ЕРУЛІК
Заманның өзгеруі бізді қазақы болмысымыздан, ата-баба дәстүрінен, ұлттық құндылықтарымыздан алыстатпауы тиіс. Желісі үзіліп қалған салт-дәстүрлерімізді қайта жаңғырту, бүгінгі ұрпақтың санасына сіңіру, сол арқылы ұлттығымызды ұмытпау өз қолымызда. Әсіресе жастар біле бермейтін дәстүрлеріміз жетерлік. Ата-бабаларымыздан мұра боп қалған салт-дәстүрлер әрдайым игі мақсаттар үшін қолданыста болған. Түбегейлі ұмытылып кетпесе де қазірде кей жерлерде қолданылмайтын салт-дәстүрлердің қатарында ерулік те бар.
Жалпы қазақ – бауырмал халық. Бауырмалдылығын жолы түсіп, үйіне ат басын тіреген жолаушы құдайы қонаққа мал сойып, кең дастарқан жайып, дәм-тұзын татқызатынынан көреміз. Жаңа қонысты бетке алып, ауыл тұсынан өткен көш адамдарына ақ жаулықты аналар қымыз, шұбат, айранын ұсынған. Түстендіріп не қонажатқызып сыйлы мейманға лайық кәделі қонақасы берген. «Көш көлікті, көрікті болсын» десіп аттандырған. Қазақтың даласындай кең дархан көңілі, береке мен бірлікке толы қара шаңырағында үлкен кие жатыр. Әр қазақ менің жалғызым дейтін табиғатынан бауырмал халық ерулік деген дәстүрді бекерден бекер қалыптастырмады. Ата-бабамыздан осы күнге дейін жеткен бұл дәстүрдің мәні тереңде.
Ауылға, үйге қоңсы қонған отбасына ерулік атаулы дәмдестік сыйлы дастарқан жайылған. Ерулік дәстүрінде жаңадан көшіп келген, жапсарлас қонған отбасына бұрыннан отырған көршілері қонақасы береді, дәм-тұз таттырып, ықылас-пейіл білдіреді. Ерулік беру арқылы ауыл тұрғындары жаңа көршілерін өздеріне етене жақындастыруды, бауырмалдыққа жетуді көздейді. Ерулік қысқы соғымның сүбелі мүшелерінен, яғни қазы-қарта, жал-жая, тағы басқа да кәделі мүшелерден пісіріледі немесе қой сойылып шақырылады.
Жаңа қонысқа көшіп келгендердің алғашында үйренісе алмай тосырқайтыны заңдылық. Көршілік қарым-қатынасты реттеуге негізделген сыйластық көрінісі болып табылатын бұл дәстүрдің мәні ерекше. Сондықтан дана халқымыз осылайша ерулік беруді ойлап тапқан. Бұрыннан отырғандар көшіп келгендердің үйін тігісіп, барлығы бірге, кезек-кезек қоныстанушыларды бала-шағасымен қосып, түгел үйлеріне шақырып, танысып, білісіп араласып кетуге жағдай жасайды. Үлкендер де, бала-шаға да ерулік кезінде таныстығы артып, бір-біріне замандас, құрбы-құрдас тауып жатады.
Қазір бұл дәстүрді ұмыт қалды деуге келмейді. Дегенмен қалалық жерлерде желісін үзгені анық. Өйткені көршімен байланысты түзеп, бауырмалдыққа ұмтылатын көңілі дархан текті халықтың бұл қасиеті көп адамда жоқ. Тіпті көршімен араласу, көршінің қадірі дегендер қалып барады. «Көршіңмен қандайсың?» десең, бір ғимаратта тұрып бір-бірін танымайтынын айтып жатады. Қазақтың «Алыстағы ағайыннан қасыңдағы көршің жақын» деген сөзінің астарын, мән-мағынасын білмесе керек. Не десек те қазақылығымызды айқындайтын, болмысымызды дәріптейтін салт-дәстүрлерімізден қол үзбеуге жанталасуымыз керек. Өйткені құбылмалы заман көп ұлттың құндылығын жойып жіберді.
Дайындаған Нұр НАУАН