» » » ТАБИҒАТПЕН ТІЛДЕСКЕН, ТӨРТ ТҮЛІКПЕН БІРГЕ ӨСКЕН

ТАБИҒАТПЕН ТІЛДЕСКЕН, ТӨРТ ТҮЛІКПЕН БІРГЕ ӨСКЕН

Бабаларымыздың байырғы мекені – дала. Көшпенді халқымыз өздері жаз жайлап, қыс қыстаған мекендеріндегі жер-су атауларын сол аймақтың табиғатындағы ерекшеліктеріне қарай дөп қойған. Сонымен бірге тұрмысына төрт түлігін тірек етіп, мал соңында жүрген халқымыз ауа-райы қабағын жіті бақылап отырыпты.

Аузынан шыққан әрбір сөзі ел ішіне лезде тарап, аңызға айналып кететін есімі Сыр өңіріне белгілі Сәңкібай деген дуалы ауыз, көреген ақсақал болды. Қызылқұмда туып, сол құм ішінен мәңгілік тыныс тапты. Қызылқұмның Қазақстан мен Өзбекстан аралығындағы аймағын бес саусағындай біліпті жарықтық. Күндіз тұрмақ, түнде де жолдан бір қадам қиыс кетпейді екен. Шөл далаға кіндігі байланған сол қарияға шеті, шегі жоқ Қызылқұмның әр өркеші, әр түп жусаны, әрбір қарайған бұтасы мен сексеуілі өз қолымен қойғандай таныс болыпты. Көзді байлаған айсыз қараңғыда жол жүріп келе жатып бұта түбіне қарап немесе сол жердің бір шөкім топырағын қолына алып бағытын айқындай береді екен. Ақсақалдың айтуынша, дала төсіне бітетін әрбір өсімдіктің басы күншығысқа қарай сәл иіліп өседі және жел үнемі солтүстіктен соғып тұрған соң бұталар мен шөптесін өсімдіктердің түбіндегі топырақ жел жақ бетіне көп үйіліп қалатын көрінеді. Соған қарап шығыс пен батысты, оңтүстік пен солтүстікті бағдарлай беруге болады екен. Сәңкібай ақсақал түн ортасында ат үстінде келе жатып қай жерде қандай өсімдік өсетінін, қай аймақтың шөбі шүйгін, оты мол екенін жер бағдарына қарап шамалайтынын айтады білетіндер.
Бірде ауылдан шыққан көлік құмға кіргеннен бағытынан жаңылып адасады. Жолаушылардың хабарын естіп атқа қонған Сәңкібай әкеміз оларды еш қиындықсыз тауып алып, үйіне әкеледі. Дастархан басында әлгілер үй иесінен шөл даланың «құпияларын» сұрайды. Сонда ақсақал: «Оның құпия ештеңесі жоқ. Мен осы құмның ішінде туған адаммын. Бұл жердің құпия сырын білгің келсе, өзің өмір сүріп отырған ортаңа құрметпен қарауың керек, оған адал болуың қажет. Сонда табиғат саған да жақсылығын аямайды. Бұл – менің ғана емес, ата-бабамның да атақонысы, қасиетті мекені. Сондықтан мен туғалы топырағын жастық, аспанын көрпе қылып, өмір сүріп отырған бұл құм ішінің бір тал бұтасын себепсіз сындырып, залал келтіргенім жоқ. Атымның тұяғы, өзімнің көзім жеткен жерге дейін ынсапсыз адамдардан жүгірген аң, ұшқан құсын, тіпті жыбырлаған жәндігіне дейін қорғап келе жатырмын. Мен тәніме де, жаныма да осы құмнан қуат аламын. Сосын да осы мекеннен алысқа ұзап шыға алмаймын. Ертең тіршіліктегі талқаным түгесілгенде ауылға апармай-ақ, осы жерге қойыңдар деп балаларыма аманат еттім» депті ақсақал.
Иә, түзде туып, түзде өлген кешегі көшпелі халықтың, көреген, данышпан халықтың ұрпағы Сәңкібай қарттың аманатына қиянат болған жоқ, мәңгілік мекені де сол Қызылқұмның ішінен бұйырды.
Сәңкібай әкеміздің алдында адалдан жиған тоқсан түйесі болғанын бала күнімізден естіп өстік. Қызылқұмның табиғатына бейімделген маң-маң басқан жануарлар сол шөл даланың бір бөлшегі. Өрістегі төрт түлігінің әрбіреуін тұяғынан танып, түгендеп отыратын малсақ қарт ұзақ жыл Аққыр қаракөл-қой совхозының малын бақты. Отардағы бір қойы кемісе ас ішпей жатып қалады екен. Әрине, бұл сараң адамдарға тән пендәуи дүниеқоңыздық емес, үкіметтің алдына салып берген аманатына адалдық, жауапкершілік, ең бастысы, қазақтың жанымен, тұрмысымен тұтасып кеткен түлікке, төлге деген ерекше ықыласы.
Сәңкібай әкеміз қысты күндері бұта басына торғайлар топтанып қонып, тынымсыз шиқылдаса немесе құмдағы тышқандар шақылдаса ауа-райының күрт бұзылып, ақ түтек боран болатынын біліп мал өрісін ұзатпайды екен. Егер өрістегі отар қой шашырап жайылмай, топтана берсе, кешікпей жауын-шашын болатынын айтады екен. Сол секілді жылқы оқыранса, түйе пысқырса, боран соғатынын, отардағы қой қораға шашырап кірсе, қыс жайлы болатынын, ал мекіренсе қар қалың түсетінін, күн құлақтанып батса ертесі жайлы болатынын, ал күн құлақтанып шықса жауын-шашын болатынын, кеуріктің діңі жуан болса, қыс қатты болатынын, көктемде шыққан жусанның жұпары ұзақ сақталса жаз жайлы болатынын айтып отырады екен. Сол көреген қарт «Адамда ақыл болса, малда ес бар, Зауал алдымен малға келеді, содан соң адамға келеді» деп отырады екен. Бұл сөздің астарында «Түлік асырасаң оған үлкен жауапкершілікпен, мейіріммен қара, мал баққан, қараған адамға ғана бітеді. Қазақ халқының төрт түліксіз тіршілігі жоқ» дегенге саяды. Рас, бір кездері Қызылқұмға симай теріс айналып жайылатын малдан бұл күнде тұяқ қалмаған. Сәңкібай әкеміздің тоқсан түйесінен де тұқым жоқ. Жарықтық, әкеміздің қотандағы қоймен, түйесімен тілдесетіні, төлдерін қалай айналып-толғанатыны, «төлімнің басы», «малымның құты» деп жүретін ақ бурасы далада арам өліп қалғанда, апталап нәр сызбай төсекте жатып қалғаны өз алдына бөлек әңгіме...
Табиғаттан қуат алып, ілім-білімді де, тазалық-тақуалықты да сол өзін қоршаған тұмса табиғаттан үйренген Сәңкібай ақсақалдың ауа-райына байланысты болжамдары дәл келіп, төрт-түлік малының басын талай жұттан аман алып қалыпты.


Қуат АХЕТОВ
11 қаңтар 2020 ж. 575 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 766

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930