ЖЫЛҚЫДА ҚАЗАҚТЫҢ РУХЫ БАР
Ежелден халқымыздың тұрмысында жылқы ерекше маңызға ие. Желден жүйрік осы жануардың ең алғаш қазақ даласында қолға үйретілгені тарихтан белгілі. Бұл сөзімізге археологиялық зерттеулердің нәтижесінде Ботай мәдениетіне жататын Ботай қонысынан табылған бес мың жыл бұрынғы жылқы сүйектері дәлел. Демек, маңғаз далада желмен жарысқан тарпаңдарға ең алғаш біздің бабаларымыздың тақымы тиген. Содан бері қазақ пен жылқы бір ұғымға айналып кетті.
Заңғар жазушы Асқар Сүлейменовтың: «Дарвин маймылдан жаралса жаралған шығар, мен жылқыдан жаралдым» деуінің астарында ақиқат жатқан сияқты. Әрине тек жағынан емес. Бірақ қалай болғанда да қазақ пен жылқының арасында бір байланыс бар екенін ішкі түйсігіміз сезеді. Халқымызда «Түбіміз – Түркі, түлігіміз – жылқы» деген сөз бар. Жылқы жануарын қазақтай күтіп баптаған, сынаған, сұлу тұрқын сипаттап өлеңге қосқан, тіпті тұтас поэмаға, романға арқау еткен халық жоқ шығар. Қазақта жылқыға қатысты аңызға бергісіз қызықты әңгімелер өте көп және сол әңгімелердегі жылқының іс-әрекеттерінен адам баласының өзі тағылым алуға болады. Расында, жылқы – өте ақылды, қасиетті жануар. Олардың басты қасиеті – тектік тазалығын сақтауында. Үйірдегі құлынның жынысы жетілгенде өз енесіне шаппауы бізге көп жайды аңғартса керек.
Аңыздағы Қобыландының Тайбурылы, Қамбардың Қарақасқасы, кешегі Ақан серінің Құлагері секілді сәйгүліктердің күнделікті күтімі мен бабы адамнан кем болмапты. Жалпы жылқы малын қазақ әу баста күш көлік ретінде пайдаланған. Сүтін ішіп, етін жеген. Содан соң алыс сапарларға, жауынгерлік жорықтарға мінген. Бертін келе туымды тұлпарлар ұлттық ойындарға қосылған. Соның ішінде күні бүгінге дейін бәйге мен көкпарды жылқысыз елестете алмайсыз.
Жылқы жануарының екінші қасиеті – тән тазалығында. Жылқы еш уақытта иістенген суды ішпейді. Шөлдеп өліп кетуге бар, бірақ борысып, сасыған суға ерінін де тигізбейді. Ағын су табылмаса, бір орнында тұрып қалған көл суының өзін ортасына дейін кешіп барып, тұнық, таза тұсынан шөлін қандырады. Міне, сондықтан да қазірде әлем ғалымдары “Ең таза және адам ағзасына қуат беріп, денсаулығын нығайтатын шипалы өнім жылқыда” деген тұжырым жасап отыр.
Біздің тілімізде «Ат құлағында ойнайды» деген төл тіркес бар. Бұл – шабандоздарға қатысты сөз. Бір кездері халқымызда жылқымен тілдесетін сыншы, сейістер көп болған. Сағынайдың асындағы бәйгеге қосылғалы тұрған Көкшеден келген Ақанның Құлагерін айнала бір қарап шығып, “Мынаған бәйгені шаппай беріңдер” деген Күреңбай сыншының бір ауыз сөзі Батыраштың балтасын қайрады. Өйткені бәйгеден бір күн бұрын Көктұйғынның жаңа тастаған тезегін қысып тұрып, «Әттеген-ай, бойында бірер тамшы қамау тері қалыпты-ау. Бір күндік бабы кем болыпты» деген де сол Күреңбай еді ғой...
Қазір қазақта ондай атсейістер жоқ. Бар болса да, өте аз және олардың өзінің жасы қазір сексеннен асты. Өкініштісі, оларды айналсоқтап жүрген, жолын жалғастыратын жастар жоқ. Әйтпесе, қазір елімізде арнайы құрылған “Ат спорты федерациясы” бар. Бұл федерацияның мақсаты – қанымызда, жадымызда болғанымен, тұрмысымызда ұмытылып бара жатқан ұлттық спорттық ойындарды жаңғыртып, дамыту, жастарды ұлттық ойынға баулу. Ондағы мақсат: ат үстінде өскен баланың бойында өжеттік, еркіндік, батылдық мінез қалыптасады. Екіншіден, жылқыға міну ер азаматтарда кездесетін көптеген жыныстық аурулардың алдын алатын көрінеді. Бұл медициналық тұрғыда жан-жақты зерттеліп, дәлелденген.
Өткен ғасырдың басында қазақ даласында төрт жарым миллион бас жылқы түлігі болыпты. Сол жылқыдан небары жиырма жылдың ішінде сегіз жүз мың бас қана қалыпты. Төрт түлігі сай байлардың өзі түйе мен қойды байлық деп есепке алмай, жылқысымен ғана мақтанған екен. Құнанбайдың өзіне 16 мың жылқы біткен дейді. Кешегі «Темір нарком» атанған мемлекет қайраткері Темірбек Жүргеновтың әкесі Қараның 7 мың жылқысы болыпты. Қырды жайлап, Сырды қыстаған Қараның сол жеті мың жылқысы суатқа құлағанда көлдің суы ортайып қалатын көрінеді. Жазушы Ахмет Тілеулиев өзінің «Қарақұм» романында кешегі ашаршылық нәубетінде қызыл империяның жандайшаптары Сыр бойын жайлаған ауылдардың барлығын тінтіп жүріп, қолға ұстап отырған бірлі-жарым ірі қара малын, соның ішінде жылқыларын айдап алып кетіп, Қармақшы жақтағы бір терең сайға өртейтінін және сексеуілдің шоғына үйітіліп, теңкейіп-теңкейіп қалған жылқыларды көрген жандардың да бар екенін жазады.
Енді бүгінде еліміздегі жылқы саны жүз мыңға жете ме екен? ХІХ ғасырдың соңында өмір сүрген орыс-казактарының атаманы Рябушкин: «Бұл қазақ дейтін халық атқа мінсе жынданып, есерленіп кетеді. Ешкімге бағынбайды. Қазақты бағынышты ұстау үшін аттан айыру керек. Қазақ қалай аттан айырылса, олардан бағынышты, олардан момақан, олардан сорлы халық жоқ» – десе, Сібір шебінің әскери бастығы, генерал-майор Веймарн: «Қазақты тыныштандырып, жуасыту үшін, білдіртпей, бірте-бірте қазақтың күші мен байлығының қоры – жылқысын азайтып, кеміту керек. Қазақ жылқысы болмаса, бізге қауіпсіз болады, амалсыз тыныштанады», – депті. Рас. Бұны қазіргі үлкен буын ағаларымыздың өзі мойындап жүр. Қазақтың рухы атқа мінгенде күшейеді. Астындағы ауыздығымен алысып жер тарпып, тықыршып тұрған тұлпардың буы дем беріп, делебесі қозады. Жауға шапқанда «әруақ» деп ұран салып, еліріп кететіні де содан. Бейбіт күннің өзінде көкпар тартып, бәйге шапқан жиын-тойларда жерде тұрған жанкүйерлердің өзі қиқулап теңселіп, толқып кетеді. Енді бүгін қазақтың тақымы жылқыдан шығып кетті. Әріні айтпағанда, өткен ғасырдың соңына дейін ауылдағы әр қазақтың қорасында кемі бір ат байланып тұратын. Қазір ауылдағы жүз үйдің біреуінің қорасынан жылқы малының иісі шықпайды. Соғымға болмаса, темір тұлпар тізгіндеген бүгінгі жаңа қазақтарға жылқының тұрмыстық қажеттілігі де бола қоймас. Десе де қазақ баласы ара-тұра жайдақ жылқыға қарғып мініп, тұяғымен тас туратып кең даланы көсілте шауып, ұран салып тұруы керек.
Қуат АХЕТОВ