» » Наурыз – береке бастауы

Наурыз – береке бастауы

Салт-дәстүрлеріміздің кейбірі халық арасында кеңінен таралып, ал, бірқатары ұмыт қалып барады. Әсіресе, ұлыстың ұлы күнінде орындалуы тиіс бірер жоралғыларымызды жастар жағы біле бермейді. Әңгімемізге осы халықтық дәстүрлер арқау болып отыр.
Бүгінгі күні халық арасында әлі күнге дейін желісін үзбей келе жатқан шілдехана, тұсаукесер, сүндет той, қыз ұзату секілді салт-дәстүрлеріміз бар. Мәселен, нәрестенің дүниеге келу құрметіне орай шілдехана тойы жасалады. Бұл салтты елдің кей жерлерінде «шілделік» деп те атайды. «Шілде» сөзі парсының «чел немесе чиль, яғни, қырық» сөзінен шыққан. Шілдехананың көне атауы «Шілде күзет» болған. Бұл туғаннан кейінгі қырық күндік күзет, яғни, анасы мен баласын жын-шайтандардан қырық күн бойы күзету деген мағына береді. Алайда, уақыт өте нәрестенің жарық дүние есігін ашуын той жасап атап өту дәстүрге айналған. Бұл тойда «баланың бауы берік болсын» деп үлкендер жағы ақ тілектерін арнап, бата береді. Мұнан соң, қырық күні толып, қырқынан шығарылып, шашы, тырнағы алынған сәбиді бесікке салады. Оған туған-туыстары жиналып, жасы үлкен, инабатты, жөн білетін, балалы-шағалы болған бәйбішелер «Бесікке салу» рәсімін жасайды. Бесікті келін боп түскен қыздың жұрты әкеледі және екі жақ бір-біріне алғыс, құрмет ретінде білезіктерін тағып, киіттерін кигізеді. Бала бесіктен шығып, еңбектеп, енді қаз баса бастаған кезде «Тұсаукесер» рәсімі өтеді. Бұл – өз аяғымен туған жер топырағын басып, айналасына көз тігіп, таң-тамаша болған балдырғанның алғашқы қадамына жасалатын маңызды рәсім. Мұны орындау көбінесе жүрісі жылдам, қимылы ширақ, іске епті, жақсы қасиеттерімен көпшілік көңілінен шығатын адамға бұйырады. Ол баланың аяғына ала жіп, қылдан ескен шыжым немесе ішек байлап, «Біреудің ала жібін аттама, бүлінгеннен бүлдіргі алма» деп тұсауын кеседі. Міне, осылайша шынашақтай ғана бүлдіршіннің жер бетіне алғашқы іздері түсіп, тәтті де қызыққа толы жаңа өмірін бастайды. «Тұсаукесер» – осы баланың өмір сапарының сәтті болуы үшін жасалатын қазақ халқының ақ адал тілегі, ақжарма көңілі.
Ал, бұрынғы ата-бабаларымыз ақ түйенің қарны жарылған ұлыстың ұлы күні жаңғыратын «Ұйқыашар», «Селтеткізер», «Белкөтерер» сияқты дәстүрлерді біреу білер, біреу білмес. Білгеннің өзінде наурыз тойында шынайылап жаңғыртып жататындар аз. Сонымен, бұлар нендей дәстүрлер? Оларды кімдер орындайды?
Жалпы, Наурыз тойын мерекелейтін шығыс халықтары үшін 21-нен 22-не қараған түн ерекше. Дәл осы түні таным бойынша күн мен түн теңеліп, осы түні арайлап атқан шуақты күнді алғашқы болып көруді жақсылыққа жорыған халық ұйқысыз өткізетін болған. Әсіресе, жастар жағы ұйқыны ысырып қойып, алтыбақан теуіп, ауылдың алты ауызын айтып, бір-бірімен ойнап-күліп бастаңғы жасап, ән-жыр айтысады. Ең әуелгісі, жігіттер жағы ұнатқан қызына сөз салып, серігін табуға тырысады екен. Ал, қыздар болса ұнатқан серісіне көңілін сездіру үшін тәтті дәм дайындайды. Оны «Ұйқыашар» деп атайды. Серілер ұйқыашар әзірлеген қыздарға «Селтеткізер» салтын орындап, айна-тарақ, алқа-сырға, шашбау-шолпы секілді бұйымдарды сыйға тартады. Бұдан бөлек, наурызда ұзақ жасаған, көпті көрген, жасы келген қарияларға құнарлы тағам түрлерін араластырып, ұсақтап, шайнамай-ақ жеуге ыңғайлап «Белкөтерер» тағамы дайындалады.
– Тоқсан көремін деген жасым ба еді?
Быламық ішейін деген асым ба еді? – деп баяғы қариялар айтпақшы, бұл тағам әрі жұмсақ, әрі дәмді, нәрі мол қазы, сарымай, жент, қымыз, ақ ірімшік, бал тағы сол сияқты тағамдардан әзірленеді. Жас­тар жағы үлкендерден батасын алып, риза­шылығына бөленіп жатады.
Осылайша күн мен түннің теңелген шағында, ұлыстың ұлы күнінде әдемі салттарымыз бен әсем дәстүрлеріміз жаңғырып, әз-Наурыз жарасымды жақсы­лықпен, ерекше ықыласпен тойланады.

Нұр НАУАН.

21 наурыз 2019 ж. 1 021 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 763

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930