» » » Табақ тарта білесіз бе?

Табақ тарта білесіз бе?


Газет оқырмандарына кезекті ұсынып отырған материалымыз ауыл баласына аса қызықты болмауы мүмкін. Өйткені ауыл балалары бұл дәстүрді күніге көріп жүр деп білеміз. Ал, қалада өскен бала ше? Бұл ретте оның (қала баласының) төмендегі мәліметтерге қызығары сөзсіз. Әрине, ата-апасынан, әке-шешесінен көруі, үйренуі де мүмкін. Бірақ, білгені қанша, білмесі қанша... Сондықтан табақ тарту мен бас-құлақ сынды мүшелердің ұсыну түрлерін сіз бен бізге өте қызықты әрі пайдалы болады деген сенімдеміз.
Бір ескерер жәйт, ұланғайыр даламызда табақ тарту түрлері және оған салынатын мүшелердің қаншама тәсілдері бар екені анық. Арасында сіздің өңіріңізбен алшақтық болуы әбден мүмкін. Төменде келтірілген мәліметтердің негізгі дереккөзі Болат Бопайдың «Қазақ кәдесі» еңбегі болып табылады. Соныменен, бастайық...
Бас табақ – қазақтың қонақ күту, сыбаға сыйлау дәстүрінде, ата салтында үйге кісі, сыйлы қонақ, ауыл ақсақалы келгенде, не алыстан өте құрметті, қадірлі қонақ келгенде, не оларды арнайы қонаққа шақырғанда ұсынылатын табақ түрі. Табаққа қойдың басын, жамбасын, ортан жілігін, арқасын, сүмбе қабырғасын, жауырынын, белдемесін, кәрі жілігін, ішек-қарнын, тоқ ішегін, жүрегін, бүйрегін, екі сирағын түгел табаққа салып, қонаққа бас табақ етіп тартады.
Орта табақ – бас табақтан қалған еттердің қалған кәделі жіліктерінен жамбас, ортан жілік, жауырын, қабырға, арқа, белдеме, кәрі жілік сынды сыбағалы жіліктерді бас табақтан кейін отырған, үлкендерден жасы кішілеу қонақтарға тартады.
Аяқ табақ – үлкендерге бас табақ, одан соңғыларға орта табақ, аяқ жағында отырғандарға аяқ табақ тартады. Аяқ табаққа асық жілік, төс, құйымшақ, қабырға, арқа, белдеме сынды кәделі жіліктерді тартады.
Сый табақ – сыйлы қонаққа, жасы үлкен қарияларға, құда-құдағиларға арнап «сый табақ» тартады. Сый табаққа малдың басы, жанбасы жылқы еті болғанда жал-жая, қазы-қарта, ортан жілік, белдеме, омыртқа, қара қабырға сынды кәделі еттер асылады. Сиыр-түйе сынды ірі қара болғанда, белдеме, жая, өркеш, омыртқа, қарын-сұрын, қимай асылады. Ұсақ мал болғанда бас, жамбас, белдеме, арқа, жауырын, ортан жілік, қабырға және сүбе қабырға, кәрі жілік, ішек-қарын, тоқ ішек, жүрек тартылады.
Құда табақ – құдаға сойылған мал қой болса, табаққа басын, жамбасын, кәрі жілігін, ортан жілігін, жауырынын, сүбе қабырғасын, арқасын, белдемесін, қарнын, тоқ ішегін, құйрық-бауырын тартады. Жылқы болса, шекесін, жал-жая, қазы-қарта, омыртқа, ортан жілік, арқа, қабырғаларын асады. Сиыр болса, жая, омыртқа, арқа, ортан жілік, қарын, қимай, белдемесін асады.
Құдағи табақ – ері қайтыс болған, құда жоқ, құдағи ғана келгенде, «құданың жолы» деп бас, жамбас, омыртқа, арқа, белдеме, қазы-қарта, жал-жая, қарын, қимай, ортан жілік, жауырын, құйрық-бауыр салынған үлкен сый табақ тартады. Ал, ері тірі әйелдерге әдетте бас тартпайды.
Күйеу табақ – асық жілік, төс, ортан жілік, сүбе қабырға, арқа, белдеме, қарын, тоқ ішек салады.
Қыз табақ – бұл төркіндеп келген қызына көрсетілетін құрмет. Табаққа жамбас, асық жілік, жауырын, белдеме, тіл-жақ, қарын-сүрін, сүбе қабырға, жүрек-бауыр, бүйрегін салады.
Келін табақ – ата-енесі келінге асық жілік, тіл-жақ, белдеме, арқа, жауырын, ортан жілік, жүрек-бауыр салынған табақ тартады.
Жеңге табақ – халық арасында аз кездессе де, мұндай табақ түбі бар екен. Табаққа қойдың жамбасын, жауырынын, арқа белдемесін, сүбе қабырғасын, жүрек-бауырын, тоқ ішегін, қарын-бүйректерін салады.
Жезде табақ – бұл табақты балдыз қыздар дайындайды. Ортан жілік, жауырынын, арқа, белдеме, қарын, тоқ ішек, бауыр, жүрек, бүйрек, құйымшақ салынады. Жезде табаққа салынатын сый-сыбаға негізінен жеңге табақпен бірдей болады. Ал ұқсамайтын жері құйымшақ қосады. Онысы – балдыз қыздардың жездесіне көрсеткен әзілі, қалжыңы деп түсінген жөн.
Беташар табақ – қазақтың келін түсіру салтында, «беташар» рәсімін жасаған адамға арнап арнайы табақ ұсынады. Табаққа тіл-жақ, жүрек-бауыр, ортан жілік, жауырын, белдеме, арқа, қабырғалар салып, үстіне таңдай қосады. Оның үстіне әдемі кестелі қолжаулық жабады, болса күміс жүзік, теңге қояды.
Бала таба– үйге келген балаларға арнайы табақ тартып, дәм сыйлап отырған. Мұндай табаққа асық жілік, жауырын, ортан жілік, арқа, белдеме, тіл-жақ, қабырға салынады.
Құрдас табақ – қонаққа жылдас адамды шықырғанда жамбас, ортан жілік, жауырын, қабырға, арқа, белдеме сияқты сыбағалы жілік сыйлайды.
Қос табақ – қазақтың қонақ күту салтында үлкен қарияларға, ерекше сыйлы қонағына қос табақ тартады. Қос табақ тартуы құрмет сыйдың ең үлкені саналады, жоғары бағаланады. Қос табаққа да жамбас, ортан жілік, арқа, белдеме, жауырын, қабырға салады, біреуіне бас қосады.
Тіл ашар табақ – баланың ең алғаш былдырлап тілі шыға бастағанда, әке-шешесі қойын сойып, мол дастархан жаяды. Ауылдың үлкендерін шақырады. Арнайы сойылған қойдың жамбас, кәрі жілік, жауырын, белдеме, арқа, сүбе қабырға, қара қабырға, тоқ ішек, қарын-сұрындары салынған табаққа ең үстіне қойдың басы мен тіл-жағын қойып тартады.
Төре табақ – табақ тартудың бір түрі. Ел арасында кейде «төбе табақ» деп те атайды. Төре табаққа бір қойдың етін, кәделі жілігін түгел салады да, балуан, батыр азаматтардың алдына тартады.
Кежім табақ – қазақ тарихында өте сирек тартылған. Оны өте сыйлы, мәртебелі қонақтарға ғана тартады. Кежім табаққа үлкен қойдың еті, бас-сирағымен қосып бір-ақ салынады. Бөліп-жарып жатпайды. Кезінде Абайдың әкесі Құнанбай Қытай жеріндегі қазақ еліне барғанда Шәку деген бай қажыны қонақ қылғанда осы кежім табақты тартқан екен.
Бас ұсыну– қазақта бас ұсынудың өзіндік жолы бар. Бас табаққа бас тартылып, оны ең сыйлы қонаққа (әдетте қарияға) береді. Қария бата-тілегін айтып, алдыменен оң езуінен кесіп өзі ауыз тиеді. Онан соң оң құлағын кесіп, үйдің ең кіші баласына не жасы кісі адамға ұсынады. Айнала отырған адамдарға бастан бір-бір жапырақтан кесіп ауыз тигізеді де, қалғанын үй иесіне береді.
Құлақ ұсыну – қазақ ұсақ малдың құлағын балаларға ғана ұсынады. Сондағысы «сақ құлақ, алғыр болсын» дегені. Бір бастың екі құлағын бір балаға бермейді. Міндетті түрде екі балаға беруі керек. Ал, ірі қара малдың құлағы берілмейді.
Көз ұсыну – бас мұжып отырған адам малдың көзін бас біреуге ұсынар болса, жұп көзді бір адамға қатар береді. Яғни, бір бастағы көзді екі адамға берілмейді. Сондай-ақ құрмет бойынша, көзді қос қолмен ұсынылады.
Тіл ұсыну – ас ұсыну жолындағы тамаша кәдесінің бірі. Малдың тіл-жағын баспен бірге қонаққа тартпайды. Оны көбінесе келінге береді. Кейде үйде келген ақын-шешендер де тіл мен жақты алдыртып, арнайы біреуге ұсынып «менің жолымды берсін» дегендей тілек айтады.
Таңдай ұсыну – басты кесіп отырған адам, таңдайды оң алақанына сарт еткізіп ұрып, үйдің кенже қызына немесе маңайда отырған әншіге ұсынады. Таңдайды ұсынғанда үстіндегі қатты қыртысты қабығын алып тастап, жұмсақ үлпершек жұқа бөлігін ғана береді.

Ақмешіт жастары.
08 қаңтар 2018 ж. 2 383 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 727

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қазан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
28293031