» » » ҚЫРЫҚ САНЫНЫҢ ҚАСИЕТІ КӨП

ҚЫРЫҚ САНЫНЫҢ ҚАСИЕТІ КӨП

Біз ырымшыл халықпыз. Ата-баба дәстүрінен күні бүгінге жеткен бұл қасиет қазақпын деген әрбір адамның болмысымен біте қайнасқан деуге болады. Қазақ әуел бастан табиғаттың кереметін, жұмбағын түсінген. Мезгілдердің ерекшелігін, уақытын, күн мен түннің ауысуын, ауа райын, алдағы қауіп-қатерді де күні бұрын болжай алған. Әсіресе қазақта қырық санына қатысты ырым-тыйымдар мен ұғымдар көп. Осы ырымдарды алғаш естіген адам шындыққа жанаспайтын құр болжам деп түсінбейсіз, қайта «атам қазақ күні білген екен, қалай дөп басып болжаған, мен мұны бұрын соңды қалай білмедім» деп таңқалуыңы әбден мүмкін.

Бізде «Қызға қырық үйден тыйым», «Қырықтың бірі қыдыр», «Қырқынан шығару», «Қырық күн шілде», «Қырқын беру» тағы осы сияқты салт-дәстүрмен байланысты ырым-тыйым, ұғымдар бар. Оң жақтағы қызын қонақ санап, төрден орын берген қазақ халқы осы қыз баланың тәрбиесіне келгенде ешқашан немқұрайлы қарамайды. Қыздың жүріс-тұрысынан бастап өз ортасында, үлкендермен, кішілермен, көпшіліктің арасында, ер адамның алдында қалай сөйлеуі керектігін, қазақ қызының бойында қандай асыл қасиет болуы қажеттігін,  болмаса қандай қасиеттерден бойын аулақ салуына дейін қызды қырық үйден  тыю арқылы көрсетіп берген. Сонымен бірге «қырқынан шығару», «қырқын беру» деген адам өмірге келгенде және өмірден өткенде жасалатын дәстүрдің де мәні тереңде. Бұл турасында қазақтың біртуар азаматы Бауыржан Момышұлының келіні Зейнеп Ахметова апамыз өз кітабында қырық санының адам жаратылысымен тікелей байланысын айтып берген.
Ол кісі «...Қырық күн, қырық саны адам жаратылысымен тікелей байланысы болғандықтан қасиеттейді. Бойға бала бітерде ештеңені артық-кем жаратпаған Алла Тағаланың құдыретімен бір тамшы суы қырық күнде қанға айналады, қаннан қырық күнде етке айналады. Тағы қырық күнде еттен сүйек пайда болады, одан қырық күн өткен соң, ет пен сүйекке жан бітеді және қырық күн өткенде жан алған ет пен сүйек адам пішініне енеді. Содан кейін шақалаққа сезім жүйесінің пайда болуына қырық күн кетеді. Тағы қырық күнде бала толысады. Сөйтіп, 280 күн – қырық аптада, анығын айтқанда, тоғыз ай, тоғыз күнде нәресте өмірге келеді. Баланы қырқынан шығару – жоғарыдағы қырықтардың соңғы жалғасы» деп келтіреді. Мұндағы «қырқынан шығарудың» да баланың жетілуімен байланысы бар. Яғни өмірге келген нәрестеге қырық күн толғанда еті мен сүйегі бірігеді. Жас сәбиді алғаш рет күміс салынған суға шомылдырғанда отыз омыртқаң бекісін, қырық қабырғаң қатсын дейді. Артынан сәбиді шомылдырған әйелдер күмісті өзара бөліп алады. Жас сәби дүниеге келгеннен кейін қырық күн бойы ешкімге көрсетпеу, шашын және тырнағын алмау әдеттеріміз де бар. Адам қайтыс болғаннан кейін қырық күн өткенде қырық күндік асын береміз. Мұның да өзіндік сыры бар. Жер қойнына тапсырылған мәйіттің қырық күнде еті мен сүйегі бір-бірінен ажырайды. Біз осы күні қайтқан адамды еске алып, сауабы тисін деп құран бағыштаймыз. Медицина бұл уақытта тән ыдырап-сөгіліп, толық бұзыла бастайды деп есептейді.
Ғалымдар «қырық» санын адамның жаратылу уақыты дейді. «Қырықтың бірі – қыдыр» деген нақылдың мағынасы адамзаттың бірі – Қыдыр деген түсінікті береді. 41 құмалақтағы «Бір» – Жаратушы Алланың, «қырық» – жаратылыстың абзалы Адамның құрметіне алынған».
Бұл санның мақал-мәтелдерде де қолданылуы кездейсоқтық емес. Қазақ «қырық күн шілде» деп жаз айының нағыз аспан айналып жерге түсер ыстығын айтқан. Қырықтың өлшем бірлігі болатынын мына мысалдардан да көруге болады: «жақсы ата жаман балаға қырық жылдық азық», «қырық жамау» немесе «қырық құрау», «бір әйелдің қырсықтығы қырық есекке жүк болады». «Отызыңда орда бұзбасаң, қырқыңда қамал алмассың», «Отызда орда бұзбасаң, қырықта қырып келдім дегеніңе кім сенеді», «Бір кісі таққа отырса, қырық кісі атқа отырады», «Ханда 40 адамның ақылы бар» «Жақсы кісі қырқында толады, жаман кісі қырқында солады», «Қырық атан ұстама, Қырық тамыр ұста», «Әйелдің қырық жаны бар», «Қазақта бір күн дәмдес болғанға 40 күн сәлем» деген сыйластық қатынастарда бар.

Нұр НАУАН
08 мамыр 2020 ж. 455 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930