Абыз ағаның асыл әңгімесі

Ықылым замандағы бабалар көшінен жеткен бәтуәлі сөздің қаймағын бұзбай, сөз сәулетін келтіріп, таңдайынан бал таматын текті кісілерді бұл күнде ел ішінен табу жоғалтқан инені табумен барабар. Қазыналы сөзді саптау, оны өз әуенімен, сән-салтанатымен ел ішіне тарату – үлкен тапқырлық пен шешендіктің, зеректіктің белгісі. Қаршадайынан жетімдіктің тақсіретін тартып, ауыртпалықтың қамытын кисе де, бұл кісінің табандылығы, елжандылығы шынында көпке үлгі боларлықтай. Сонау Алматыға ат терлетіп барып, танымал журналист, марқұм Бейсен Құранбектің «Айтуға оңай» бағдарламасына қатысып, 3 сағат тәлімді әңгіме айтқанының өзі мақтануға тұрарлық дүние ғой. Ертеңіне Хабардың бас редакторы Ғалым Есенсариевтің шақыртуымен онда 4 жарым сағат тоқтаусыз көнеден жеткен алтын көмбеде жатқан ұлықты өсиеттен сыр тарқатқаны да рухани дүниені елдің мұрасына айналдыруға барын салған қарияның ұлтжандылық келбетін сомдап тұр. Жастайынан ат тақымдап, егін егіп, бейнет қылған Өміртай ағамыз біздің көз алдымызда қайтпас қайсар еңбекқорлығымен ерекшеленіп, ол кісіге ұқсап талаптануды үйрендік.
Ол кісі бізге құдайы көрші болды. Таң қылаң бере егіс даласына аттанып бара жатқанын бала күнімізде көзімізбен көрдік. Бүгінде ойлап отырсам, қарапайым еңбек адамының сөз зергері болып, елге танылуы шынында таңғажайып құбылыс. Ол кісі сексеннің сеңгіріне шықса да әлі сергек, тың, зердесі мықты. Сөз арасында «менің компьютерімдегі әңгімелерді бар кезімде жазып алыңдар» деп әзілдеп қояды.
Шынында ол кісінің тұла бойы тұнған тарих. Таңды таңға асырып айтатын әңгімелері әлі де қоржынында мол секілді. Сүйем сөздің қасиетін білетін нағыз қас талант екеніне осы жолы да анық көзіміз жетті. Сәлем беріп барғанымызға разы болып, алдымызға шәй келгенше өзіне жарасымды коңыр үнімен бірнеше әңгіменің тиегін ағытты. Ішімнен ата-анамның көзін көрген асыл жанға табынып әрі таңырқап отырдым. Бұл кісілерді көздің қарашығындай сақтау, барда бағалау біздің кейінгі ұрпаққа шынында аманат секілді. Себебі қазір шаршы топқа орамды ой толғап, қалың елді кестелі сөзімен баурайтын мұндай туымды қарттар саусақпен санарлық. Осындай ой толқынында отырғанда ағамыз тамағын бір кернеп қойып, әңгімесін бастап кетті.
Кетеде ертеде Тұңғышбай деген болыс болған. Халқына жайсыздығымен танылыпты. Сол елдің игі жақсысының бірі Тұрманишан қожаның 12 баласы болған екен. Оның таңдайына тартып отырған жалғыз көк сиыры болыпты. Соны Тұңғышбай болыс салық есебінде айдап кете барыпты. Сонда қожа Тұрман ишан қарап қалмай, «Ей, Тұңғышбай, мына 12 бала қырылатын болды ғой. Күздің күні суалғасын өзім апарып берейін, тастап кет» деп 3 рет айтқан екен. Болыс та «болмайды» деп 3 рет қарсы жауап айтыпты. Сол сәтте ашу қысқан ишан «Әй,Тұңғышбай сені аттым» депті. Содан оның қарғысы Тұңғышбайға шаншу болып жабысып, үйіне келген соң «Мені Тұрман ишан атты. Шақырып келіңдер» деп кісі жіберіпті. Содан шақырушы барған. Ишан болса «Бармаймын. Атылған оқ қайтып шықпайды» деген екен. Содан Тұңғышбай жұлдыз шыға өмірден өтіпті. Қызылға ауып кеткен кетелер Тұңғышбай өлді дегесін елге қайтқан екен. Міне, сөздің киесі қандай десеңші.
Арқада Алмат, Самұрат деген кісі болған шобдар. Ол кісіге келген адамдар айбарынан сескеніп, атын үйдің белдеуіне байламай, алыстан кермеге байлап, қонақ үйге шешініп, мәсі калошын тастап, төселген алашамен жаяу барады екен. Сол қағиданы Тұңғышбайдың бесікте қалған Тайшық деген баласы бұзған екен. Сол бала 12 жасқа келгенде тайына мініп Алматқа сәлем бере барыпты. Алматтың үйіне шауып келіп, атын кермеге емес, белдеуіне байлаған. "Әй, мынау кім менің төбемді ойып бара жатқан?" деп айтқанша болмай, белдеуге тайды іле сала үйге кіріп келеді. Сонда шарта жүгініп отырып «Ата, жетімге үш есік ашық деп еді. Біреуі – Мекке Мәдинаның есігі,біреуі – Қожахмет Яссауидың есігі, тіріде – Алмат, Самұраттың есігі ашық деп еді. Мен сияқты жетім келгенде есігің жабылса, жабылып-ақ қалсын» деп шығып жүре берген екен. Тайына мініп кетіп қалған соң Алмат ойланып отырып, «Апырмай, кетеде бір жетім бар деп еді. Алып келіңдер ананы» депті. Содан қайтарып алып келіп, балаға құлын сойып, қонағасы берген екен. Енді Алмат-Самұрат сөзге тарту үшін келген қонақтың үстіне аунайды екен. Аунайын деп келе жатқанда «Шошқа болсаң, көлге ауна, түйе болсаң, сорға ауна. Мен – екеуі де емеспін, адаммын» деп ерсі қылықты тойтарып тастаған екен. Алмат-Самұрат осылайша сөзден тосылып, 12 жасар бала болса да, дана Тайшықтан жеңілген екен» деп әңгімесін түйіндегенде ұлағатты әңгімеге елтіген біз де бір желпініп қалдық.
Алтын көмбеде таңды таңға асыратын өнегелі әңгімелер көп екен. «Жақсы қарияның кеудесі алтын сандық» деген осы болар. Зердесі мықты, өн бойында атан түйеге жүк болар рухани азық жинаған көнекөз қарт ағамызбен қимай қоштастық. Міне, Баукең айтқан нағыз абыз қария шынында осы кісі болар? Әйтеуір бұл күнді қасиетті рамазан айы сыйлаған сәтті күнге баладым.
Гауһар ҚОЖАХМЕТОВА