» » » Жаратқан жар болған тұлға

Жаратқан жар болған тұлға

Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұлтымыздың рухани байлығы жаңғырып, бойын түзеуде. Осы тұрғыда ұлтымыздың ел болып қалыптасудағы өсу-өркендеу кезеңдеріндегі тарихтың қойнауына кетіп, уақыт өткен сайын көмескіленіп бара жатқан ұлттық құндылықтарымызды, сол құндылықтарды жасаушы ел басқарған тұлғаларды, бүгінгі бейбіт, бақытты заманның көлеңкесінде қалдырмай олардың халқына жасаған еңбегі мен өмір жолдарын жас ұрпаққа хабардар етіп отыру бүгінгі аға буынның ғибратты ісі деп білемін.

Қазақ елінде небір асыл да ардақты ел басқарған азаматтар аз болмаған. Сол ардақты да, асылдарымыздың бірі және бірегейі – аса көрнекті мемлекет және қоғам қайраткері, «XX ғасыр адамы», Қазақстанда 26 жыл бойы бірінші басшы болған, ғалым-академик Кеңестер Одағының үш дүркін Еңбек Ері атағын алған тұлға – Дінмұхамед Ахметұлы Қонаев. Ғасыр тұлғасы Верный қаласында (қазіргі Алматы) 1912 жылғы 12 қаңтарда дүниеге келген. Ол 45 жыл Қазақстанның ең жоғарғы билік лауазымында болды. Сталиннен Горбачевқа дейінгі барлық кеңес мемлекетінің басшыларымен, өз республикасының бірінші басшыларымен іскерлік қарым-қатынаста ұзақ жылдар нәтижелі еңбек етті. Ол Мәскеу түсті металлургия институтын бітірген. 1936 жылы институтты бітіргесін Балқаш мыс қорыту комбинатының «Қоңырат» руднигіне бұрғылау станогының машинисі ретінде жұ­мыс­қа орналасып, рудниктің ди­ректоры қызметіне дейінгі лауа­зым­­­дар сатысынан өтеді. 1939 жы­­лы басталған екінші дүниежүзілік со­­ғыстың қиын күндерінде тылдағы жұ­­мысты ұйымдастыруда ерекше еңбе­гімен көзге түсіп, «Алтай по­ли­металл» комбинаты бас инже­не­рінің орынбасары, сонан соң Рид­дер руднигінің және Ленинагор кен бас­қармасының директоры қыз­метін атқарады.
Ұлы Отан соғысы жылдары қазақ үкіметінің басшысы Нұртас Оңда­сынов «Ленинагор полиметалл» ком­­­­­бинатына барған сапарында комбинат директоры Д.Қонаевты көріп, сол кездегі Қазақстан ОК бірінші хатшысы Н.Скварцовқа «Мен өзіме өте тамаша, іскер, білімді орынбасар таптым» деген екен. Міне, сол кезеңнен, яғни 1942 жылдан бастап Д.А.Қонаев республика көлеміндегі игі істердің бел ортасында жүрді. Елуінші жылдары Дінмұхамед Ахметұлы Қазақстан Республикасы ғылым Академиясының президенті болған жылдары Қызылорда облысынан Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің де­пу­тат­тығына кандидат болып ұсы­нылады. Жалағаш ауданының Мә­­­дениет үйі болған «Иманқұл» ме­ші­­тінде сайлаушылармен кездесіп, сөйлеген сөзін әке-ағаларымыз ай­тып отыратын. Ол кісінің ғалым ре­тінде өңірдің суармалы күріш ша­руа­шылығын дамытуға және Қа­ратау қойнауын, Арысқұм мен Қызыл­құмды игеру үшін ғылыми зерттеу жұ­­­­­­мыстарын жүргізуге бағыт-бағдар бер­­­­генін атап кету керек.
1972 жылы ҚКП ОК бірінші хат­шысы Д.А.Қонаев Қызылорда облы­сына келген сапарында біздің аудан­ның Калинин атындағы кеңша­рында болған.

Табиғат байлығын тарту еткен Қазақстанның халық шаруашылығы елуінші жылдардың екінші жарты­сынан бастап қарқынды дами бастаған еді. Өкінішке орай осы жылдары Одақтағы бар билікті қолына алған Н.С.Хрущев партиялық принциптер мен демократиялық қағидаттарды белден басып, Қазақстан Республикасын бөлшек­теуге, кейбір жерлерімізді шекаралас республикаларға алып беруге белсене кірісті.
1962 жылдың күзінде Н.Хрущев көршілес екі республиканың басшы­лары Д.Қонаев және Ш.Рашидов бастаған бір топ делегатпен Мақ­тарал ауданына келеді. Аудан, облыс басшылары қатысқан жиында Н.С.Хрущев үш ауданды Өзбек Республикасына беру жөнінде ұсы­ныс жасайды. Оған Д.Қонаев бас­таған ел басшылары үзілді-кесілді қарсы шығады. Ашуға булыққан Н.С.Хрущев ешкімге қарамастан қай­тып кетеді. Кейін Мәскеуге Қазақ Республикасының басшылары Д.Қонаев пен Ж.Тәшеновті шақырып, Ор­талық партия комитетінің бюро мүшелерінің алдында Қазақстанның солтүстігіндегі бес облысты Ресейге, ал Маңғыстау, Гурьев облыстарын түркмендерге, Шымкент облысының Мақтарал, Киров, Жетісай аудандарын Өзбек республикасына беру жө­нінде ұсыныс жасайды. Д.Қонаев та, Ж.Тәшенов те бұл ұсынысқа келіспейді. Әсіресе, Жұмабек Тә­шенов өжеттік пен қайсарлық таны­тып: «Ата-бабаларымыз біздерге кін­дік қандары тамған ата жұртты, ту­ған жерімізді көлденең келгендерге таратып беріңдер деген құқықты бер­меген. Сондықтан бір қадам жері­мізді де бере алмаймыз!» деп кесіп жауап қатады.
Н.Хрущев осы жауапты естігенде қан-қысымы көтеріліп, қызара бөртіп ыза-ашуға басып, аузына келгенін айтады, «Көрермін сендерді» дегендей сес білдіріп, бюро мәжілісін жабады. Көп ұзамай-ақ сол жылдың желтоқсан айында Мәскеудің тікелей бұйрығымен Қазақ Республикасының Жоғарғы Кеңесі депутаттарының бердік деген, Өзбек Республикасының алдық деген келісімімен және 1963 жылдың 30 қаңтарында Кеңес Одағы Жоғарғы Кеңес депутаттарының келісімін алып, Мақтарал, Киров, Жетісай аудандары Өзбек Республикасына беріліп кетеді. Жоғарыдағы облыстар әупіріммен қазақ республикасында қалады. Сол «шайқастан» соң Д.Қонаев Қазақстан Республикасы Орталық партия комитетінің бірінші хатшылығынан босатылады да Республика министрлер кеңесінің төрағасы қызметіне төмендетілді. Ж.Тәшенов республиканың Жоғарғы Кеңес төрағалығынан, Оңтүстік Қазақстан Облыстық Кеңесі Атқару Комитеті төрағасының орынбасары қызметіне құлдырайды. Н.Хрущевтың өз білгендігі ұзаққа бармады, ол 1964 жылдың қазан айында орнынан алынды да, КСРО Орталық Комитетінің Бас хатшылығына Л.И.Брежнев келді. Д.А.Қонаев қайта өз орнына отырды. 1971 жылдың мамырында Өзбек Республикасына берілген үш аудан – Мақтарал, Жетісай, Киров аудандары, кейінгі шекарамен Қазақстанға қайтарылды. Қазақстанның экономикасы дамыды, халықтың әл-ауқаты жақсара бастады. Республикамызда орналасу және экономикалық жағдайларына байланысты 3 облыс құрылды.
1986 жылдың желтоқсаны біздің ұлтымыз үшін қасіретті кезеңнің бірі болғанын, кезектен тыс партия пленумында Д.Қонаев орнынан алынғанын, оның орнына Қазақстанды, қазақ халқын мүлдем білмейтін, Ульянов облысы партия комитетінің бірінші хатшысы Г.Колбин деген бейтаныс адамды әкелгенін білеміз. Бүкіл саналы ғұмырын Қазақ еліне қызмет жасауға арнаған, республиканы ширек ғасырдан аса басқарған одаққа қалаберді, дүние жүзіне танымал үш дүркін Кеңестер Одағының Еңбек Еріне Мәскеу бір ауыз да жылы сөз айтпай орнынан босатты. Д.Қонаев естеліктерінің бірінде Солтүстік Кавказдағы демалу орнында болғанымда сол жылдарда Ставрополь өлкелік партия комитетінің бірінші хатшысы қызметінде жүрген С.Горбачев маған арнайы келіп, хал-жағдайымды біліп, жалпақтап, ізеттік көрсеткен, ал Орталық комитеттің бас хатшысы болғаннан кейін күрт өзгерді, тырнақ астынан кір іздеуді үдете түсті.
Белгілі ғалым Марта Оклот М.Горбачевтың екі жылға жуық Д.Қонаевпен алысып, оны жеңе алмағандығына қайран қалып естелік жазған. Димекеңнің 20 жылға жуық оқ қағары болған, сол үшін жазаланған Анатолий Горяновтың: «Қасиетті адам Горбачевты киесімен ұрды» дегені бар. «Бірде үйінде телефонда Горбачевпен ұзақ сөйлесті, соңында: «Менен ала алмай жүрген қандай кегің бар Михаил Сергеевич?» деп қатты кетті дейді ол. Қажет жерінде Димекеңнің қатты кететін кездері болған. Бәрінен бұрын оның М.Горбачевты ақыл-парасатымен жеңгені батыс елдеріне және АҚШ-қа дүрлікпе ақпарат болып тараған. 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы көп ұлтты Кеңестер Одағының ұлттар лабараториясы атанған Қазақстанға жабылған жала, жағылған қара күйе болды. Қаншама бейкүнә жастарымыз, ел ағалары мен зиялы ұлт өкілдері зардап шекті. Орталық қаралаушы орындардың мықты күштерін республикаға қарай тоғытты. А.Асқаров пен Л.Бекежановқа қасақана жала жауып, түрмеге жапты. Д.Қонаев үй қамаққа алынып, халықпен жүздесу құқығынан айырылды. Мәскеудің арнайы тапсырмасымен келген бас прокуратураның Колиниченко деген тергеушісі Дінмұхамед Қонаевты бірнеше ай бойы тергеуге алды.Ол тергеу барысында бар озбырлығын жасап бақты. Оған дәлел мына жөнсіз, жазықсыз тағылған айыптар болатын. Солардың бірнешеуіне тоқталайық: Біріншісі, Ерекше тергеуші Колиниченко Д.Қонаевқа шүйлігіп: «Д.Қонаев! Сіз академик екенсіз, академикке тиісті гонорарды 17 жылдан бері алып, өз кәдеңізге жаратып келіпсіз. Бұл үлкен заңсыздық» дейді. Д.Қонаев: «Дұрыс академик екенім рас, айлықты 17 жыл бойы алып келгенім де рас» дейді де, оны көлігімен қаладағы жетімдер үйіне алып келеді. Есеп бөліміне кіріп,17 жыл бойы әр ай сайын академик ретінде беріліп отырған қаражаттың балалар үйіне қабылданғаны туралы түбіртегін (квитанцияларын) көрсеттіреді. Екіншісі, Колиниченко: «Сіз жиырмадан астам елде болыпсыз. Сол әрбір болған елдің басшыларынан қымбат бағалы заттарды сыйлыққа алыпсыз, сөйтіп біздің Кеңес Одағының заңына қайшы іс-әрекеттер жасапсыз. Сол заттай айғақтарды тәркілеймін де, сізді қамауға алуға қаулы шығарамын» – дейді. Д.Қонаев саспастан жәйбарақат, қарапайым мінезімен тергеушіге тік қарайды да, ендеше жүріңіз менімен, деп оның көлігіне отырып, музейге апарады. Сөйтсе, барлық шет елдердің басшылары сыйлаған қымбат мүліктер, сөрелерде тізіліп тұр екен. Үшінші, Колиниченко Д.Қонаевтың үйіне киліге кіріп келіп, енді сенге көшіп бұйыра сөйлейді: «Қонаев! Енді менен құтыла алмайсың, жетпіс жасқа толғаныңда сыйлыққа қызметкерлеріңнен шетелдік теледидар алыпсың. Сол бізге айғақ болды!» деп тікенектей жабысады. Д.Қонаев тергеушінің бұл келісіне де бұрынғы қалпын сақтап: «Е, тергеуші жолдас, дұрыс айтасың, менің жетпіс жасқа толған тойымда әріптестерімнің естелікке деп сыйлаған шетелдік теледидары бар. Жүр сізге көрсетейін» дейді. «Енді тұзаққа түстің бе?» дегендей тергеушінің көзі жайнап кетеді. Екеуі көлікке мінеді. Орталық комитеттегі бұрынғы кабинетіне кіріп келеді де кіре берістегі киім ілетін шкафты аштыртады. Қараса шам жағып іздеген шетелдік теледидар қорабымен ашылмаған күйде тұр екен. Колиниченконың бет жүзі бір қызарып, бір сұп-сұр болып, Қонаевқа бақырайып қараған күйде тілсіз қалады. Не айтарын білместен қолын бір сілтейді де, автокөлікке міне сала жөнеледі.
Мәскеудегі бас прокуратураға барып, құжатын үстелдің үстіне қойып жатып: «Дінмұхамед Қонаевты үш ай бойы тергедім. Түк те таба алмадым. Мені қызметтен босатыңыз» деген екен.
Атамыз қазақ айтқандай «Атқа міндің кеудеңді оққа байладың» дегендей, бүгінгі әңгіменің арқауы Дінмұхамед Ахметұлының сол бір кеңестік тоталитарлық заманда елі, жері, ұлты үшін басын бәйгеге тігіп, жанкештілікпен алып империяның басшылығына қарсы тұрып, қыспақ пен қудалаудың озбырлығын көріп «Аққа құдай жақ» деген тәубамен жанының, арының, қолының тазалығымен азаматтың беделі мен атағын абыройын ұлы адамдарға тән қасиетпен сақтап қалғандығын, оқырманға жеткізуді жөн көрдім.
Димекең бүгінгі тәуелсіз егеменді еліміздегі қоғамдық өзгерістерді көру бақытына ие болды. Нұрсұлтан Назарбаев өз кітабында Димекеңнің оңаша кезде оның өзінде бәсең дауыспен «Шіркін, өз алдымызға ел болсақ» деп айтқанын жазғанын білеміз. Мемлекетіміздің Әнұраны, Елтаңбасы, Туы қабылданған күні Абай атындағы опера және балет театрында өткен жиынға қатысқан Димаш Ахметұлы қатты толқыған. Көзіне жас алған. Бұл ұлы тұлғаның өмір бойы халқы армандаған егемендікке қол жеткендегі бақытты күні еді.

Рысбай КӘРІМОВ,
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі


11 қаңтар 2020 ж. 570 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 766

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930