ҚОС ЖІГІТТІҢ МҰНАРАСЫ
Біздің қасиетті Сыр бойы – ежелден-ақ таңғажайып сырға толы, жырға толы киелі өлке. Сырдария өзені ғасырлар бойы осы жерді мекен еткен халыққа тіршілік нәрін сыйлап келеді. Бүгінгідей ғылыми техникалық прогресс күн сайын емес, сағат сайын қарыштап дамып бара жатқан жаһандану дәуірінде өткен тарихымызды ұмытпай, кейінгі ұрпаққа аманаттап табыстамасақ, онда ол бүгінгі буын өкілдері, біздер үшін үлкен айып болар еді.
Енді әңгімеміздің басты тақырыбына қарай ойыссақ… Бұл оқиға сонау XIX-шы ғасырдың орта шенінде қазақтың кең байтақ даласын дүр сілкіндіріп, азаматтарын атқа қондырған Кенесары, Наурызбай бастаған, орыс отаршылдарына қарсы ұлт азаттық көтерілісінің заманында болған оқиға екен. Солардың бірі және бірегейі болып, азаттықтың ақ таңы үшін аттан түспей, талай қанды жорықтарды бірге өткізген Бұқарбай батыр бабамыз жасы ұлғайған шағында өзінің рулас ағайындарымен осы күнгі Жалағаш ауданы, Қаракеткен ауылының солтүстік шығыс жағы, Сырдың арқа бетіндегі Нұралықтан бастау алатын, топырағы құнарлы, ауасы жайлы мекенге қоныстанып отырыпты. Елді отырықшылыққа бейімдеп, бау-бақша салып, егін егу үшін сонау Қараөзек өзенінің бір саласы Түйте өзегінен шамамен ұзындығы он шақырымдай арық қаздырады. Қарулы жігіттерді ұйымдастырып, бірнеше топқа бөліп, өздеріне тиесілі бөлінген межелі жерлерді кетпендеп қаза бастайды. Солардың ішінде бір үйдің ағайынды екі баласы қалың ну қамысты аршып, арыққа із салып қазып келе жатқанда күшіктеп жатқан аналық жолбарыстың ініне тап болады.
Сол сәтте күшіктерін қызғанған ызалы жолбарыс серіппедей атылып келіп, көз ілеспес жылдамдықпен жаңағы жігіттің тамағын өткір тырнағымен орып жібереді. Әп сәтте тасыр-тұсырды естіген бауыры жүгіріп келгенде оған да жолбарыс атылып барып, алқымынан алып, кеңірдегін қиып жібереді. Сол сәтте айнала азан-қазан болып, жақын жердегі адамдар жүгіріп келе бастайды. Бірақ өкінішке орай бұл кезде бәрі тым кеш еді. Қансырап жайрап жатқан қос жігітті көргеннен кейін барып, оқиғаның мән жайын түсінеді.
Ел игілігі үшін еңбек етіп жүріп, қыршын кеткен екі жігіттің қазасы елдің еңсесін езіп жібереді. Ел жұрты қайғыра аза тұтып, ақ жуып арулап, намаздап, сол Бұқарбай батыр арығының маңайына екеуін қатар жерлейді. Кейіннен Бұқарбай батыр бабамыз елдің ақсақалдарымен ойласа келе ұрпақсыз шейіт болып кеткен екі жігіттің басына бір белгі қоюды ұйғарыпты. Содан халық болып жұмыла кірісіп, кесек құйып, биіктігі төрт-бес метрдей болатын алып мұнара құрылысын соғады.
Кейіннен әлгі жігіттердің аты-жөні ұмытылып, халық оны "Қосжігіттің мұнарасы" деп атап кеткен екен. Бұл күндері елде мұның тарихын білетін көнекөз қариялар да азайып кетті. Біздің қолымызға там-тұмдап жеткен мәліметтерге сүйенсек, бұл жігіттердің аты-жөні белгісіз, руы Тоқберлі Табынға жататын Қабан батырдың ағайындары болып келеді екен. Отан үшін жыртқыштың қолынан шейіт болған арыстай қос азаматтың тарихы қысқаша осы.
Иә, одан бері қаншама жылдар жылжып, ғасырдан астам уақыт өтсе де табиғат өз дегенін жасайды. Бұл күндері мұнаралар жауынға мүжіліп, күтім жоқтығынан құлау алдында тұр. Тіпті ауданымыздағы тарихи ескерткіштердің тізіміне де алынбаған екен. Бұл да осы саланың тізгінін ұстаған азаматтардың немқұрайлылығы ма, әлде өз жұмысына жауапсыздығы ма, ол жағын өздерінің ар-ұятына қалдырайық.
Бұл ескерткіштердің тағы бір ерекшелігі біздің Сыр бойында көптеген мұнаралар цилиндр пішіндес, конус тәрізді домалақ болып келсе, бұл мұнаралар төрт бұрышты етіп тік болып өрілген. Мәңгілік тыныс тапқан Бұқарбай батыр қорымына барар жолда, Қаракеткен ауылынан 20 шақырымдай жерде жатыр.
Сөз соңында айтарымыз, өзімізге жарық дүние сыйлап, алақанына салып аялаған туған жеріміздің тарихын ұмытпайық. Ұрпақтар сабақтастығы үзілмесін десек, қолдың кірі дүние қуып кетпей, тым болмаса білгенімізді немесе осындай оқыған дүниелерімізді көңілге тоқып, көкірек сарайымызға сақтап, кейінгі жастарға айта жүрейік дегім келеді.
Арыстанбек БАЙҚАБЫЛОВ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі