Гендерлік саясат – қоғам теңдігі
Бүгінде елімізде гендерлік саясатты жүзеге асыру жолында әйелдердін мүмкіндіктерін дамыту, ер мен әйел азаматтарының еңбек жағдайларының теңестіру, сондай-ақ бизнес, саясат және мемлекеттік басқару, білім беру және денсаулық сақтауда тең құқық беру аясындағы жұмыстар белгілі бір жетістіктерге жетті.
Гендерлiк саясаттың негiзгi қағидаттары Қазақстан Республикасының Конституциясымен кепiлдiк берiлген әйелдер мен ерлердiң тең құқығы мен еркiндiгiн белгiлейтiнін айта кеткен жөн. Гендерлік саясат «Ерлер мен әйелдердің тең құқықтарының және тең мүмкіндіктерінің мемлекеттік кепілдіктері туралы» және «Тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы туралы» заңдармен реттеледі. Ол адамдар мен азаматтардың отбасылық – тұрмыстық қатынастары саласындағы заңдық мүдделері мен бостандықтарын, тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу және жолын кесуде конституциялық құқықтарын қорғауға бағытталған. Гендерлік саясат әйелдерге тең қол жетімділікті және өмірдің барлық салаларына қатысуды қамтамасыз етуі қажет.
Ана мен баланы қорғау, әйелдердің құқығы мен мүмкіндіктерін кеңейту мәселелері – мемлекеттік саясаттың маңызды басымдықтарының бірі. Бүгінде Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы іске асырылуда. Қазір әйелдер саясатта, бизнесте, экономиканың барлық салаларында ер азаматтармен қатар еңбек етуде. Олар қабілет дарынымен, іскерлігімен көзге түсіп қана қоймай, еліміздің кемел келешегі үшін өз үлестерін қосуда.
Жалпы әйел заты қазақ қоғамы үшін қазақ мемлекеті үшін қашанда ардақты саналған. Бүгінгі таңда әйелдер ошақ басындағы қазанның құлағында емес, денсаулық сақтау, ағартушылық жүйенің, мемлекеттік қызметтің, сондай-ақ, бизнестің де құлағын ұстағанына қарамастан отбасының жарасымдылығына көп үлес қосып отырғаны жасырын емес. Әйелдер өздерінің жеке басының әлеуеті мен адами әлеуетін іске асыра отырып, әлеуметтік дамудың барлық процесстеріне тең дәрежеде қатысып келеді.
Әйелдер қауымын әрдайым отбасының ұйытқысы, береке-бірліктің шырақшысы деп бағалаймыз. Мемлекет басшысы айтқандай ел басына күн туғанда асыл аналарымыз бен аяулы аруларымыз қиындыққа мойымай, ұлт тағдырына араласты. Еселі еңбегімен және ерен ерлігімен танылған әйелдердің есімдері тарих жылнамасына мәңгілікке жазылып, жадымызда жатталады. Егемен елімізде әйелдер қауымы үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашылды. Отбасы институтын, көп балалы аналарды, кәсіпкер әйелдерді қолдау және гендерлік теңдікті қамтамасыз ету – мемлекеттік саясаттың аса маңызды басымдығы.
Қорыта айтқанда Қазақстанның халықаралық құқық пен халықаралық міндеттемелердің жалпыға бірдей принциптері мен нормаларын орындауы – бұл мемлекеттік гендерлік саясаттың міндеттерін іске асыру және мемлекет тіршілігінің барлық салаларындағы ерлер мен әйелдердің теңдігін қамтамасыз ету жөніндегі мемлекеттік кепілдікті сақтау құралдарының бірі. Сондықтан бүгінде гендерлік саясатқа айрықша көңіл бөлінуі – еліміздегі әйелдер қауымына деген құрметті арттыра түсері анық.
Рахат АҚҚАСЫНОВ,
аудандық соттың бас маманы