ЖЕР-АНАҒА ЖАН БІТІРГЕН ҰЛЫ КҮН
Ұлыстың ұлы күні – күн мен түн теңеліп, жер-көкке жан бітіріп, жан-жануар төлдеп, Жер-Ана бусанатын кез. Бұл мейрам – жақсылықтың бастауы, жаңа күннің, жаңа жыл басы. Түркі халықтары шуақты көктемнің шырайлы мерекесінен жақсылық пен жаңашылдық, береке күтеді. Биылғы Наурыз мейрамын ынтымағы мен бірлігі жарасқан аудан тұрғындары ерекше ықыласпен тойлады.
Мерейлі күні ертемен жалағаштықтар орталық алаңға жиналып, наурыз тойын бастап кетті. Ұлыстың ұлы күнінде ерекше мейірім мен жақсылық күткен аудан халқы ұлттық киімдерін киіп, қыстан аман-есен шыққанын, аузының аққа тигенін айтысып, бір-бірімен төс қағыстырып, үлкендер кішіге ақ батасын беріп, жастар жағы тиісінше сый-құрметтерін көрсетті. Ақ түйенің қарны жарылып, Самарқанның көк тасы еріген күнде елдің абзал азаматтары мен ардагер ақсақалдар, тұрғындар жағалай тігілген киіз үйлерге кіріп, ақ дастарқанға жайғасып, наурыз көжеден дәм татты. Жыл басы – әз-Наурыз табиғаттың оянып, күннің ұзарып, пейілдің түзеліп, салт-дәстүр жаңғыратын ерекше мереке. 22 наурыз күні аудандық мәдениет үйінің өнерпаздары театрландырылған көрініс қойып, жастар алтыбақан теуіп, өнерпаздар ән-жырдан шашу шашып жиылған көпшілікке мерекелік көңіл-күй сыйлады. Аудан әкімі Қайратбек Сәрсенбаев өңір тұрғындарын айтулы мерекемен құттықтап, ақжарма тілегін арнады.
– Құрметті жалағаштықтар, бәріңізді Жер-Ананың түлеп, табиғаттың жаңаруымен тұстас келетін әз-Наурыз мерекесімен шын жүректен құттықтаймын. Наурыз мейрамы ежелден жаңару мен жасампаздықтың, ырыс пен берекенің арқауы болған. Көктің тынысын тыңдап, жердің тамырын басқан, тұрмыс-тіршілігін табиғатпен байланыстырған халқымыз наурызды жақсылықтың бастауы деп білген. Ежелгі тәуелсіз мемлекетіміздің қалыптасуымен бірге жаңғырған наурыз мейрамы көпұлтты Қазақстан халқы үшін сүйікті мерекеге айналып, бірлік пен ынтымақтың, саяси тұрақтылықтың нығаюының негізі болды. Бұл күн мен түннің теңелген күні, молшылықтың мерекесі елімізге береке, байлығын ала келсін. Қазақтың салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпы, ұлттық ерекшелігі айқындалатын бұл мейрамды жыл сайын асыға күтеміз. Бір-бірімізге ақ тілек тілеп, ұлыс оң болсын, ақ мол болсын, қайда барсаң жол болсын деп алдағы келер күндерден ырыс пен молшылық, береке-бірлік, татулық пен шынайы мейірімділіктің ыстық ықыласын ақтаратын да осы – Наурыз мейрамы. Қашаннан халқымыз күн мен түннің теңелгенін жақсылыққа жорып, жыл басы деп санаған.
Әдетте жұрт бар жақсысын мейрам күні көрсетеді, жаңасын иығына іледі, дәмдісін дастарқанға қойып, өнерін ортаға салады. Дәл бүгін салт-дәстүрлеріміздің жаңғыратын күні. Ендеше, баршаңызды Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамымен тағы да шын жүректен құттықтай отырып, отбасыларыңызға аманшылық, береке-бірлік тілеймін, – деді өңір басшысы Қ.Сәрсенбаев.
Дүбірлі тойға келген жалағаштықтарға өнерпаз, жыраулар жыр-бастауын арнаса, кимешек киген асыл әжелер жамандық пен кесірден аластап, Қыдыр ата аралап, ақ батасын берді. Мұнан соң, өңір басшысы Қайратбек Әубәкірұлы бүлдіршіндердің тұсауын кесіп, туған жердің топырағына алғаш аяқ басып, ізін салған, жаңа өмірге қадам басқан сәбилерге ақ тілегін айтты. Ұлыс күні жиналған қауым ұлттық дәстүрімізді ұлықтап, ұмыт қалып бара жатқан әдет-ғұрпымызды, салт-дәстүрімізді бейнелейтін көріністер қойды. Татулықты ту еткен ауданның мекемелері мен әр сала бөлімдері «Достық үйі», «Еңбекшілер үйі», «Саятшылар үйі», «Құрылысшылар үйі» секілді ондаған киіз үйде берекелі дастарқанын халық игілігіне жайды. Осы сән-салтанаты келісіп, қаз-қатар тігілген үйлердің бірінде тұсаукесер рәсімі өтсе, енді бірінде би-шешендердің аталы сөздері айтылып, өнерпаздар жыр арнады. Ал, келесі бірінде жас өнерпаздар өзге ұлт пен ұлыс өкілдерінің ұлттық билерін билеп, «Мұрагер» домбырашылар ансамблі қос ішекті домбыра шанағынан төгілте күй орындады. Бұдан бөлек, ұлттық дәстүрмен қатар, қазақтың қанына сіңген ұлттық ойындары да орталық алаң төрінен табылып, кеңінен ұлықталды. Аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен арқан тартыс, қол күрес, гір тасын көтеру, көлік тарту мен ауыр тас көтеру сияқты спорттық сайыстар өтті. Жарыс нәтижесінде топтан оза шауып, білектілігін дәлелдеген, көлік сүйреп мықтылығын көрсеткендер жүлделі орындарды иеленіп, марапат төрінен көрінді.
Наурыз – салт-дәстүріміздің, әдет-ғұрыптарымыздың, ұлттық келбетіміздің жарқырап көрінетін, қазақы болмысымызды айқындайтын мейрам. Бұл күні қолға алынған істе береке болады. Бұл күні сапарға шыққан жолаушының жолы ақ болады. Орталық алаңда тойланған атаулы мейрам барлық болмысымызды ашып, салт-дәстүрлеріміз жаңғырды. Мәре-сәре, азан-қазан, шат-шадыман күйде «Жаңа күнді» қарсы алып, ерекше әсерге бөлендік. Нағыз қазақтың киіз үйдегі мамыражай өмірі, берекелі тұрмысы, ұлттық ерекшеліктері жанымызды жадыратты.
Нұржамила АЛМАС,
Маханбет АХМЕТОВ (сурет).