Тіліміздің келешегі үшін керек
Қазақ жазуын латын графикасы негізіндегі жаңа әліпбиге көшіру арқылы реформалау Қазақстан тәуелсіздік алған ХХ ғасырдың 90-жылдарынан бері көтерілген идея болды. Мұны алғаш академик-ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Әбдуәли Туғанбайұлы Қайдар айтты. Тілтанушылардың бұл мәселені алғаш болып қоғам алдына тартуының басты себебі әліпби реформасының ең алдымен тілдің болашағы үшін қажеттілігінен туындады.
Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында: «Қазақ тілін біртіндеп латын әліпбиіне көшіру жұмыстарын бастауымыз керек. Біз бұл мәселеге неғұрлым дәйектілік қажеттігін терең түсініп, байыппен қарап келеміз және оған кірісуге тәуелсіздік алғаннан бері мұқият дайындалдық. Яғни 2025 жылға қарай іс қағаздарын, мерзімді баспасөзді, оқулықтарды, бәрін де латын әліпбиімен басып шығара бастауға тиіспіз», – деді.
Қазіргі таңда бұл мәселе баспасөз беттерінде және халық арасында үздіксіз талқыланып келеді. Қазақ зиялылары, сонымен қатар қалың бұқара да бұл мәселені талқылаудан ешқашан тыс қалып көрмеген. Бірі қолдаса, бірі тілдің болашағына алаңдауда. Негізінен латын әліпбиі бізге таңсық емес. Бізде бұған дейін де латын әліпбиі болған. Өткен тарихымызға үңілсек, кириллицаға көшпес бұрын латын графикасын қолданғанымызды білеміз. Меніңше, латынға көшу – тіліміздің болашағы үшін өте қажет, сондықтан кейбір қиыншылықтардан қорқудың, алаңдаушылықтың қажеті жоқ. Себебі қазіргі таңда латын әліпбиі үлкен беделге ие болып, қолданыс аясы да мүмкіндігі де зор екендігін танытып отыр. Егер латын таңбаларын қабылдай алсақ, біріншіден, көптеген тіл бұзар әріптер өзінен-өзі түсіп қалады. Ол дегеніңіз, қазақ тілінің емле ережелері мен орфографиясы түзелетіндігін аңғартады. Екіншіден, біз латын әліпбиіне көше отырып, бұрынғы латын тілінде жазылған мұралармен қауышамыз.Үшіншіден, қазіргі таңда медицина саласындағы барлық дәрі-дәрмек атаулары, математика, физика, химия формулалары, көптеген терминдер, мамандықтарға қатысты ғылыми әдебиеттер — барлығы да латын әліпбиімен байланысты. Төртіншіден, қазіргі ақпараттық технология дамыған заманда барлығы фейсбук, ватсап секілді әлеуметтік желіде отырады. Бұл жерде де өзара тілдесу латын әріптері арқылы жүзеге асады және компьютерлік техникалардың көпшілігі латын тілінде жұмыс істейді. Сонымен қатар бәріміздің латынша аты-жөндеріміз құжаттарымызда да бар. Сондықтан да латын әліпбиіне көшудің тіліміз үшін пайдасы мол.
Рухани жаңғырудың негізі ұлттық кодымызды жаңғыртудан бастау алуы тиіс. Ал біздің ұлттық кодымыздың негізі – ұлттық жазу. Қазіргі қолданыстағы әліпбиімізді ұлттық жазу деуге келмейді. Қазақ тіл білімінің негізін қалаған ағартушы ғалым әрі көрнекті мемлекет қайраткері Ахмет Байтұрсынов: «Әр ұлтқа төрт нәрсе керек. Олар: тіл, діл (менталитет), дін және жазу. Осылары болса ғана әр халық – өзінше халық. Егер бұлардан айырылса, ол ел, халық болудан қалады», – деген. Бұдан біз ұлттың ұлт болуы үшін жазудың да үлкен рөл атқаратындығын аңғарамыз.
Кириллицаға негізделген қазақ әліпбиі 1940 жылы тоталитарлық билік тарапынан күштеп енгізілу салдарынан мемлекеттік тіліміздің лингвистикалық әлеуетін толық аша алмай отыр. Керісінше, әлі күнге дейін шетелдік кірме сөздер мен терминдер қазақ тіліне ассимиляцияланбай, орыс тілінің орфографиялық ережесімен кірігуде. Бұл өз кезегінде қазақ халқының ұлттық санасына кері әсер етуде. Бұл құбылыс жалғаса беретін болса, мемлекеттік тіліміздің дамуына нұқсан келіп, қазақ ұлттық санасында бөтен тіл мен мәдениеттің үстемдігі күшейе бермек. Ал бұл – ұлттық қауіпсіздікке қатер төндіретін бірден-бір фактор.
ХХІ ғасырдың ақпарат дәуірі екендігін ескерсек, компьютер мен интернет қолданысы артқан сайын қолданыстағы әліпбидегі қазақ әріптерінің компьютерлік код жүйесіне енгізілмеуі салдарынан қазақ тілі өзінің мемлекеттік тіл ретіндегі коммуникативтік әлеуетін көрсете алмай, тілдік бәсекелестіктен ұтылып отырғаны жасырын емес.
Міне, осындай тілдік, ақпараттық-коммуникациялық себептерге байланысты қазақ әліпбиін латын графикасына көшіру – заман талабы. Сондықтан да бұл мәселе осыдан бірнеше жыл бұрын «Қазақстан – 2050» стратегиясына енгізілген болатын. Қазақ жазуын латын әліпбиіне көшіру арқылы қазақ тілінің коммуникациялық әлеуеті артып, қазақ халқының ұлттық бірегейлігін қалпына келтіруге болады.
Әрине, Парламентте таныстырылған латын қарпіне негізделген қазақ әліпбиінің жаңа нұсқасы әлі де болса жетілдіруді қажет етеді. Бұл жерде біз асығыстыққа жол бермей, жеті рет өлшеп, бір рет кесуіміз керек. Сондықтан осы бағытта құрылған жұмыс тобы тілші-ғалымдардың, зиялы қауымның және жалпы жұртшылықтың пікірін ескере отырып, сындарлы шешім қабылдайды деп үміттенемін. Себебі әліпби реформасының жемісті жүргізілуі, ең алдымен, қабылданатын әліпби нұсқасының дұрыстығына тікелей байланысты. Басы артық әріптерден арылған, тіліміздің дыбыстық жүйесін толық қамтитын, сонымен қатар интернет жүйесіне де сәйкес келетін әліпбиді қабылдаумен қатар, емле ережемізді де түзеуіміз керек. Бөгде тілдің элементтерінен арылғанда ғана ұлттық сана жаңғыратын болады.
Латын әліпбиіне көшу реформасы шеңберінде әліпбиіміздегі басы артық бөтен әріптердің саны азайып, тілді үйрену оңайлай түспек. Заманауи ақпараттық технологияның құралына айналған латын қарпін үйрену, әсіресе, шет тілдерін, соның ішінде Еуропа тілдерін жетік меңгерген жастарға қиын емес. Егер де әліпбидің жеңіл әрі ұғынықты нұсқасы бекітілсе, оны үйреніп алу аға буынға да ауыр соқпайды.
Өкінішке орай мәселенің байыбын жете түсінбейтін кейбір азаматтар «Латын тіліне көшу қазақ тілінің дамуына тежеу болады» деген негізсіз ой айтады. Нақтылап айтайын, біз латын тіліне емес, тек латын графикасы негізінде әзірленген қазақ әліпбиіне көшеміз. Сондықтан тіл мен графика ұғымдарын шатастырмауымыз керек.
Латын графикасына негізделген әліпбиді бекіту арқылы қазақ ұлттық бірегейлігі қалыптасып, ұлттық санасы жаңғырып, әлем қазақтарымен ортақ ақпарат кеңістігі қалыптасып, ғаламторда қазақ жазуы толық оқылып, сол арқылы, шын мәнінде, бүтін әрі бәсекеге қабілетті ұлт боларымыз анық.
Латын қарпіне көшу – көкжиегімізді кеңейте түсері анық. Латынға көшудің артықшылығы көп. Латын әліпбиіне көшу, ана тіліміздің болашағын ойлап, қолданыс аясын одан әрі кеңейте түсуге мүмкіндік жасап, орыс әріптерінен «ажырауымызға» мүмкіндік туғызып, қазіргі қос тілде сөйлейтін жастарымыздың санасының жаңғыруына септігін тигізетіні сөзсіз. Демек ұрпақ келешегін ойласақ, ұлттығымыздың негізгі белгісінің бірі тілімізді сақтап қаламыз десек, бірден-бір дұрыс жол — латынға көшу. Қазақстанның латын әліпбиіне көшуі, қазақ халқының ұлттық болмысын сақтап қалуға көмектесетін өркениетті қадам екенін білгеніміз артық болмас.
Салтанат Орынтайқызы,
Т.Жүргенов атындағы
№123 мектеп-лицей мұғалімі