ҚЫЗЫЛ ҚАСҚЫР

EW санаты – еліміздің жабайы табиғатында жойылып кеткен түр; XX-ғасырдың 50-ші жылдарынан бастап оның мекендеуі жайында нақты деректер жоқ. ХТҚО-ның Қызыл тізіміне (ЕN санаты), Ресейдің Қызыл (1-ші санат), Қырғызстанның Қызыл (өте сирек және зерттелмеген, ол туралы XX-ғасырдың 50-ші жылдарынан бері деректер жоқ) кітаптарына тіркелген. Таралу аймағы Оңтүстік және Орталық Азия мен Шығыс Азияның оңтүстік жартысын қамтиды. Қазақстанда Тянь-Шань, Жетісу, Тарбағатай, Сауыр мен Алтай тауларына енетін таралу аймағының солтүстік шегі жатыр. XX ғасырдың бірінші жартысында, аңдардың нақтылы кездескен жерлері Талас, Қырғыз, Іле, Күнгей және Теріскей Алатауларында, Жоңғар Алатауының оңтүстік-батыс сілемдері мен оның орталық (Сарқант) және шығыс (Алакөл ауданы) бөлімдерінде, Семей облысының Майтабай ауылына жақын жерде, Марқакөл маңында, Бұқтырма өзенінің аңғарында есепке алынған. Жартасты шатқалдар, субальпі және альпі шалғындықтары, сырттар, таудың далалы және орманды учаскелері, әсіресе теңіз деңгейінен 2500-4000 м биіктікте. Қыс кезінде қасқырлар тұяқты жануарлардың соңынан еріп, 800-1500 м биіктікке дейін төмендейді.
Қызыл қасқыр көптеген аудандарда өте сирек кездескен, тек Тарбағатай, Сауыр мен Жоңғар Алатауында біршама жиі кездескен. XX ғасырдың 20-21-ші жылдары Алакөл ауданында бір маусымда кейде 6 қасқырға дейін ауланған. Соңғы онжылдықтарда XX-ғасырдың 80-ші жылдарында қызыл қасқырларды Оңтүстік Алтайда және Батыс Тянь-Шаньда кездесетіні жайында мақалалар жазылды. Олар қойшылар мен аңшылардың ауыз екі мәліметтері, өкінішке орай ешқандай рәсімделмеген еді. Бұл жағдайларда қызыл қасқырларды сұр қасқырлармен шатастыруы мүмкін, өйткені бұлардың жеке өзгергіштігі жоғары, кейде түсінде қызғылт рең басым болатын аңдар көптеп кездеседі.
Қызыл қасқырға мекенін жиі ауыстыру тән. Шыңғыстау жотасында және Ямынеев ауылының маңында (Павлодар қаласынан оңтүстікке қарай 70 км) кездескені белгілі. Негізгі жемтігі – таутеке, арқар, елік, қабан, марал, үй малдары. Хайуанаттар паркінде қаңтар-ақпанда ұйығады, 2 ай буаз болады. 3-9 бөлтірік туады. Көбею кезеңінен тыс кезде қасқырлар топқа жиналады және жиі 3-10-нан бірігіп жемтігін аулайды. Жаулары мен бәсекелестері – қасқыр, барыс. Мәскеу, Пекин және басқа хайуанаттар парктерінде көбейеді.
Қ.АХЕТОВ