» » » ЖАМБЫЛ ЖӘНЕ 1916 ЖЫЛҒЫ КӨТЕРІЛІС

ЖАМБЫЛ ЖӘНЕ 1916 ЖЫЛҒЫ КӨТЕРІЛІС

Қазақстанның түкпір-түкпірін қамтыған Ұлт-азаттық көтерілістің басталуына патша өкіметінің 1916 жылғы маусым жарлығы түрткі болып қана қойған жоқ. Елдің әбден титығына жеткен патша үкіметінің қорлауы, кемсітуі, отарлық саясаты, шұрайлы жерлерді тартып алып, жергілікті халықты қайыршылыққа ұшыратуы да көтеріліс отын үрлейді. Бұл – қазақ халқы үшін өте ауыр кезең еді. Торғайдан Амангелді Имановтың, Жетісудан Бекболат Әшекеевтің ел бастап шыққан ерліктері сол күннің өзінде халық арасында жыр болып, аңызға айналды. 1916 жылғы көтерілістің ішкі-сыртқы сипатын, қазақ ауылында болған тартыстардың көріністерін, күрестердің шиеленіскен кезеңдерін Жамбыл жырларынан айқын көруге болады. Ақын өз шығармаларында 1916 жыл қарсаңындағы қазақ халқының ауыр жағдайын, сол кездегі тарихи шындықты шынайы көрсете білген. 1916 жылғы Ұлт-азаттық қозғалысына Жамбыл ақын белсене қатынасты, патша жарлығына қарсы көтерілген халық бұқарасының қалың ортасында жүрді, өзінің жалынды үндеу жырларын сол қозғалысқа арнап шығарды.

Қазақ жастарын окоп жұмысына алады деген хабарды естігенде ел басына төнген қатерді Жамбыл былай жырлайды:

Верныйдан жандаралдар бұйрық қылды,
Құйрығы бұйрығының тіпті зілді.
«Отыз бір – он тоғызды алад» деген,
Суық хабар халықты бұлқындырды.

Жамбыл бұрыннан екі жақты қанауда бол­ған еңбекшілерге бұл жарлық халықтың басына түскен жасындай, жығылғанға жұдырық деген пікірді айтады, ел халін одан әрі нашар­латып, олардың азаматтық құқықтарын, ар-намысын табанға таптап жанышқан патша үкіметінің зұлымдығын, жексұрын кескінін өткір өлең­мен әшкерелейді. Ол бұқара халықтың осын­дай ауыр жағдайға ұшырау себептерінің түп та­мырын ашып, елді патшаға бас имеуге, бағын­бау­ға, оның озбырлығына қарсы күресуге шақырады.

Жамбыл 1916 жылғы ұлт-азаттық көтері­ліс­тің туу себептерін, халықтың билеуші топ­тарға деген қарсылығын жырларында айқын сипат­тайды. Мәселен, «Зілді бұйрық» деген өлеңінде:

Пристав келіп қалды бала сұрап,
Ел жатыр бермейміз деп қойдай шулап.
…«Қырсаң да баламызды бермейміз» деп,
Тайсалмай әке-шеше жатыр сұлап, – деп халық наразылығын көрсетеді.

Ол осы көтеріліске қатынасқан, тарихи оқи­ға­ның куәсі болған. Сондықтан халық ба­сын­дағы ауыр халге күйініп, қолына дом­бы­расын қару етіп, елді рухтандырып, патша үкіметінің қанауына қарсы көтеріліске шақырған. Жам­был­дың шығармалары – біз үшін қымбат қазына. Өйткені ол 1916 жыл оқиғасына арналған жыр­ларында тарихи шындықты нақты түрде баяндап бере алған.

Жетісудың губернаторы кейбір жергілікті би, төрелердің дем беруімен Верныйға ақындарды жинап алып, ел ортасында үгіт жүргіз, ақ патшаны мақта деген сыңайда бұйрық береді. Сол күннің өзінде патшаны, соғысты ма-дақтамадың деп қарт Жамбылды абақтыға да жабады. Жамбыл мұны өзінің «Менің өмірім» деген жырында төмендегідей етіп еске алады:

Ақыны, әнші, күйші қыруар жан,
Аймағын Жетісудың жинап алған.
Сабаннан төсек, ерден жастық істеп,
Жатарға жай салғызды ат қорадан.
Сорпасы капустаның «ыстығына»,
Сөткесіне кісіге бір қара нан!..
«Үгіт айт, патшаны мақта!» дейді,
«Болып жатқан соғысты жақта» дейді.
«Жыр айтсаң, құдай мен пайғамбарды айт,
Онан басқа жырыңды айтпа!» дейді.
Ұстаған қанды тырнақ елді қысты,
Кім болмақ ызаланса елден күшті?
Жамбыл қарт жетпіс екі жасағанда,
Николай ұрған доптай тақтан түсті.
Бұл жырын Жәкең былай аяқтайды.
…Жабырқаған халықтың көңілі өсті.

Сөйтіп, Жәкең 1916 жылғы ұлт-азаттық көтерілістің созыла түсіп, 1917 жылғы ақ пат­шаны тақтан құлатқан ақпан төңкерісіне ұлас­қа­нын айқын көрсетеді. Бұдан отаршылдық пен қанауға ұшыраған халықтың ашу-ызаға бу­лыққан шақта қандай күшке ие болатынын байқаймыз. Ондаған жылдар бойы ұйқыда жат­қан қазақ халқы ел басына күн туып, жау алқымнан алып, жан қысылған кезде өз күш-құдіретін көрсете білді.

Жамбыл Жетісуда болған көтеріліс кезінде жай бақылаушы ғана емес, дүрліккен елмен бірге болып, оның жаршысы, жыршысына айналады. Ақын «Зілді бұйрық» жырында ел көтерілісін болған оқиғалар негізінде көрсетеді. 1916 жыл жөнінде жазылған бай фольклор материалының арасынан бұл жырды тапқан профессор Есмағамбет Ысмайылов екен. Өлеңді 1939 жылы Жамбылдың өзіне оқып көрсеткенде “менің жырым мұнан мол еді, бұл оннан бір бөлігі ғана” депті. Өлеңнің бірде-бір сөзі өзгерместен 1940 жылы басылған Жамбыл шығармаларының бір томдығына енгізілген. Кейінгі 1946 жылы шыққан толық шығармалар жинағына содан алынады.

Верныйдан 19 бен 31-ді аламыз деп кел­ген пристав отрядына жастар топталып, Қар­ғалы өзенінің бойында қарсылық көрсетеді. Ұс­тал­ған жастарды түрмеден босатып, бай, болыстарды өлтіреді. Ақын өз жырында жер, кісі аттарына дейін дәл етіп атауға, болған оқи­ғаны болған күйінде айтуға тырысады. Онда аталған Бекболат, Саттар, Қалиғұл, Байбосын – Жетісуда көтерілісті бастаған, ақын өз көзімен көрген белгілі батырлар. Ақын бұл жырында тек батырлық дәстүр ғана емес, жалпы халықтық қозғалысты суреттейді.

Верный уезіндегі Қарғалы шұға фабрикасы жұмысшыларымен Үшқоңыр жайлауындағы Қара­молда деген елдің біріккен ереуілі болады. Ереуілді Бекболат Әшекеев және сарбаздары Байбосын Тамабаев, Қалығұл Сапабаев басқа­рады. Ереуілді Верныйдан шыққан жазалаушы отряд қанға бояп басады. Бекболат пен Бай­босынды патша жендеттері ұстап алып халықты қорқыту үшін Алматының солтүстік іргесіндегі Боралдай деген жерде 1916 жылы 9 қыркүйекте дарға асып өлтіреді. Азаттық аңсаған ерін дарға асу арқылы патша әкімдері қазақтың сағын сындырдық деп ойлайды. Міне, Жәкең осы оқиғаның ақиқатын ашып отыр.

Жамбыл «Зілді бұйрық» жырында Жетісуда, соның ішінде сол кездегі Верный уезінде болған Қарғалы, Самсы, Қастек көтерілістеріне кеңінен тоқталады. Мысалы, жырда Қарғалы көтерілісі туралы былай делінеді:
Жиылды бозбалалар бір кезеңге,
«Қарғалы» деген тасқын бір өзенге.
Пристав кетті «еріксіз аламын» деп,
Көресің бұл істі деп, кезегінде.
Бәрін де ол пристав жаттап алды,
Басшыларын қағазға қаттап алды.
Аттандырып бұл елге солдаттарын,
Басты-басты кісіні саптап алды.
Күн ыстық, қайнап тұрған сарша тамыз,
Жаныңда қан, малыңда қалмай маңыз.
Оразаның күні еді сол уақытта,
Бұл күнде оразаны не қыламыз!
Суында Қарғалының ауыз ашты,
Бір бәлекет халыққа душарласты.
Басшылары кеткен соң тағат алмай,
Жиылған жұрт дағдарып жанталасты.
Келді де, алып кетті жақсыны айдап,
Барады боздақтардың көзі жайнап.
Күн ыстық, қайнап тұрған сарша тамыз,
Жөнелді абақтыға соры қайнап.
Жақсыдан жақсы қоймай алды сайлап,
Қамалды абақтыға қырғыз-қазақ.
Білмеді не болғанын сырттағы жұрт,
Қамалғандар тірідей тартып азап.
Шулайды абақтыға қамалған көп,
Сырттағы жүр: «Біз енді қайтеміз?» деп.
Губернатор, жандарал жауапқа алды:
«Жайлауда ту көтеріп, шапқан кім?» деп.
Ешқайсы айтпаған соң айғай сап кеп,
Өзі айтқан жандаралдың «Бекболат» деп.
Бекболат бола қалса ту көтерген,
Бұйрық қылды: «Дарға асып, тарт!» деп.
Қалиғұлды бірге жазды дарасына,
Байбосын қоса кетті арасында.
Абақтыда қалғандар естен танды,
Көзінің қамшы тиіп қарасына.
Әкетті байғұстарды арбаға сап:
«Иманыңды айтатын молдаңды тап.
Үндеріңді шығарма, өңкей надан,
Мұнан былай сөйлеме, аузыңды жап!».
Бұл оқиғаның Жамбыл тарапынан нақты, шынайы тұрғыдан сипатталғанын тарихи құжат­тар дәлме-дәл дәлелдейді. Мысалы, Отар учаскесінің приставы 1916 жылы 9 шілдеде Верный уезінің начальнигі атына арнайы хат­тама түсірген. Онда 8 шілде күні бір мың адам жиналған «Үлкенсаз» жайлауында прис­­тав қазақтарды патша жарлығымен та­ныс­тыр­ған кезде Қарғалы, Бидалы, Күрті, Ұзын­ағаш бо­лыстарының бір топ жақсылары мен ақса­қал­дары жарлыққа қарсы шыққаны айтылады. Олар: «Әскерге адам бермейміз! Атқа қонамыз! Со­ғысқа барып өлгенше, осында өлгеніміз артық!» деседі. Отар приставы түсіндіріп те, қор­қытып та байқайды, бірақ одан еш нәтиже шықпайды.

Приставтың жанында осы жиылыста Қарға­лы болысы Сандыбай Шаңбаев, Бидалы болы­сы Қырбас Ботабаев, Күрті болысы Қасембай Айғожин, Ұзынағаш болысы Есдәулет Асылбеков, полиция бастығы Федор Брянцев, Ботпай болысының писарі А.Бронников және шабарман Қисым Ақмұрзин болған екен. Пристав осыларды болған оқиғаның куәгері ретінде алға тартады. Сөйтіп пристав патша жарлығына қарсы шыққан ел жақсылары мен ақсақалдардың тізімін жасап, оны уезд бастығына жеткізеді. Кейіннен 16 шілде күні сол тізім бойынша Верный түрмесіне жаңағы аталған 4 болыстың 34 адамын әскер жіберіп, айдап әкеліп қамайды. Архив құжаттарына қарағанда, олар: Қарғалы болысынан Әмір Төлеубаев, Садық Рысбеков, Тайсабай Дайырбеков, Есбай Медеуов, Әбиір Жәнібеков, Игібай Балғабаев, Жәншік Әлденов, Үмбетбай Әбілов; Бидалы болысынан Қасымбек Бақтияров, Есенқұл Күртібаев, Әбдіраим Бөлшекбаев, Туматай Жанқұлы, Байбосын Шалтанбаев, Жексембі Найманбаев, Байғабат Байшүгіров; Күрті бо­лы­сынан Түгелбай Танқышов, Бөлекбай Тас­танбеков, Әбділда Кенсатов, Жарқымбай Ма­де­нев; Ұзынағаш болысынан Әлімбай Ос­па­нов, Бөлшекбай Байбақов, Кенебай Қо­зыев, Тай­масын Меңлібаев, Тепселбай Құт­тын­бе­ков, Ахмет Құлжабаев, Шортанбай Жынын­чанов, Ақберген Оспанов, Қондықбай Бекбаев, Аби­жан Тоқбергенов, Тайтелі Мұрза­лин, Шағай Ыс­май­лов, Кенебай Баетев, Изембай Сарыбаев, Рахым Отарбаев.

1916 жылы 17 шілдеде аталған адамдарды 3 айға Верный түрмесіне қамау туралы Жетісу облысы әскери губернаторының арнайы қау­лысы шығарылады. Артынан олардың үстіне 6 адам әкеліп тағы қамайды. Олар: Күрті болысынан – Қожмамбет Қилыбаев, Асқар Ибрагимов, Изембай Нұрабаев, Иманәлі Байхожин; Ұзынағаш болысынан – Қоқым Майкин және Омар Саркөбенов .

Міне, сөйтіп патша жарлығына наразылық білдіргені үшін ғана аймаққа беделі мен атағы күшті 40 адамды қамауға алып, олардың ха­лық­пен байланысын үзеді. Жергілікті патша чи­нов­никтері олардың халық арасындағы ықпа­лынан және наразылықтың басқа аймақ­тарға таралуынан қаймығады. Бірақ соған қарамастан патшаның әміріне қарсылық үлкен ереуілдерге ұласады.

Кейінірек қамалғандар сұраққа алынып, тер­геліп, патша үкіметі 26 адамды 23 шіл­деде тұтқыннан босатады. Оған халықтың та­лап-тілегі, наразылығы себеп болады. Ал қал­ғандары 3 ай бойы түрмеде ұсталады. Ақын аталған жырда Самсыдағы Ботбай көтерілісі жөнінде былай дейді:

Самсыны алған екен Ботбай қамап,
Оларды жігітімен кетті сабап.
Тұтқындарды босатып ала алмады,
Бір пәлеге екінші пәле жамап.
Пристав та Самсыға барған екен,
Жәнібектің мешітін қамап алған екен.
Жәнібек қажы жанына ара тұрды,
Бір болыс ел жиналып барған екен.
Ала алмай күні бойы әлек болды,
Жәнібек приставқа себеп болды.
Ертеңіне құтылып Ұзынағашқа –
Шаңдатып келе жатты қара жолды.
Бөлек-бөлек топтанып шоқтай болып,
Бай көпесті өлтірді Ботбай болып.
Қолына онан басқа түк түспеді,
Кезсе де бұл маңайды әбден шолып.

Бұл көтерілістің қысқаша барысы мен мазмұны былай еді. Майдандағы қара жұмысқа адам алу жөніндегі патша жарлығы Верный-Пішпек жолында орналасқан Самсы бекетінің айналасындағы Ботбай болысы халқын да дүрліктіреді. Жер-жерде жиындар, басқосулар өтеді. Көрші болыстарға хабаршылар жіберіледі. Бас біріктіріп, өзара көмек көрсетудің шаралары жасалады.

Осы кездегі Ботбай болысының бас­шысы Қалдыбек Алғадаев тыл жұмысына жі­бе­рілетін адамдардың тізімін жасауда бел­сенділік танытпаған екен. Тіпті, ешқандай іс-­әре­кет жасамаған. Сондықтан Пішпек уезі начальнигінің 1916 жылы 26 шілдедегі Жетісу облысы әскери губернаторының атына жазған рапорты бойынша 1916 жылы 3 тамызда тура көтеріліс қарсаңында Жетісу облысы әскери губернаторы Фольбаумның бұйрығымен Қ.Ал­ға­даев болыстық қызметінен алынып, оның орнына бұрынғы болыстыққа кандидат болып жүрген Қасен Әжібаев тағайындалады. Бірақ бұдан іс ілгері баспайды. Қайта халықтың ыза­сы мен кегі шегіне жетіп, дауылды шақ жақын­дай түседі.

Жаңа болыстың 5 тамыз күні тыл жұмыс­тарына адам жинау жөніндегі жиналысы өт­пей қалды. Себебі дәл сол күні Самсының төменгі жағында жарлыққа қарсы 500 адамнан тұратын топтың жиылысы болып, онда олар бірауыздан әскерге бала бермеу жөнінде шешім қабылдады. Жұрттың көпшілігі осында бас қосып, ал қалғандары осы жиынның хабарын тағатсыздана күтті. Осы жиынның, ал кейіннен көтерілістің басшысы болған адамдар мыналар еді: болыстыққа кандидат Бейсебай Қанапия, бұрынғы болыс болған Ақкүшік Жолдыбаев, би Досым Боқбасаров; ақсақалдар мен байлар: Қасеней Ай¬дарбеков, Қалдыбай Тайторов, Әбдіжаппар Самалтыров, Жақыбай Бекбердин, Кетембай Рысқұлбеков, Әлдеке Бейсембінов, Байтөбей Өтелінов, Үшкемпір Саурықов, Қасым Қаражанов және т.б. Әбдіжаппар Самалтыров пен Естай Арықбаев Ырғайты болысына барып, бірлесіп көтерілу жөнінде келсіссөздер жүргізді.

Көтерілісшілер №4 ауылдың биі Қарымсақ Дайдейден қызметтік мөрін тартып алды. Көте­ріліс басшылары қатарында сонымен қатар Қалдыбай Байғазы, Құтпанқұл Сәтбаев, Әбдіхалық Абаданов, Байғұл Шыңғысов, Бер­ді­бай Майемгенов, Омар Қалқаманов, Битен Жақыпов, Қарынбай Қашқымбаев, Жасы­бай Ахменбетов, Сүлеймен Баятов, Тол­қым­бай Рыспаев, Қалығұл Жолдыбаев болған. Бұлардың барлығы Ботбай болысының өзінен еді. Олармен бірге көрші болыстардан қатысып, басшылықта болғандар қатарында Батыс Қастектен Шерікбай, бұрынғы халық соты Шалғымбай, бұрынғы билер Қашаған, Аршабек, Тайторы болысынан бұрынғы халық соты Темірбек аталады.

1916 жылы 6 тамыз күні кешке қарай әскерге жігіт жинауға келген Отар учаскесінің приставы мен оның жендеттеріне қарсы ха­лық наразылығы басталады. Самсыны Бот­бай болысының және көрші болыстардан кө­мек­ке келген 5 мың адам қоршап алады. 1916 жылы 7 тамызда Түркістан өлкесінің генерал-губернаторы А.Н.Куропаткиннің атына жіберілген жедел телеграммада Жетісу облысы әскери губернаторы М.А.Фольбаум Самсыдағы қазақтардың көтерілісі туралы хабарлайды.

Міне, сол шақта атағы осы аймаққа бел­гілі, елге беделді Майлыбайұлы Жәнібек қажы көтерілген қарусыз халықтың келешегін ойлап, олардың өмірін сақтап қалу, патша жандаралдары сөзсіз қаулатып жіберетін әс­ке­рінің қатал жазалау шараларын жұмсар­тып, мүмкін болса, бетін қайтару үшін пристав пен жиналған елдің арасына жан дәрмендеп арашаға түседі.

7 тамыз күні таңертең приставы бар, пошта ұстаушысы бар топ шағын әскери отрядпен Ұзынағаш, Верныйға қарай қашып шығады. Кейіннен, қыркүйек айында Отар учаскесінің приставы мен Самсы пошта станциясының пошта ұстаушысы Никитин біраз жасағымен бірге 7 тамызда таңертеңгі сағат 6-да 3-4 пәуес­кемен Казано-Богородское селосына (қа­зіргі Ұзынағашқа) қашып шыққандығын мойын­дауға мәжбүр болады.

Көтерілісшілер пошта бекетін, телеграф ба­ға­наларын талқандаған. Бірнеше орыс мұжық­тарын, көпестерді қолға түсіріп, тұтқындайды.
Самсы көтерілісінің дабыры патша жан­даралдарының бір-біріне жіберген жедел те­ле­­граммалары мен хаттары арқылы Вер­ный, Ташкент, Петроградқа дейін жетеді. Же­дел түрде әскери отрядтар жасақталып, көте­рі­лісті басып-жаншуға жөнелтіледі. Ал­ға­шында Самсыға есауыл Бакуревичтің жаза­лаушы от­ря­ды жіберілген екен. Тең емес шай­қас­тарда екі жақтан да шығын болып, біраз қа­зақтар қолға түседі. Жендеттер бейбіт ха­лық­ты талайды. Пошта жолын қалпына келтіру үшін Хорунжий Александров басқарған тағы бір жүздік әскер жіберіледі. Есауыл Ба­ку­ре­вичтің отряды Тоқмақтағы көтерілісті ба­суға жіберілгендіктен Самсыға енді Верный дру­жи­насынан прапорщик Махонин бастаған ро­та әкелінеді. Сөйтіп, Қастек, Тарғап, Отар, Сам­сы көтерілістері тамыздың ортасына қарай көр­ші Пішпек уезінің жеріне, Тоқмақ аймағына ауысады.

Патшаның зілді бұйрығы шілде айының басында Верный уезі Батыс Қастек болысы жұртына да келіп жетеді. Жарлықпен таныс­тыру үшін болыс басшылары Шығыс Қас­тек, Батыс Қастек, Шиен болыстарының адам­дарын жинап, жалпы жиналыс өткізеді. Онда осы аймаққа беделі мен ықпалы бар Сарымсақ Шынтеміров, Ахмет Қожамқұлов, Сейдалы Садыбеков, Нақысбек Қанаев, Дос­қожа Қашағанов, Нүке Сатыбеков, Қаша­ған Рысқұлбеков, Тайжан Шынтеміров, Бей­се­бай Қасқарауов, Әбдікерім Сәмбетов, Рах­мат Андосов, Керімбай Қожамбердиев, Ала­күшік Ұлтанов, Сандыбай Жаманқұлов сияқты аза­маттар сөз сөйлеп, әскерге адам бер­мей­тін­дерін, патша жендеттеріне қарсы шығу керек­тігін ашық айтады.

Бұл кезде болыстар әскерге алынатын­дар­дың тізімін жасап та қойған еді. 200-ден астам тізімге іліккен адамның аты-жөні осы жиналыста оқылады. Олардың көпшілігі кедей, жарлы-жақыбайлардың балалары еді. Жалпы жиналыс таяу арада көтеріліс жасау керек деп шешеді. Көршілес жатқан болыстарға адамдар жіберіледі. Нұрғожа Түргенбаев, Көкбай Қас­қоров, Рысжан Елекенов сияқты ұсталар найза, қылыш, айбалта, шоқпар жасауға кіріседі. Ұрыс жоспары жасалып, патша солдаттары бекінген Шиен, Бұрған бекеттеріне шабуыл жасап, ба­сып алу белгіленеді. Жұрт осы көтерілістің басшылары, қолбасшылары етіп Сатай Көбе­ген­ұлы Қарашевті және осы өңірге белгілі аң­шы-мерген Нүке Сатыбековті сайлайды. Көте­рілісшілерде отты қару жоқтың қасы еді. Тек Нүке Сатыбеков бастаған бірнеше адамда ғана мылтық болған.

Үкімет жансыздары арқылы дайындалып жатқан көтеріліс туралы біліп алып, оның алдын алу шараларын ұйымдастырады. 1916 жылы 6 тамызда Қастекке Верныйдан қару­ланған 250 адамдық жазалаушы отряд шығарылады. 7 тамыз күні ұзынқұлақтан хабар алған жергілікті ел-жұрттың қару ұстауға жарарлық азаматтары Шиен маңындағы Қара­төбеге жиналады. Жиналған мыңнан аса сарбаз үш топқа бөлініп, патша отрядына жан-жақтан шабуылға шығады. Сатай Көбегенұлы 200 жігітпен сақадай-сай қаруланған жауға қарсы шабады. Ер Сатайға оқ тиіп, ат үстінен аударылып түседі. Көтерілісшілер қаптал тұс­тан да лап береді. Бірақ жазалаушы топ көте­рілісшілерді жаңбырдай жауған оқпен қар­сы алады. Осы ұрыста ер Сатай бастаған он­нан астам азамат ерлікпен қаза табады. Сол­даттар да шығынға ұшырайды. Ұрыс ба­ры­сында Нүке Сатыбеков бастаған мерген аңшы жігіттер Шиен мұжығы Москаленконы, жазалаушы отряд басшысы Пешковты атып өлтіреді. Батыс Қастек, Шиен болыстарындағы көтерілістер осылайша аяқталады. Қарусыз халық амалсыздан тау-тасқа шегінуге мәжбүр болады.

Патша әскерлері кейін Суықтөбеге қарай шегініп, қырғыз аспақ болған топты қуып жетіп, атқылап, қанды қырғын салады. Көтеріліс басылған соң оның ұйымдастырушылары болған бір топ азаматты патша әскерлері тұтқынға алып, тергеп, сотқа тартады. Көпшілігін дарға асу арқылы өлім жазасына кеседі. Тек 1917 жылғы патша өкіметін құлатқан Ақпан революциясынан кейін Уақытша үкімет бұл шешімді өзгертеді. Түрмедегі Қастек көтерілісінің жетекшілері босатылады. Міне, осы Батыс Қастек, Шиен болысындағы 1916 жылдың тамыз айында болған ұлт-азаттық көтерілістің жайын ұлы ақын Жамбыл Жабаев өзінің «Зілді бұйрық» деген өлеңінде былай баяндайды:

Шиенде де әскерлермен ұрыс болды,
Сол ұрыста топ басы Саттар өлді.
«Саттар өлді, ел қашты» деген хабар,
Ел елдерге жайылды оң мен солды.
Шұбырып тауға қарап ел жөнелді,
Не боларын соңынан кім біледі?
Тауға қашып өрмелеп тасқа бұғып,
Елдің бәрі жанынан түңілді енді.
Ертеңінде ел-елге әскер барды,
Шапшаң түсіп, келсін деп хабар салды.
«Қашқындарды атады» дегеннен соң,
Таудағылар кірер жер таба алмады.
…Аттандық ұлығының қонысына,
Елді сорған борсықтай болысына.
Көп ерлер қаза тапты жауға аттанып,
Көксеген азаттықтың соғысында.

Жамбылдың «Патша әмірі тарылды» де­ген жырында да маусым жарлығының шы­ғуы, еңбекші халықты екі жақты қанаудың бұ­рын­ғыдан да күшейгені айтылады. Езілген елдің ұлдарын қара жұмысқа алумен қоймай, халықты ата қонысынан, жер-судан айырды, өрісін тарылтты дейді. Жергілікті ұлықтардың патша жарлығын орындау үшін елдің дүниесін, үйлерін тінтіп, елді тонауға кіріскені көрсетіледі. Ақын көтеріліс алдындағы осындай ауыр, аласапыран жағдайдағы бұқара халықтың ыза-кек намысын, ой-пікірін:

Бүйтіп көрген күн құрсын,
Жапырақтай қалтырап.
Таусылғандай тынысың,
Күнде жүрек қансырап, – деп білдіреді.

Жалпы, Жамбыл жырларында көтерілістің тууы, өрбуі, халықтың сана-сезімі оянуы жан-жақты жырланады. Жарлық жарияланған соң оған қарсы күрес жасауға бел байлаған қарулы көтеріліс Жетісу өлкесінде кең өріс алады. Жая, Қасқасу, Үшқоңыр, Құмбел, Үлкенсаз, Қарақия, Майтөбе, Қарабастау, Құлансаз жайлауларында жалғас отырған елдер хабарласып, патша үкіметіне қарсы соғысуға бәтуа жасаған. «Патша әмірі тарылды» өлеңі сол оқиға ізімен шыққан. Ел Жәкеңнің өлеңдерін жаттап әкеткен. Кейін көтеріліс саябырласа да Жамбылдың өлеңдері ел аузында сақталып қала берген. Ғали Орманов жазып алған «Патша әмірі тарылды» өлеңі 1946 жылы ұлы ақынның туғанына 100 жыл толу мерекесіне арналып шығарылған толық шығармалар жинағында алғаш рет жарияланды.

Жамбыл жырларының ерекшелігі – тарихи оқиғаның айқындығында, мазмұн жағынан салмақтылығында, терең мағыналығында. Ең бастысы, ақын жеке ерлікті ғана дәріптемей, батырлардың іс-әрекетін жалпы халықтық күрес ретінде көрсетіп, олардың рухын жаңа бір сатыға көтереді.

Жамбыл ақын 1916 жылдың батырлары туралы толғанғанда сөз нөсерін төгілте, түй­дектете, әсерлі етіп айтады. Қарт ақын бүгінгі ұрпаққа Амангелдінің патриоттық, батыр­лық істерін өнеге етіп ұсынады. Жамбыл өлеңдерінде тек қайғы, ауыр жағдай ғана емес, сонымен бірге, үміт сәулесі бар. Оны 1940 жылы Жамбылдың бірінші томында жарияланған «Халық кегі» деген өлеңінен байқаймыз.

Жамбылдың 1916 жылғы Қарқара көтерілісі басшыларының бірі Жаңабай Құдайбергеновке қатысы да бір қызық оқиға. Бұл мәселе жөнінде кезінде «Жетісу» газетінде айтылған еді. Жам­был 1881 және 1890 жылдары Жетісудағы Албан еліне барғанда ел-жұрт құрметпен қарсы алады. Осы сапарында Қарқара жайлауында өткен бір тойда Албанның алты арысының бірі Құдайбергенмен танысады. Қоңырдан шық­қан Құдайберген бала жастан әнші, күйші, елге сыйлы еді. Оның арғы атасы атақты Хан­келді (Райымбек атасынан басқа) батыр, одан Балапан би, одан Құлжа, Құлжадан осы Құдайберген. Құдайбергенге дәулет бітіп, сәулет қонған. Ол Суан еліндегі атақты Әжібек қажының қызы Балдайға үйленген. Жамбылға Қарқара жерінде осы Құдайберген серік бола­ды. Ол ақынды қонақ қылып ел-елге ертіп жүреді.

Осы кезде Стамбул сапарынан елге Құдайберген мен Балдайдың тұңғыш ұлы Жаңабай келеді. Ол 1865 жылы Алматы облысы қазіргі Ұйғыр ауданы Қырғызсай деген жерде туған. 1890 жылы Жамбылмен кездескен шақта жиырма бестегі қылшылдаған жас, білім алған, көптеген ел-жер көрген жігіт. 1871-1877 жылдары Әжібек нағашы атасының қолында болып тәрбие алған, медресе бітірген, Әжібек қажы мен ұйғыр саудагері Уәлибайдың қызметінде болып, Қашқар, Моңғол, Қытай, Сібір, Ресей, Орта Азия, Қырым, Кавказ, Ауған, Иран, Ирак, Түрік жерлерін аралаған. Орыс, қытай, араб, ұйғыр тілдерін білген. Көргені де, білгені де көп, өзі шешен, өзі зерек, ақыл-ойдың иесі жас жігіт екен. Жамбыл мен Жаңабай бір көргеннен тіл табысады. Оған Жамбыл жоғары баға береді. Жамбыл Құдайберген ауылының сыйлы қонағы болып он күн жатады. Жамбылдың құрметіне Жаңабай аламан бәйге, жорға бәйге, қыз қуу, жамбы атқызу, күрес, айтыс, көкпар ұйымдастырады. Қарқара, Шалкөде, Көлсай, Айғайтас, Көкарша, Қарарша, Алтынкен, Аспан, Хасан тауларының көрікті жерлерін аралатады. Жамбыл осы күндері Жаңабайдың ақбақай торы атын мініп жүреді. Жаңабайдың жүріс-тұрысы, ақылы Жамбылға ұнағаны сонша, Жаңабайға арнап көлемді жыр шығарады. Өлең жолдарын тарихшы, журналист Құрман Қожа-Ахмет Алғазыұлы Шарғын ақыннан жазып алған екен.

Кейін Жаңабай Құдайбергенов 1916 жыл­ғы Жетісудағы Қарқара Ұлт-азаттық көте­рілісі басшыларының бірі болады. Патша үкіметінің жендеттері оны ұстап, аяқ-қолына кісен салып, Қарақол түрмесіне қамайды. 12 тамызда оның серіктері – Қарқара көтерілісінің көрнекті басшылары Ұзақ Саурықов, Жәмеңке Мәмбетов, тағы басқалармен бірге «түрмеден қашуға әрекет жасады» деген жалған сылтаумен атқызып тастайды. Ол батыр, қолбасшы болған. Ұйғыр ауданының орталығы Шонжы селосының орталық алаңында оның және көтерілістің бір топ құрбандарының аты жазылған қызыл мәрмәр ескерткіш тұр. Шонжының бір көшесі Жаңабай Құдайбергенов көшесі деп аталады. Қарқарада «Ереуіл төбе» деген қасиетті төбеде Қарқара Ұлт-азаттық көтерілісінің бір топ басшысын мәңгі еске қалдыру үшін зәулім ескерткіш орнатылған. Сол ескерткішке Жаңабай Құдайбергенов есімі алтын әріппен ойылған. Сонымен Жамбыл ақынның айтқаны келіп, Жаңабай өзінің ерлік ісімен ел есінде қалды.

1916 жылғы көтеріліс және оны ұйым­дастырушылар мен оған қатысушылар туралы халық ақынының бірнеше жыры бар. Ақынның өмірбаяндық хикаятын жазушы Сапарғали Бегалиннің айтуынша, Жамбыл сол 1916 жылғы оқиға жөнінде бірсыпыра жыр айтыпты. Бірақ ол жиналып жазылмаған. Өйткені шын ақын өз айналасында болып жатқан оқиғалар мен құбылыстардан тыс қала алмайды. Әсіресе, өз халқының тағдыры шешіліп жатқанда ақын шамасы келгенше тарихи шындықты дәл беруге тырысқан. Жамбыл ел қамы үшін, халықтың басына келген ауыртпалыққа қатты күйзелген, әсіресе ер азаматтар Бекболаттың, Сатайдың көтерілуі, олардың оққа ұшып, дар­ға тартылуы аса күңіренткен. Жамбылдың жай-күйін онан сайын ауырлатқан жағдай – ха­лықтың босып Қытайға қарай ауғаны, қал­ған елге солдат шығып, ойына келген зорлық-зомбылықтың жасалуы. Сондықтан 1916 жылғы ұлт-азаттық көтеріліс – Жамбыл ақын шығармашылығындағы ең негізгі тақы­рыптардың бірі.

Сабырхан СМАҒҰЛОВ,
тарихшы

09 қараша 2021 ж. 1 289 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 784

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031