«Тұлпар мініп, ту алған!»
«Әдебиет пен өнер – егіз ұғым» десек, кез келген кемелденген өркениетті мемлекет өз әдебиетін, мәдениетін, тарихын қастерлеп, оны ұрпақ тәрбиесіндегі басты құралына айналдырады.
Өткен ғасырлардағы қазақ ақындарының оралымды тілімен айтылған көркем кестелі сөз мәйегіне қарап, бүгінгі ұрпағымыз ұлтымыздың қадір-қасиетін, әдет-ғұрпын, дәстүр-болмысын тани түсетіні белгілі.
Қазақ халқы қай кезде де өнерді бағалаған халық. Сөз құдіретіне табынған халықты ойлы сөзге бағындыра білген ақындарын халық қашан да құрмет тұтқан. Сөзді кие санаған.
Ата-бабаларымыз қадым заманнан бері қызыл тілдің қасиетін біліп, естігенін көкірегіне түйген, қазыналы сөзді көмейінде балқытып, кейінгіге өнеге етіп қалдырған.
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай «Nur Otan» партиясы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі және «Qazaq Epos» қоғамдық қорымен бірлесе отырып «Тұлпар мініп, ту алған!» байқауының жариялануы өскелең ұрпақтың «Ер Едіге» жырындағы айтылатын қазақи дүниетанымды бойына сіңіріп, оқушының білім көкжиегінің кеңеюіне, есте сақтау қабілетінің жақсаруына септігін тигізері хақ.
Сондай-ақ аталмыш байқау балалар арасында кітап оқуды, қазақ халқының батырлық эпостарын насихаттауды, балаларды халық поэзиясына, қазақ халқының асыл мұрасына деген сүйіспеншілікке және патриотизмге тәрбиелеуді, елдік пен ерлік рухын, намысқой, қайсарлық қасиеттерге баулуға тәрбиелейді. Бұл байқаудың да мақсаты осы.
Сондықтан, болашақ ұрпаққа рухани азық болатын осындай тағылымы мол танымдық шараларды өткізудің маңызы зор деп білемін.
#NurOtanQazaqEpos
Ақнұр Бектай,
Жалағаш аудандық ішкі саясат бөлімінің әдіскері