» » » БАЯҒЫНЫҢ АДАМДАРЫ

БАЯҒЫНЫҢ АДАМДАРЫ

Шешем марқұм біреуге көңілі толмағанда немесе кейігенде "Жарықтық, баяғының адамдары-ай" деп бір әңгіме бастайтын және ол сөз күйінде қалмайтын. Анау бастан орағытып әкелген әр әңгімесінің түйінінде әлбетте өнеге жататын.

Расында, баяғының адамдары мықты болған деседі. Осалы да болған шығар, бірақ некен-саяқ. Олардың осал дегенінің өзі қазіргі мықтылармен шендесе алатын шығар-ау. Бұрынғылардың мықтылығы тек күш-қай­ра­тында, денінің саулығында ғана емес, ниетінің таза­лығында болған шығар деп ойлаймын. Ниеті таза адамның дені сау болады. Айналасына тек жақсылық ойлап тұратын кісінің бойына жамандық жуымайды. Яғни оның бойында теріс, лас энергия болмайды. Жақсылық жасау – сауап. Ал әрбір сауапты істің, қайырымдылықтың адамға ғайыптан күш-қуат беретіні Құранда да жазылған, ғылым да зерттеп, дәлелдеген. Демек, бұдан: "бұрынғы адамдардың жақсылығы – олардың жан тазалығында" деген қорытынды шығаруға болады. "Көп білген адамның амал-айласы мен қулық-сұмдығы да көбейе береді" деп отыратын бір ағамыз. Астарында белгілі бір мөлшерде шындық бар сияқты. Біз, қазіргі адамдар жартылай темірге айналдық. Жүректің жылуы кеміп бара жатыр. Жүрекке жылу күн сәулесінен түспейді, көңілден түседі. "Көңіл – көңілден су ішеді" деп айтып кеткен сол ескінің адамдары. Заманды адам жасайды, адам өзгертеді. Сосын заманына қарай өздері де өзгереді. Бұрынғы мамыражай заманды жасаған бұрынғының адамдары аса мейірімді еді. Қаталдығының өзінен киіз үйдің жабығынан түскен үт секілді мейірімнің жып-жылы шуағы жылт-жылт ете қалатын. Ауыл елдің ішіндегі құдайы көршілердің бір-біріне деген қамқорлығы өз алдына, далада бірер күн қоңсы отырған екі үйдің арасындағы қарым-қатынастың қоштасардағы қимастыққа ұласқанын көрудің өзіне жүрек керек еді ғой.

Бұрынғының адамдарының тағы бір ерекшелігі семсер сүйіп, серттесіп, нан ұстап ант беріп және соны өлгенше бұзбайтын беріктігі еді. "Уәде – Құдайдың бір аты" дейтін де солар ғой. Ол сөзді қазір біз айтып қор қылып жүрміз. Оның арғы жағында аманат деген бар. Мойнына аманат арқалаған адам ажалының өзін Құдай кешіктіретін көрінеді. Осыдан-ақ оның салмағын біле беруге болады. Аманат демекші, осы күні танысыңа бір жапырақ қағаз беріп жібергелі қала мен аудан орталығына қатынайтын таксилерге тапсырғалы барсаң, ақша сұрайды. Ол – аманат емес пе?! Бірақ олар оған аманат деп қарамайды. Ақшаңды төлемесең, алған күннің өзінде иесіне жеткізбейді. Ал бұрынғылар бір жапырақ қағаз емес, бір сапарда танысқан бейтаныс адамның ажалы келіп, ақырғы сөзіндегі аманатын орындап, жетім қалған балаларына өскенше қамқор болыпты...

Ауылда сегіз қанат киіз үй бар. Сүйегі ауыр, мықты. Тігуі де қиын, бірнеше адам болмаса, шаңырағын көтерудің өзі үлкен жұмыс. Бау-шуын, басқұрларын әжем мен шешем тоқыған. Содан да ол үй мен үшін ыстық, қымбат.

"Марқұм әжем (енесі) өлерінде маған "мен өлгенде осы үлкен үйді тігіп, осыдан шығарыңдар" деп қайта-қайта тапсырып отыратын. Бір күні қас қылғандай әжем күздің соңында төсек тартып жатып қалды да, дәл қақаған қыста, қаңтар айында қайтыс болды. Қаңтарда киіз үй тікпек түгіл, далада тұрудың өзі мұң. Түкірігің жерге түспейтін үскірік аяз. Мен жиылған үлкен кісілерге әжемнің аманатын айттым. Олар кейістік білдіріп "Ай, айналайын, келін, өлгеннің айтқанын тірі істемейді деген, мына суықта киіз үйді қалай тігеміз" деді. Бірақ мен көнбедім. Егер әжемнің аманатын орындамасам, күнәға бататындай сезініп, үй тігуге өзім шықтым. Амал жоқ, мен шыққан соң ер адамдар, қайныларым келіп, күңкілдеп жүріп көмектесті. Сөйтіп әжелеріңді соңғы сапарға өзінің үйінен шығарып салдық" деп отыратын шешем...

Қай күні бір ауылға бардық. Түскен үйімізде қария кісі бар екен. Жасы тоқсанға таяп қалыпты. Қаршығадай жұқа шал төр алдында қаққан қазықтай тік отырып, бірталай әңгіме айтты. "Құлағының сәл ауырлап, жанарының суланып кете беретіні болмаса, әлі атқа мінеді", – дейді баласы. Қораға бармай-ақ қой десе де, мал шаруашылығына араласа беретін көрінеді. Сол кісінің дастархан басында көзін шарт жұмып алып айтқан әңгімелерін тыңдап отырып, бір рахат күй кештім. Зеріктірмейді, жалықтырмайды. Керісінше ынтығып, құныға түсесің.

"Он-он бес жасар кезім. Әкем екеуміз қалаға қарай шықтық. Астымызда есік пен төрдей жараулы ат. Мен әкеме мінгесіп келемін. Артында жарғанатша жарбиып отырған әкем маған жолай әңгіме айтады. Ес біліп қалған кезім болса да, әкем айтып келе жатқан әңгімелердің бірін ұқсам, бірін ұқпаймын. Күздің қара суығы басталған. Дариядан өттік. Арғы жағы да бірталай жер. Бірақ таң азаннан шыққаннан күн ұясына еңкейгенде жолға екі үш демалып, қаланың да қарасын көрдік. Шаһарға міне, кіреміз деп келе жатқанда жолай алдымыздан қарайған бірдеңе көрінді. Қаладан шығып келе жатқан ерлі-зайыпты екеу екен. Түрлері шаршаңқы, киімдері жұпыны. Әйелі есектің үстінде отыр. Көзі шүңірейіп кеткен, құр сүлдері қалған. Есек те арық. Болдырып қалса керек, жүрмейді. Төрт тағандап тұрып алған. Оны әлгі еркек қолындағы дойыл қамшымен бас-көзге ұрып сабайды кейіп. Әкем жайлап жөн сұрасты. Сөйтсек, әйелі науқас көрінеді, соны бәліністен шығарып, үйіне алып бара жатыр екен. Әкем атынан түсті. Ат үстіндегі қоржынды алды да, ана еркекке әйеліңді атқа отырғыз деді. Шоймандай қара кісі алғашында түк түсінбей аңырап қалды да, сәлден кейін "Сосын мен саған оны қалай апарып беремін?" деді. Сонда әкем "Егер әкеліп беремін десең, ауылым пәлен деген жерде, ал ол жаққа апарып бере алмаймын десең де ренжімеймін. Семіртіп сойып, әйеліңе, бала-шағаңа асқатық қыл" деді де, есекке мені отырғызып, өзі шылбырынан жетектеп жүріп кетті. Кейін сол ат үйге келген жоқ. Әкем де іздеп бармады", – деп әңгімесін аяқтады ақсақал...

Қуат АДИС


09 қыркүйек 2021 ж. 837 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 824

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031