» » » ҰЛТ ҰҒЫМЫНДАҒЫ ҰЯТ

ҰЛТ ҰҒЫМЫНДАҒЫ ҰЯТ

“Ұят” деген сөзді күнделікті ауызекі тілде қолданып, айтып жүргенімізбен, ешкім оның мәнін ашып, мағынасын терең талдап, түсіндіріп бере алмайды. Өйткені ұят ұғымының белгілі бір формуласы, кате­гориясы жоқ. Алла адамзатты жаса­ғанда ұятты да қоса жаратты. Бұған жер бетінің ең алғашқы тұрғындары – Адам ата мен Хауа анамыздың әуретті жерлерін жапырақпен бүркеп, жасыруы дәлел. Содан бері адамзат баласы өзінен басқа тірі пенденің көзі түсуге болмайтын тәнінің белгілі бір мүшелерін ашып жүрмейді. Бұл – тән ұяты. Ал жан ұяты – ар. Адам баласының өзінің бойындағы міні үшін, жасаған ерсі қылықтары мен теріс әрекеттері үшін оңашада өз-өзінен ұялуы. Халқымызда «Дар жазасынан ар жазасы ауыр» деген сөз бар. Ар жазасы адамды өлтіріп тынады. Ар азабынан тән емес, жан "өледі". Демек, адамдық болмысты бүлдірмей сақтап тұратын қуатты да, нәзік тылсымды күш – Ар екен. Ар – жанның күзетшісі, қорғаушысы.

Ұялу тек ыңғайсыз жағдайды бастан өткізген сәттегі уақытша беттің қызаруы ғана емес, сондай халдегі адамның бір сәтке немесе көп уақытқа, тіпті кейде бүкіл ғұмырында өзін жоғалтып алуы. Ғасырлар тудырған рухани құндылықтардың өзі адамзат баласының ар-ұяты арқылы қалыптасты ғой. Отанды сүю, еліңді, жеріңді құрметтеу, обал-сауапты білу, қайырым қылу, намыстану деген адам бойындағы ұлы сезімдер ұят арқылы оянады екен. Сол секілді қиянат, арамдық, нәпсіқұмарлық, ғайбат, балағат, жалған сөз, аярлық, сатқындық, жәдігөйлік, жағымпаздық секілді теріс энергиялы қара күштерді еркіне жібермей, арқандап ұстап тұратын да осы – Ұят екен. Қазақтың «кімде ұят болса, сонда иман боладысы» да ұяттың адам бойындағы ең қастерлі қасиет екенін меңзегені. Қазақ жаратылысынан рухты, ержүрек, намысты һәм ұяң халық, ұяты бар ұлт. Халқымыздың бойындағы бұл мінездері бірі-біріне қайшы емес. Елін сүйіп, жерін қастер тұтқан халықтың кеудесінен намысын оятқан және байтақ даланы қорғаған бабаларымыздың атойлаған наркескен намысының шар қайрағы да осы – ұят. Ұрпағын «обал болады», «ұят болады» деген сөздермен тәрбиелеген халқымыздың ар-ұят туралы түсінігі тым тереңде...
Бүгінде біз еліктеп, үлгі алып жүрген өркениетті елдердің тұрмысында көп нәрсе ұят саналмайды. «Жалаңаштанған» батыстық мәдениет олардың ұлттық, отбасылық құндылықтарын құрдымға жіберді. Мәселен, бірі-бірін ұнатқан қыз бен жігіт некелеспей-ақ екі үйде де ерлі-зайыпты қатынаста емін-еркін тұра береді. Есесіне, жұптары жараспай жатса, сотқа барып, заңды некесін бұздырып әуре болмайды. Сол сияқты Еуропадағы елдердің тұрғындары адамгершілік құндылықтарды қастерлеуді құп көрмейді. Ата-ананың ұрпағы алдындағы парызы, баласының әке-шешесін сыйлауы қазақ халқының жақынын айтпағанда, құдайы қонақпын деп беймезгіл уақытта шаңырағына бас сұққан бейтаныс кісіге көрсеткен құрметінің ширегіне де татымайды. Бірде Сырым батыр жолаушылап келе жатып бағытынан жаңылып, шөл далада адасады. Бір жұма құм ішінде жүрген батыр әбден қаталап шөлдеп, енді өлуге айналғанда жалғыз қараша үйге кезігеді. Батырға да жан керек, есік алдына келіп су сұрауға әрең тілі келеді. Ерні кезеріп шөлдеген жолаушыға үй иесі бір аяқ қара су береді. Ыдыс тола суды басына қотара салған Сырым сол сәтте маңдайынан бұрқ еткен терді сүртіп тұрып «Ақсақал, бір аяқ қара су бір кісінің құны екен ғой», – дейді тілге келіп. Сонда әлгі қария «Жоқ, балам, бір аяқ қара су – екі кісінің құны. Осы су болмағанда шөлдеп сен де өлер едің, сол қара суды тауып бере алмаған ұяттан мен де өлер едім», – дейді.
Айтпағымыз, кешегі бабаларымыздың бойындағы адамгершілік, мейірім-шапағат, қамқорлық, ынсап, рақым, әділет секілді қасиеттерге қазық болған «ұят» деген ұғым бүгінгі жаңа қазақтардың қанынан жоғалып кетті. Абай данышпан осы ұят тұрғысында былай дейді: «...Олай болғанда білмек керек, ұят өзі қандай нәрсе? Бір ұят бар – надандықтың ұяты, жас бала сөз айтудан ұялған секілді, жақсы адамның алдына жазықсыз-ақ әншейін барып жолығысудан ұялғаны секілді. Не шариғатқа теріс, не ақылға теріс жазығы жоқ болса да, надандықтан бойын терістендіріп, шешілмегендік қылып, ұялмас нәрседен ұялған мұндай ұят шын ұялау емес, ақымақтық, жамандық. Шын ұят сондай нәрсе, шариғатқа теріс, иә ақылға теріс, иә абиұрлы бойға теріс бір іс себепті болады. Мұндай ұят екі түрлі болады. Біреуі – ондай қылық өзіңнен шықпай-ақ, бір бөтен адамнан шыққанын көргенде сен ұялып кетесің. Мұның себебі, сол ұят істі қылған адамды есіркегендіктен болады. «Япырым-ай, мына байғұсқа не болады, енді мұның өзі не болады?» дегендей, бір нәрсе іштен рақым секілді болып келіп, өзіңді қысып, қызартып кетеді. Біреуі сондай ұят, шариғатқа теріс, иә ақылға, иә абиұрлы бойға теріс, иә адамшылыққа кесел қылық, қатеден яки нәпсіге еріп ғапылдықтан өз бойыңнан шыққандығынан болады. Мұндай ұят қылық қылғандығыңды бөтен кісі білмесе де, өз ақылың, өз нысабың өзіңді сөккен соң, іштен ұят келіп өзіңе жаза тарттырады. Кірерге жер таба алмай, кісі бетіне қарай алмай, бір түрлі қысымға түсесің. Мұндай ұяты күшті адамдар ұйқыдан, тамақтан қалатұғыны да бар. Хатта өзін-өзі өлті­ретұғын кісілер де болады. Ұят деген – өз бойындағы адамшылығы, иттігіңді ішіңнен өз мойыныңа салып, сөгіс қылған қысымның аты. Ол уақытта тілге сөз де түспейді, көңілге ой да түспейді. Көзіңнің жасын, мұрныңның суын сүртіп алуға да қолың тимейді. Бір ит боласың. Көзің кісі бетіне қарамақ түгіл, ешнәрсені көрмейді. Мұндайлыққа жетіп ұялған адамға өкпесі бар кісі кешпесе, яки оның үстіне тағы аямай өртендіріп сөз айтқан кісінің өзінің де адамшылығы жоқ десе болар. Осы күнде менің көрген кісілерім, ұялмақ түгіл, қызармайды да. «Ол істен мен ұятты болдым дедім ғой, енді нең бар?» дейді. Иә болмаса «Жә, жә, оған мен-ақ ұятты болайын, сен өзің де сөйтіп пе едің?» дейді. Немесе «Пәленше де, түгенше де тірі жүр ғой, пәлен қылған, түген қылған, менікі оның қасында несі сөз. Пәлендей, түгендей мәнісі бар емес пе еді?» деп, ұялтамын десең, жап-жай отырып дауын сабап отырады. Осыны ұялған кісі дейміз бе, ұялмаған кісі дейміз бе? Ұялған десек, хадис анау, жақсылардан қалған сөз анау»...
Иә, Абай өз заманының ұятын айтып отыр. «Өлімнен ұят күшті» дегенді айтқан бабаларымыз неден, кімнен ұялды? Әрине, ең алдымен өзінен ұялды. Ұлтын, елін жерге қарататын ұятты іс жасаса, арының алдында азап шекті. Сырымды ажалдан аман алып қалған ақсақал айтпақшы, біздің ата-бабаларымыз аштықтан емес, ұяттан өлді. Ал бүгінгі өз ана тілін білмейтін, құрметтемейтін мәңгүрттер, мемлекетінің қазынасын тонайтын тоғышарлар, отанын сүйе алмайтын опасыздар, жұрт көзіне елі үшін қызмет еткен мемлекетшіл тұлғаның кейпінде көрініп, ал шындығында өз мүддесін, өз құлқынының ғана қамын ойлайтын жебір-жемқорлардың санасынан ұят деген ұғым ұмытылды. Ұяты қашқан сананы қараңғылық басады. Мейлі ол қанша жерден білімді, жоғары лауазым иесі болса да. Содан соң ұят сәулесі түспеген санадағы ой кірлейді. Ал ластанған ой қоғамды бүлдіреді.
Әсілінде, оқыған, білімді, көзі ашық болса да, ұяты жоғалған бүгінгі кейбір жаңа қазақтан, Абай жоғарыдағы сөзінде ақы­маққа санаған, оқымаса да ұяты бар надан қазақ әлдеқайда артық па дейсің...

Қуат Ахетов

21 қаңтар 2020 ж. 692 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 766

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930