Ерекең ердің ері еді
Мемлекет және қоғам қайраткері, Социалистік Еңбек Ері Еркін Нұржанұлы Әуелбеков туралы жазу ол кісінің қарамағында қызмет атқарған кісілерге қиын да жауапты болар, ал Ерекеңді білетін жәй халық, әділет іздеп, алдына барған азаматтар 1985-89 жылдары облыстың басшысы болған, ел басқарған, іскерлігі мен ұйымдастырушылық қабілетін терең білімділігімен ұштастырып, істі шешудегі әділеттілігін облыс халқы жақсы біледі. Биыл елдің азаматы атанған Е.Әуелбековтің туғанына 90 жыл толып отыр.
М.С.Горбачевтің «қайта құру» саясатынан бастау алған, келешегі беймәлім «бұлыңғыр» жылдары облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы болып келген Е.Н.Әуелбеков облыстық мәдени-әлеуметтік жағдайын жақсарту, қоғамда әділеттілік орнатуда орындаушылық талап пен тәртіпті күшейтуде жүргізген жұмысы біздің әлі есімізде.
1985 жылы мен Жалағаш ауданындағы Аққұм кеңшарында партком хатшысы едім. Сол жылдың ақпан айы болатын. Облыстың жаңа басшысының қабылдауында болып келген Конекең (Қазантаев) аудан активін өткізіп, «Қайта құру» талабына сай облыстық партия комитетінің, оның жаңа басшысының қойған талаптарын бізге «шегелеп» жеткізді.
Сондағы ол кісінің айтқаны «Жұмыс істесетін кісі екен» дегені, өзінің құрметті зейнеттік демалысына кетіп бара жатқанын, ол кісімен ұзақ уақыт қызметтес бола алмайтындығына өкініш білдірген еді. Ол кісінің ел аралап, халықпен кездесуі, жергілікті басшыларға қойған талаптары, облыс көлемінде күрделі, қордаланып қалған мәселелерді шешудегі ұйымдастыру жұмыстары, облыстың ұзақ жылдарға арналған экономикалық мәселелерін, Құмкөл-мұнай орнын ашудағы, Оңтүстік Торғай иінін игерудегі, облысымыздың жер асты байлығын іздестірудегі арнайы мамандар шақырып, қарышты жұмыстар жүргізуі тікелей сол кісінің есімімен байланысты.
Еркін Нұржанұлының тікелей басшылығымен Арал өңірін апат аймағы етіп жариялану қолға алынды. Қазір кей аудандарда 50, қалған аудандарда 30 пайыздық айлықтарына қосымша алуларына қол жеткізді. Бұл басқа көршілес облыстарға да жасаған еңбегі еді. Бұрындары облыс халқының мүддесімен санаспаған «Байқоңыр» ғарыш айлағының лас кәріз суларын Сырдарияға құюын, космодромнан ұшқан ракеталардың апат сынықтарын жинап тәртіпке келтіруде, жоғары шенді генералдарды партиялық тәртіпке шақырудағы еңбегі ерекше болды. Облыс орталығындағы ТМД елдерінде теңдесі жоқ медициналық орталықтың ғимаратын, диагностикалық орталықтың салынуына бастамашы болған да Ерекең еді. Облысты ІІІ категориядан ІІ категорияға көшіріп, аймақтың тұрғындарына әлеуметтік-тұрмыстық жағдай жасаудағы жасалған жеңілдіктерде Еркін Нұржанұлының еңбегі зор.
Мен алғаш рет Еркін Нұржанұлын 1985 жылдың наурыз айының екінші жартысында облыстық партия комитетінің «Аққұм» кеңшары тұрғындарының шаруашылықта болған келеңсіз жағдайларына байланысты жазылған арыздың тексеру қорытындысын қараған бюрода көрген едім. Бұл аудан үшін келеңсіз жағдай болды. Осы мәселе аудан, облыс деңгейінде қаралып, басылғанмен Еркін Нұржанұлы облысқа басшылыққа келгеннен кейін қайта көтеріліп аудан, кеңшар көлеміндегі жауапты қызметкерлерге шара көрілген болатын. Бұл жағдай мен шаруашылыққа қызметке келмей тұрған кезде болған екен. Сонда да болса аудандық партия комитетінің бюросы неғұрлым жазалау шарасы көп болса, соғұрлым беделі жоғары болатын принциппен «Қызметке жақында келуін ескеріп партком хатшысына сөгіс берсін» деген болатын. Облыстық партия комитетінің бюросын басқарып отырған Еркін Нұржанұлы бюрода мәселелері қаралып, жазаланғандарды орындарынан тұрғызып, таныстыра бастады. Кезек маған келгенде қызметте қанша уақыт болғанымды сұрады. Жағдайды анық білген Ерекең есімімді атап «При чем тут секретарь парткома?» деген сөзімен бюроның үстінде сөгісімді алып тастады. Әділдік өз бағасын алды. Мен мұны Еркін Нұржанұлының «қара қылды қақ жарған» әділдігіне тәнті болып жазып отырмын. Мен қызмет бабында Еркін Нұржанұлының бір бюросында және үш қабылдауында болғанмын.
Ол кісінің аудан шаруашылықтарын аралауы, халықпен кездесуі естен кетпес уақиғалар болатын. Әлі есімде 1985 жылдың 20 қыркүйек күні Аққұм кеңшарына келіп, шаруашылықты аралап, халықпен кездесті. Еркін Нұржанұлы мемлекетке 100 мың центнерге жуық күріш тапсыратын шаруашылықтың қырманындағы ОВ-20 агрегаттарында жанталасып күріш тазалап жатқан жұмысшылар мен студентерді көріп, қырманда астық тазалауда қанша адам жұмыс істейтінің сұрады. Мен мемлекетке астық тапсырудың күнделікті тапсырмасын қамтамасыз ету үшін науқанды кезеңнің үш ауысымында 150-дей жұмысшы, студенттер еңбек ететінің баяндадым. Ол мұның ескі әрі қиын әдіс екенің айтып, Тереңөзектің 18 партсьездінде механикаландырылған қырман жасалып жатқаның айтты. «Сол қырманда 12-15 адам ғана жұмыс атқарады» дегенде, біз сенерімізді білмей, күмәнданған едік. Айтқандай- ақ, келесі жылы сондай қырмандар күріш шаруашылықтарында салынып, іске қосылды. Е.Н. Әуелбеков облыста ұзақ жылдар бойы күріш тазалаудың ауыр бейнетінен механикаландырылған қырманға көшірді.
Аудандардың кеңшарлары мен ұжымшарлары күріш егісін жинау кезінде бұрынғыдай сырттан студенттер мен оқушыларды басқа да адам күшімен автобазалардан тасымал көліктерін алмай, сырттан комбайнерлер шақырмай өз күштерімен шығынсыз жинап алуды Еркін Нұржанұлының басшылығымен жүзеге асырған болатын. Бұл облыста егін шаруашылығына жасалған үлкен серпін болды.
1985 жылдың шілде айында бұрынғы Тереңөзек ауданының 50 жылдық кеңшарында мүйізді ірі қараға күтім жасау, сүт, ет, төл алу, азықтандыру, қолдан ұрықтандыруды ғылыми тәжірибеден өндіріске енгізудегі облыстық семинарды өзі тікелей басқарып, басшылыққа алуды міндеттеген болатын. Осы жолдың авторы да осы семинарға қатысқан болатын.
Ол кісінің мәдени-тұрмыстық, әлеуметтік салаларға аса назар аударғанын сол кездері қызметтес болған аға буын өкілдері жақсы біледі. Сөзімді дәлелді болу үшін айта кетейін, 1985 жылдың тамыз айы еді, мезгіл түстен кейін болатын. Кеңсеге ыстыққа терлеп-тепшіп, ұзақ жолдан шаршағандықтың сыңайын танытып, денелі жігіт ағасы келіп кірді. Түрі таныс облыстық мекемелерде жауапты қызмет атқаратын кісіге шырамыттым.
Амандық-саулықтан кейін, ол кісі келген шаруасын айтуға кірісті.
– Бүгін облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Е.Н.Әуелбековтің қабылдауында болдық. «Облыстың, барлық аудандардағы шаруашылықтарға,елді мекендерге барасыңдар. Сол ауылдағы монша, қонақ үйі, сауда орындарын, асхана сияқты басқа да әлеуметтік тұрмыстық орындардың жұмыс істеу жағдайын анықтап, егер ондай орындар жоқ болса, жергілікті басшыларға оны салуға тапсырма беріп, іске қосылу уақытын белгілеп, өздерің осы тапсырманың орындалуына тікелей жауап бересіңдер» – деді.
Келген кісінің кеуілін орнына түсіру үшін, мен де кеңшардың типтік жобамен салынғандығын, сауда қонақ үйдің, моншаның бар екендігін қолынан іс келетін Кенжебеков Тұрмағанбет моншашы болып жұмыс істейтінін, қысқасы, бұл мәселелердің біздің ауылда шешілгендігін жеткіздім.
1986 жылдың тамыз айында Еркін Әуелбеков аудан шаруашылықтарын аралап, Қарақұм мал жайылымындағы малшылардың жағдайымен танысып, аудан орталығындағы өндіріс орындары мен мекемелерді аралады. Ол кісінің қасында Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы О.Сәпиев пен кеңес атқару комитетінің төрағасы М.Әбдіразақов, РАПО бастығы С.Әлиев болды. Келген бойда танысуды оқу орнының машина-трактор ауласынан бастап, оқу кабинеттері мен шеберхана зертханаларының бәрін көріп шықты. Училищенің мекен-жайы бұрынғы тараған МТС-тің ескі орны болатын. Еркін Нұржанұлы училищенің техникалық базасының ескі екенін және ол бүгінгі талап дәрежесіне сай еместігін көріп, маған заман талабына сай оқу базасын жасауды тапсырды. Ол тұста мен бұрынғы училищенің қазіргі колледж басшысы болатынмын. Мен училищенің ғимараттары мен шеберханалары заман талабына сай еместігін жеткіздім. Сонымен қатар оқушыларға мәдени-тұрмыстық және спорттық көпсалалы кешеннің жылда жоспарға енбей келе жатқанын айтып, соны салуға көмек сұрадым. Бұл мәселе бойынша облыстық басқарма бастығына бірнеше сұрақ қойды. Ол да жоспарға енбей жатқанын айтып, өзінше дәлелдегендей болды. Бірден сол жерде көмекшісі Кеңес Махамбетовке тікелей тапсырма беріп, ертең менің атымнан облыстық Сельстрой тресінің бастығы Фаткульдиновке осы құрылысты бастауға тапсырма беріңіз деді. Ертеңіне аудандағы сол треске қарайтын 05 ПМК мамандары келіп, жұмысты бастау үшін алғашқы қаржы бөлініп, құрылыс жұмыстары басталып кетті.
Жоспарсыз басталған жұмыстың ішкі керек-жарақ құралдары мен жабдықтарын алу оңайға түспеді. Осы жұмысқа да Еркін Нұржанұлы республикалық деңгейге дейін шығып, еліміздің түкпір-түкпірінен сұраныстар беріліп, орнатылып келесі жылдың бірінші қыркүйегінде пайдалануға берілді.
Өкінішке орай, 90-жылдардың соңында жекешелендіру кезінде оқу орнының мақсатты түріндегі жылжымайтын мүліктер және құрал-жабдықтары, техникалары жекеленуге, сатуға жатпайды деген заңды белден басып, көпсалалы мәдени-тұрмыстық, спорттық кешен болар-болмас пұлға жекеге сатылып кетті. Қазір сол кезде Еркін Нұржанұлының тікелей араласуымен салынған ғимарат кешен саудагердің дүкеніне айналып, бұл күндері елімізге көпсалалы мамандар даярлап жатқан Жалағаш индустриалды-аграрлық колледжге қайтарылмай отырғаны өкінішті.
Қысқа мақалада үлкен жүректі мемлекет, қоғам қайраткері Еркін Әуелбеков жайлы толық айтып жеткізу мүмкін емес. Мен облыстың қатардағы азаматы ретінде ол кісінің облысты басқарған кезіндегі өзім куәсі болған 4-5 жәйтті және әңгімелеп, бүгінгі ұрпаққа мемлекет және қоғам қайраткері Еркін Әуелбековтің облысқа жасаған еңбегін айтуды мақсат тұттым.
Рысбай КӘРІМОВ
Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі,
Жалағаш ауданының Құрметті азаматы