынып оқушысы Аружан Нұрадин бірінші орынды иеленсе (жетекшісі Гүлнәр Жүнісова), екінші орынды А.Бисенов атындағы №38 мектептің 9 сынып оқушысы Айдана Жұмат (жетекшісі Жанар Шілдебаева) жеңіп алды. Ал, үшінші орын №123 Т.Жүргенов атындағы мектеп-лицейдің 9 сынып оқушысы Рахат Ахметжәмиге (жетекшісі Риза Ибрагимова) бұйырды. Байқаудың облыстық кезеңіне өткен жеңімпаздардың жүлдесін (І-ші орын иегеріне – 150 мың теңгенің, ІІ-ші орын игеріне – 100 мың теңгенің, ІІІ-ші орын иегеріне 50 мың теңгенің сертификаты) алдағы уақытта облыс әкімінің орынбасары Наурызбай Байқадамов салтанатты түрде тапсыратын болады.
Шара соңында сөз алған Г.Құрманбаева байқаудың аудандық кезеңі жоғары деңгейде өткенін айтып, қатысушылармен оларды дайындаған ұстаздарға алғысын білдірді және алдағы уақытта оқушыларға жетекшілік жасаған ұстаздар да аудандық білім бөлімі тарапынан арнайы марапатталатынын жеткізді.
– Байқауды ұйымдастырушыларға алғысымыз шексіз. Біз бұдан ел өміріндегі елеулі рухани өзгерісті көреміз. Бұл байқаудың аты айтып тұрғандай оқушылардың ғана жадын жаңғыртып қойған жоқ, ересек тыңдармандардың да рухы сілкінгеніне куә болдық. Сондықтан бұл ұлттық жоба жылдан жылға жалғасын табар болса, рухани жаңғырудың нағыз қайнар бастауы болар еді деп ойлаймын. Ал енді балаларды осы байқауға дайындауда олардың жетекшілерінің де еңбегі зор. Бұл жұмыста әрбір ұстаз өз әдістерін пайдаланып, көп еңбектенгені сөзсіз. Мақсат – тек баланың санасына салмақ түсіріп, қинап жаттату емес, осы жырдың он жолын болса да алдымен балаға ауызша түсіндіру арқылы баланың санасына сіңіру, сезіндіру. Біз де аз ізденген жоқпыз. Ал ынтамен, еңбекпен, ізденіспен атқарылған жұмыстың нәтижесі де болады. Бүгінгі жеңісіміз бізді қанаттандырды, – дейді Жанар Шілдебаева. Рухани шараға аталған жобаның Қызылорда облысындағы менеджері Жұлдызай Асанова да қатысты.
Қуат АХЕТОВ