«Жалағаш жаршысы» газеті «Үздік басылым» атанды
«Жалағаш жаршысы» газетінің жарық көргеніне биыл – 86 жыл. Алдыңғы буынның аманатына адалдық танытып жүрген қаламгерлер бүгінде газеттің көркемдік талғамын арттырып, тың тақырыптарды көтеріп келеді.
Облыстық және аудандық басылымдардың басын біріктірген «Сыр медиа» ЖШС-ға қосылғалы бері газет мүмкіндіктері артып, жаңаша форматпен шыға бастады. Редакцияның материалдық-техникалық жарақтандырылуы да заманауи сипат алғаның айта кеткен жөн.
Газеттің бас редакторы Азиз Батырбековтің бастамасымен газет тілшілері тұрғындардың әлеуметтік-тұрмыстық ахуалын, өлке тарихы мен ауданның жетістігін қаламға арқау етіп, басылым мазмұнын арттыруға жұмыс жасап келеді. Соның нәтижесінде ақпарат саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңында бүгін «Жалағаш жаршысы» басылымы «Үздік аудандық газет» номинациясына ие болды.
Айта кетейік, бүгінгі күні Азиз Батырбеков басшылық жасайтын редакция ұжымы жаңа толқын жас мамандармен толықты. Аудандық басылымның сапалы әрі мазмұнды шығуына бірнеше жылдан бері жұмыс жасап келе жатқан газетіміздің корректор Бақыткүл Ташкенбаева, жауапты хатшы Қуат Ахетов, бас маман Эльвира Жұмабекова, техникалық қызметкер Алтын Изтелеуова және бас редактордың орынбасары Кенжетай Қайрақбаев, бөлім басшысы Нұрсұлтан Қазбеков, дизайнер Ерлан Созақбаев, баспасөз маманы Нұрсұлу Сахи, тарату бөлімінің менеджері Жасұлан Оспанов, тілші Нұржамила Алмасқызы, жүргізуші Наурыз Мұрсал атсалысып келеді. Қазіргі таңда кез келген өңір үшін ақпараттық жүйенің бәсекеге қабілеттілігі айрықша басымдық алып, газеттің баспа нұсқасымен бірге электрондық жүйесін қатар дамыту талабы қойылып отыр. Осы тұрғыдан алғанда аудандық басылымның шығармашылық ұжымы ұйымшылдықтың үлгісін көрсетіп, заман талабына сай қызмет етуде.