РУХАНИЯТ ӨЛКЕСІНІҢ БЕРІК ҚАМАЛЫ
Ұлт мұратына жетудің жалғыз жолы – сол ұлттың рухын көтеру. Ұлттық рух қоғамдық мәдениет, мәдени орта арқылы қалыптасады. Мәдениеті мәнді елдің ғұмыры мәңгі. Өйткені мәдениет – өмірдің өзегі. Сол өзекке нәр таратып отыратын мәдениет саласының майталмандары. Сол үшін әр өңірде әдеби-мәдени, рухани атмосфера қалыптасуы тиіс. 21 мамыр – мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні. Аудан өнерпаздарының жылт еткен жаңалықтары мен жетістіктерінің барлығы да жұрт назарынан тыс қалмайды, күнделікті баспасөз бетіне жарияланып келеді. Десе де, осы атаулы күні Таңатар Доспанов басқаратын аудандық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің жұмысын бір саралап, қандай да бір мәдени-көпшілік шаралардың басында жүріп, халыққа қызмет көрсетіп келе жатқан сала қызметкерлерінің жадынан тың идеялардың тууына себепкер болып, көңіліне шабыт беріп қоюды жөн санадық.
Жалағаш ауданының мемлекеттік мәдениет және өнер мекемелерінің желісін 6 аудандық және 31 ауылдық мәдениет ұйымдары құрайды. Соның ішінде 7 мәдениет үйі, 9 ауылдық клуб, 18 кітапхана, 1 тарихи-өлкетану мұражайы, мәдениет және өнерді дамыту орталығы сонымен бірге Бұқарбай батыр атындағы тарихи үй аудан тұрғындарына қызмет көрсетеді. Енді осы жерде сәл аялдап кеткенді жөн көрдік. Кейде айналамдағылар «кітапхана мен музейдің мәдениетке қандай қатысы бар?» деген сыңайда сұрақ қояды. Олардың ойынша, кітапханада оқырман мен әдебиетке қатысы бар адамдар отырады, ал музей тек тарихшылар табан тірейтін мекеме. Осындай түсініктегі адамдарды кітапханаға немесе музейге апара алмайсыз. Өйткені онда ұлттық рух жоқ. Сондықтан бұл топты алдымен сахна арқылы тәрбиелеу керек. Сахнада кітапхана да, музей де бар. Қандай да бір сахналық қойылымның сценариін жазу үшін автор мен режиссер, тіпті актердің өзі кітапхана мен музейде айлап отырады. Ендеше, музей мен кітапхананы театрдың "асыраушы" анасы десе болады. Ошақтың үш тағаны секілді руханият орталықтарын балталасаң да бір-бірінен ажырата алмайсың.
Бұл саланың ыстық-суығын басынан өткізбеген адам, мәдениет қызметкерлері мен өнер иелері бар уақытын қызық қуып, думандатып өткізеді деуі әбден мүмкін. Мүмкін емес, солай айтылып қалады. Олай айтылуы заңды да. Өйткені көрермен тек әбден пісіп, жетілген, күзеліп-түзелген дайын дүниені ғана тамашалайды. Сахнаның сыртындағы өмір, қым-қиғаш жұмыстар оларға беймәлім. Ал шын мәнінде мәдениет майталмандары жауапкершілігі зор жұмысты арқалап жүреді. Сан мыңдаған көрерменнің, оқырманның бірдей ойынан шығу әсте мүмкін емес. Бұл салаға айтылатын сынның да көп болатыны сондықтан. Халықаралық конкурстарға қатысушыларды дайындау үшін қаншама адам жыл бойы уақыты мен энергиясын жұмсап, миллиондаған жүйке талшығын өлтіреді. Республикалық, облыстық байқауларға қатысатын спектакльдер мен қойылымдардың дайындығы айларға, тіпті жылға созылуы мүмкін. Қыл аяғы ауданда өтетін бір мәдени шараның өзі ұжымдағы ауызбіршілікті, өзара түсіністікті, қаншама еңбекті қажет етеді. Енді бұған сәт сайын эмоционалды көңіл-күйді басынан өткеретін сахна адамдарының айналасындағы, қоғамдағы, жалпы күнделікті өмірде болып жатқан қылт еткен құбылыстар мен оқиғаларды жүрекпен қабылдап, жанын ауыртып жүретінін қосыңыз...
«Мәдениеті өскен ел – өркениетке көшкен ел». Елбасының аузымен айтылған бұл сөз қазірде афоризмге айналып кетті. Халықтың қабылдауына жеңіл және әсерлі. Алайда бұл сөздің мәдениетімізді өсіріп, өркениетке көшіріп жіберетін сиқыры жоқ. Мәдениетіміз өркендеуі үшін осы ұстанымның негізінде қала, аудан, тіпті ауылдардың өзінде мәдени ошақтарды көбейтуге тиіспіз. «Ел іші – өнер кеніші». Рас, өнерпаздардың барлығы ел ішінде. Тасада танылмай жүрген таланаттар көп. Мәдениет, өнер қайраткерлерінің барлығы да ауылдың топырағынан түледі. Демек, мәдениеттің мәйегі ауылда. Соңғы жылдары ауылдық жерлерден типтік жобадағы мәдениет үйлерінің ғимараты бой көтеріп және олардың жұмысын жандандыруға мән бере бастағаны осы сөзімізді тірілте түседі. Заман талабына сай салынған ауылдық мәдениет үйлері мен ондағы ұжым қазірде ауыл халқының арасында мәдени-ағарту жұмыстарын жүргізумен қатар аудандық, республикалық, халықаралық өнер байқауларының жүлдегерлерін дайындап, өнерге таласы бар талантты жастарды елге танытып жүр.
Саланың инфрақұрылымын дамыту мақсатында өткен жылы «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында аудандық кітапхана ғимараты күрделі жөндеуден өткізіліп, дербес бу қазандығы салынды. Нәтижесінде, кітапхана ғимаратының жаңаруы қызметкерлердің көңіл-күйіне оң әсерін тигізіп қана қоймай, оқырман санының артуына да ықпал етті. Бұрын қыс айларында салқын, жаз айында қапырық болып тұратын кітапхананың оқу залында қазірде оқырманның алаңсыз кітап оқуына мүмкіндік туды. Жөндеуден өткен бөлмелері де жаңарды. Айналасы жаңарған кітапхана қызметкерлерінің де жұмысқа деген құлшынысы артып, қызмет көрсету сапасы жақсара түседі. Сонымен бірге «Мәдениет және өнерді дамыту орталығы» жөнделіп, жылу жүйесі жаңғыртылды. Бұдан бөлек Қ.Қазантаев атындағы мәдениет үйінің төбе жабындысы жаңаланды.
Биыл «Жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы» бағдарламасына сәйкес, аудандық мәдениет үйіне, мәдениет және өнерді дамыту орталығына», Таң ауылдық мәдениет үйіне жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бұл да өнер адамдарының ғана емес, өнер десе ішкен асын жерге қоятын аудан халқының игілігі.
Мәдениет бөлімінің бізге берген мәліметіне сүйенсек, бұл салада 305 қызметкер жұмыс істейді. Олардың ішінде 137 шығармашылық маман бар.
Мәдениет саласындағы жетістіктер статистиканың сандық көрсеткіштерімен өлшенбейді. Мәдениет – тұлғаның рухани эстетикалық дамуының, жалпыұлттық бірлікті қалыптастырудың, елді әлемдік қоғамдастыққа ықпалдастырудың қуатты құралы. Осы мақсатта аудандық мәдениет бөлімі облыстық жобалық кеңсе арқылы екі жобаны іске қосыпты. Оның бірі – «Көше кітапханасы». Бұл жоба аясында Мәдениет, Аққұм ауылдық кітапханаларында «Коворкинг» орталығы, «Book cafe», сондай-ақ 6 елді мекенде «Көше кітапханалары» ашылып, тұрғындарға қызмет көрсетіп келеді. Жобаның мақсаты да сол, рухани жадау күйге түскен қоғамның жарасын таңу үшін түрлі әдістемелерді пайдалана отырып, тұрғындарды кітап оқуға тарту, олардың арасында кітап оқу мәдениетін қалыптастыру, шығармашылық тұлғаны дамыту, оларды қолдау. Бұл жоба әлі толық нәтижесін берген жоқ. Бірақ, аз да болса халықтың, әсіресе жастардың кітап оқуға деген ықыласын оятқанын да айтуымыз керек. Сонымен бірге ұлттық өнердің түрлі жанрларын дамыту, насихаттау мақсатында аудандық «мәдениет және өнерді дамыту орталығы» жанынан «Шабыт-Арт» студиясын ашылған. Мұнда дыбыс жазу, балалар ән-би студиялары, үрмелі аспаптар, көркемсурет және декоративті-қолданбалы өнер, би үйірмелері сонымен бірге «Адырна» жас ақындар үйірмесі құрылып, жұмыс істеуде. Қазірде үйірме мүшелері республикалық байқау-конкурстардан жүлдегер атанып жүр. Алдағы уақытта студия жұмысы кеңейіп, продюсерлік орталыққа айналатыны да қуантады. Өткен жылы ұлттық мұрамызды бір түгендеп қойдық. Атап айтсақ, Жалағаш ауданының 80 жылдық мерейтойы аясында демеушілердің қаржысы есебінен «Жалағаш жауһарлары» атты 8 дискіден тұратын Жалағаш ауданының ән-жыр мұрасы жинақталып, жарық көрді. Бұл да біздің, тыңдарманның, әсіресе, өткен дәуірмен арадағы сабақтастығы үзіліп қалған бүгінгі жастардың, кейінгі ұрпақтың үлкен олжасы.
Сөз арасында жалпы халықтық мәдениет – ұлттық мұрамызды, елдігімізді, рухани салт-санамызды жаңғыртудың һәм насихаттаудың құралы екенін айттық. Аудандағы руханиятқа қызмет етіп келе жатқан мекемелердің де негізігі мақсаты – осы. Мәселен, Қ.Қазантаев атындағы мәдениет үйі жанынан құрылған Халық театры былтыр Орал қаласында өткен "Өнерге тағзым" атты аймақтық халықтық театрлар фестиваліне қатысып, "Ең үздік театрлық эксперимент" номинациясын иеленсе, "Жігер" этно-фольклорлық ансамблі Тараз қаласында өткен "Көне Тараз күмбірі" атты республикалық этно-фольклорлық ансамбльдер байқауынан Ықылас Дүкенұлы атындағы арнайы жүлдемен және "Қорқыт және Ұлы Дала сазы" түркі халықтарының халықаралық фестивалінде өнер көрсетіп, арнайы дипломмен марапатталды. Айта кету керек, Халық театры құрылғалы бері Қ.Мұхамеджановтың "Бөлтірік бөрік астында", "Қуырдақ дайын" және А.Сүлейменовтың "Келіндер көтерілісі", С.Балғабаевтың "Ең әдемі келіншек", Ш.Айтматовтың "Ана – Жер-Ана" секілді қойылымдарын сахналап, көрерменнің қошеметіне бөленді. Соңғы жылдары театр ұжымы талантты жастармен толығып келеді.
Кітапхана – мәдениет саласының ажырмас бөлшегі. Бүгінде аудан бойынша 18 мемлекеттік кітапхана бар. Оның 15-і елді мекендердегі халыққа қызмет көрсетеді. Бұл кітапханаларда 367096 кітап қоры бар. Оның ішінде 221707 кітап қазақ тілінде. Бір ауданның халқы үшін аз дүние емес. Аудан руханиятының тамырына қан жүгіртіп тұруға қуаты жетеді. Тек енді халықты кітап оқуға бейімдеуіміз керек. Бұл ретте сала мамандарының жақсы бастамалары бар екенін айта кеткен жөн.
Қазір кітапханада барлық жағдай жасалған. Қандай кітап оқимын десеңіз де мүмкіндік бар. Тіпті қалаған кітабыңыздың электронды нұсқалары да қызмет көрсетеді. Бұл да мәдениетіміздің өріс ала бастауының көрінісі. Бүгінде кітапханада 18966 тұрақты оқырман бар екен. Оның 6799-ы ересектер, 5810-ы жасөспірімдер, ал 6086-ы балалар. Өзім кітапханаға жиі баратын адам ретінде бұл цифрларды жоққа шығара алмаймын. Расымен, бұрынғыдай емес, қазірде аудандық кітапхананың оқу залында қай кезде барсаңыз да оқырман отырады. Бұл әрине, көңіл қуантар көрініс. Сонымен бірге қазірде аудандық кітапханада жергілікті ақын-жазушылардың, өнер өкілдерінің кездесулері жиі өтіп жүр. Рухани кешті ұйымдастырушы да кітапхана қызметкерлері. Аудан жастары, мектеп оқушылары тағылым алатын мұндай кештердің кітапханада өтуі біріншіден; жергілікті қаламгерлерді, өнер өкілдерін, олардың шығармаларын насихаттау, екіншіден; оқырман тартудың тиімді әдісі.
Тарих пен мәдениет егіз ұғым. Бірін-бірі толықтырып тұрады. Халқының, туған жерінің тарихын білетін адам зиялы, мәдениетті адам. Адамның ішкі мәдениетінің өзі туған жерін жақсы көруден, елге деген сүйіспеншілік сезімнен қалыптасады. Елінің, туған жерінің тарихынан бейхабар, халқының басынан кешкен қасіретін жан-тәнімен толық сезіне алмайтын адам оның қасиетін де білмейді. Сондықтан біз балаларымызды отаншыл, рухты, мәдениетті толық адам етіп тәрбиелегіміз келсе, олардың төл тарихын танып, білуіне аса мән беруіміз керек. Бірақ елінің тарихын түгендеймін деген әрбір жас сол талабын ең алдымен өзінің туып-өскен өлкесінен бастағаны ләзім. Өйткені тарихи таным туған жерден бастау алады. Осы орайда кент орталығындағы тарихи-өлкетану музейінің рөлі зор. Құрылғанына көп уақыт болмаса да, айналасы жиырма жылдың ішінде аудандық музейге жергілікті азаматтардың жанашырлығының арқасында жеті мыңнан астам жәдігер жиналды. Сол кездерде арнайы экспедицияның негізгі құрамында болып, иен далада айлап жүріп зерттеу жұмыстарын жасаған Ахмет Тілеулиев пен Мақсат Қарақұлов ағаларымыздың есімдерін атамай кетуге болмайды. Сонымен бірге музей қызметкерлері Марат Шөмекей мен Қанат Бектасов сынды азаматтардың да еңбегі еленгені дұрыс. Музейдің құрылу тарихын еске алғанда, осы өңірде өсіп-өнген азаматтардың туған жер тарихына немқұрайлы қарамайтындығы қуантады.
Осы уақытқа дейін аудандық тарихи-өлкетану музейінің ұйымдастыруымен ардагерлер, мұғалімдер, оқушылар бірнеше мәрте туристік саяхатқа шықты. Қызылқұм, Қарақұмдағы және басқа да елді мекендердің маңайындағы тарихи-мәдени ескерткіштер арқылы жастарды туған жерінің тарихымен таныстыру, мәдени мұрамыздың қадірін ұғындыру және Отанға деген сүйіспеншілігін ояту мақсатында жасалған бұл саяхаттың да аудан руханиятына қосқан үлесі зор болды. Бүгінде ауданда орналасқан 67 тарих және мәдениет ескерткіштері бар. Осылардың ішінде ортағасырлық Жент қаласы республикалық маңызы бар ескерткіштердің қатарында тұр. Жент қалашығы және жергілікті маңызы бар Қара асар, Сорлы асар, Домалақ асар ЮНЕСКО-ның алдын ала тізіміне енгізілді. Сонымен бірге «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында жалпыхалықтық маңызы бар қасиетті орындар тізіміне Жент қаласы, Бұқарбай батыр кесенесі, ал өңірлік маңызы бар қасиетті орындар тізіміне Әбжәли ишан, Иманқұл мешіттері мен Түмен әулие кесенелері енгізілген. Бұл да әлемге қазақ мәдениетінің мәнді, тарихының бай екенін паш етіп, төрткүл дүниенің назарын өзімізге бұруға жасалып жатқан нақты әрі сәтті қадам.
Францияның президенті Де Голь: "Егер менің ауыл шаруашылығы министрім нашар болса, елімізде бір жыл ашаршылық болар, сыртқы істер министрім нашар болса, бір соғыста жеңілермін. Ал мәдениет министрімнің нашар болуға хақысы жоқ. Егер мәдениет министрім нашар болса, елім елу жыл артқа кетеді", – депті. Осы сөзде мақаламыздың түйіні тұр. Біздің де мақсатымыз, мәдени мұрамызды түгендеп, мәдени игіліктерімізді тәпсірлеп халықтың қажетіне жаратып келе жатқан мәдениет саласы қызметкерлері мен өнер өкілдерінің еңбегін көрсету.
Қуат Ахетов