» » » ҰЛТ МҮДДЕСІ ЖОЛЫНДАҒЫ ҰЙҒАРЫМ

ҰЛТ МҮДДЕСІ ЖОЛЫНДАҒЫ ҰЙҒАРЫМ


Ұлы ағартушы А.Байтұрсынов: «Ұлттың сақталуына да, жоғалуына да себеп болатын нәрсенің ең қуаттысы – тілі» деген еді. Осынау ұлағатты қағиданың өміршеңдігі қазір де көрініп тұр. Қазақ тілін латын әліпбиіне көшіру – Тәуелсіз Қазақстанның көшбасшы елдер қатарында болып, ұлттық санамыздың қайта жаңғырып, қазақ тілінің жаңа технологиялармен үндесіп, әлемдік тілдермен ықпалдасуының бірден-бір кілті. Бұл мәселенің Тәуелсіздік алғалы бері айтылып, ұзақ уақыт парасатпен пайымдалып, алғышарттары қаланып, дайындық жұ­мыстары жүріп келе жатқаны да анық. 
Ұлт көшбасшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақа­ласында:  «Латыншаға көшудің терең логикасы бар. Бұл  қазіргі  заманғы технологиялық ортаның,  коммуникацияның,  сондай-ақ, ХХІ ғасырдағы ғылыми және білім беру процесінің ерекшеліктеріне байланысты» деген еді, демек, қазіргі әлемдік төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы даму қарқындылығы осы жүйеге біздің де тез көшкенімізді қажет етеді.   
Латын графикасына негізделген қазақ әліпбиінің мұнан бұрынғы ұсынылған екі нұсқасының талқылауды қажет ететін тұстары болғаны белгілі. Алғашқы нұсқа­дағы қолайсыздық – қазақтың кейбір дыбыстарының екі әріппен белгіленуі болса, екінші нұсқада бірнеше әріптердің апос­троф арқылы берілуі болып табылады. Мұның бәрі мектепалды даярлық топтарында және бастауыш сыныптардағы сауат ашу кезеңінде дыбыс пен әріптерді ажырата білуде,  дұрыс дыбыстай  білуде, дыбыстарды қабылдап,  жазуда қиындық туғызар еді. Себебі, алғашқы нұсқалар оқушылар үшін  тілдің дыбыстық жүйесін дұрыс көрсете алмайды,  оның орфографиясын күрделендіре түседі, ал күрделі орфография орфоэпияға, яғни, айтылымға кері әсерін тигізеді. 
Тіл мамандарының, педагогтардың, қоғам қайраткерлері мен қалың жұртшы­лықтың  пікірлері ескеріле отырып, ұсы­нылған қазақ әліпбиінің  жаңа нұсқасы қабылдануымен балаларды  ­сауаттандыру кезеңінде  кездесетін кедергілер мен қиын­дықтар өз шешімін тапты.  Қазақ жазуының фонологиялық негізі мен фонематикалық принципіне сәйкес жаңа әліпбидің оқуға, жазуға  жеңілдігі айқын көрініп тұр. Ең бас­тысы – қазақ тілінің дыбыстық заңдылығы бұзылмаған.
Елбасы «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауында: «Біз­дің барлық түлектеріміз елімізде және жаһандық әлемде өмір сүріп, жұмыс істеуі үшін қажетті деңгейде үш тілді мең­геретін болады. Сонда ғана азаматтық қоғам құрылады» десе, латын графикасы негізіндегі қазақ әліпбиінің енгізілуі  мектеп оқушыларының ағылшын тілін еркін меңгеріп, жаратылыстану бағытындағы пәндерді ағылшын тілінде игеруін жеңіл­детеді. Компьютерлік жаңа технологиялар арқылы ғаламдық ақпарат кеңістігіне кірігіп, жаһандық әлем­мен еркін ықпал­дасып, ақпараттарды түпнұсқада алуына мүмкіндік береді.
Латын графикасы – ағылшын әліпбиінің де негізі. Ал, балалар  ағылшын тілін бас­тауыш сыныптан  бастап оқитындықтан,  латын графикасына негізделген жаңа қазақ әліпбиіне көшу  оларға аса қиындық тудырмайды. 
Сайып келгенде, бәрі де болашақ ұрпақ үшін жасалып жатқан дүние. Ендігі мақсат – жаңалықты жылдам қабылдап, іске кірісу. Уақыт жайбарақаттықты көтермейді. Енді қазақ тілінің емле, ережелерінің жаңа әліп­биге негізделіп  қайта қаралуы, оқулық­тар мен әдістемелік құралдардың қайта жазылуы кезек күттірмейтін мәселе.
 Елбасы 2025 жылға дейін білім берудің барлық деңгейінде латын әліпбиіне көшу­дің нақты кестесін жасап, 2018 жылдан бастап жаңа әліпбиді үйрететін мамандар даярлау мен орта мектептерге арналған оқулықтарды дайындауға кірісуді тапсырды. 
Мектептегі білім беруді жаңа әліпбиге көшіру ең  алдымен мектепалды даярлық тобындағы «Әліппені» оқытудан басталады. Олай болса, мектеп мұғалімдерін, оның ішінде  бастауыш сынып  мұғалімдерін даяр­лайтын оқу орындарына үлкен мін­деттер жүктеледі.
Бұл тарихи сәт те – елдігіміз бен бірлі­гіміз, жарқын болашаққа бағдарланған рухани жаңғырған санамыз сыналатын кезең. Ел мүддесі жолындағы ұйғарымға берік топтаса біліп, сындарлы шешімді қолдап, дәуір сынағынан  мүдірмей өту – баршамызға ортақ парыз, абыройлы міндет.


Б.САЙЛЫБАЕВ,
М.Мәметова атындағы Қызылорда педагогикалық жоғары колледжінің директоры, 
педагогика ғылымдарының 
докторы,  профессор.
27 ақпан 2018 ж. 948 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 707

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031