» » » ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ҰЛЫ БАТЫРЫ

ҰЛЫ ДАЛАНЫҢ ҰЛЫ БАТЫРЫ

Жуырда “Қазақстан” ұлттық арнасынан “Кейкі мерген” атты көркем фильм көрсетілді. Бірнеше бөлімнен тұратын сериалды көрген сайын балаларым Кейкі туралы, оның батырлық ғұмыры жайлы сұрай берді. Шамамның келгенінше Кейкідей қазақ батырының ерлікке толы тағдырын баяндап отырдым. Іштей “мерген жайлы киноның түсірілгені дұрыс болған екен” деп қоямын. Әйтпесе, балаларымызға Ұлы даладағы ұлы батырлар жайлы хикаяттарды күнде айтып отырған жоқпыз ғой.
Жауына қасқайып көк бөріше қарсы тұратын, жылқы мінездес қазақ халқы қанша жерден қойдай жуас болса да бойға біткен қасиеті мен қанға сіңген тектілігінің арқасында осынау Алтай мен Атыраудың арасын жайлап жатқан ұлан-ғайыр атырапты өзінің мекені етті. Бұл жерді жаудан қорғау үшін талай қазақ баласы қолына қару алып, дұшпанына қарсы аттанды. Олардың қаншасы майдан даласында жан тәсілім етсе де, елін жаудан қорғап, қырандай қырағылығымен, арыстандай айбатымен, жолбарыстай қайратымен жұрттың есінде қалған батырлар жетіп-артылады. Біз әңгіме арқауына айналдырғалы отырған Кейкі де қазақтың өр рухты, қайсар мінезді ұлы.
Қазақ халқы үшін елдік пен ерлік – қатар жүретін ұғым. Сол себепті, «дос болғанға құшақ жаяр туыспын, қас қылғанға кесіп түсер қылышпын» деп бүтін бір ұлттың ұстанымын білдіретін, ұғынған адамға пәлсапалық мәні терең нақылды қалдырды. Ал, осындай ұлтты бұратана санаған патшалы Ресей ішімізге сұғына еніп, көшпенді халықтың даласына үсті-үстіне бекіністер сала бастады. Мұнысымен қоймай, Ресей империясы тарапынан XX ғасырдың басында Орта Азияның шығыс аудандарын отарлау қарқынды түрде жүргізілді. Тарихи деректерге сүйенсек, 1907-1912 жылдары империяның еуропалық бөліктерінен бұл жаққа 2 миллион 400 мың адам қоныстандырылды. Олардың келуімен жергілікті халықтың жайылымдық жерлері тарыла бастады. Өйткені, патша өкіметі шаруаларды қоныстандыру үшін жер қорын жасап, 1916 жылға дейін жергілікті халықтың жерлері күшпен тартылып алынды. Осылайша, жер­гілікті халық таулар мен шөл далаларға ығысты. Ал, ол аймақтарда мал жайылымына лайықты сулы, нулы жерлер жеткіліксіз еді. Оның үстіне елден жиналатын салықтың көлемі де бұрынғыға қарағанда еселеп артты. Осындай әрекеттермен халықты отарлық езгіде ұстаған патша өкіметі 1916 жылғы 25 маусымда 19 бен 43 жас аралығындағы ер-азаматтарды соғысқа шақыру туралы жарлық шығарды. Бұл тарихта «Июнь жарлығы» деген атпен белгілі.
Кейкі бабамыз қазақ даласында осындай қым-қиғаш оқиғалар болып жатқанда өмір сүрді. Тумысынан намысты ер мұндай қорлыққа қалай шыдасын. «Шыдамның да шегі бар» деген. Қанау мен езгіге қашанғы төзсін. Ақыры бұрқ етіп жарылуға тура келді. Жер-жерде “әскерге адам бермейміз” деп қарсылық танытқандардың саны арта түсті. Сөйтіп, 1916 жылғы шілденің басында елдің дүмпуі басталды. Мұның арты көп кешікпей ұлт-азаттық көтеріліске айналды. Торғай даласы мен Жетісу аймағында Амангелді Иманов, Кейкі Көкембайұлы, Әліби Жанкелдин, Тоқаш Бокин, Бекболат Әшекеев, Ұзақ Саурықов секілді қазақтың нар тұл­ғалы ұлдары басшылық жасаған көтерілістің ірі ошақтары пайда болды. Қазақ даласындағы көте­рілісті басу үшін Ресей империясынан отты қарумен қамтамасыз етілген, кездескенді ату үшін қажеттінің барлығымен жарақтанған кәдуілгі кәсіби әскерлер жіберілді. Ал, ойлағаны елінің ертеңі, болашағының қамы болған қазақ көтері­ліс­шілерінде оларға қарсылық көрсететіндей қа­ру болмады. Алайда, «малым жанымның, жаным арым­ның садақасы» деген ұлттың жаужүрек ұл­дары қолдарына айыр мен күрек алып шықса да, найза мен семсерді отты зеңбірекке қарсы қойса да елдің намысы үшін жандарын құрбандыққа шалуға дайын еді.
Көтерілісшілердің негізгі қарулы күші – мергендер жасағын басқарған Кейкі батыр Амангелді Имановтың сенімді серіктерінің бірі болған. Ол көтеріліс штабының ең қауіпті тапсырмаларын орындап, жиі-жиі барлауға шыққан. Күйік қопа­сындағы соғыста, Торғай қаласын қоршау ке­зін­де және патшаның жазалаушы отрядтарына қарсы соңғы ұрыс – Доғал шайқасында ерекше ерлік көрсетті. 1919 жылы 18 мамырда Тор­ғай ояздық соғыс комиссары, халық батыры Амангелді Иманов өлтірілгеннен кейін Кейкі мерген қуғынға ұшырайды. Бұл сүргін Кеңес өкіметі орнағаннан кейін де жалғасады. Қазақ ұлттық эн­циклопедиясының 4-ші томындағы деректерге сүйенсек, Кейкі біраз жыл Ұлытау, Қызылқұм жағында бой тасалайды. 1923 жылдың көктемінде комиссар Александр Токаревтің сөзіне сеніп Торғайға оралады. Кейкі жолда оның арам пиғылын сезіп, Токаревті сол жерде атып тастайды. Бірақ, Кейкінің ізіне түсіп, артынан алыстан аңдып еріп келе жатқан сарбаздар оны сол күні түнде жатқан жерінде қоршауға алады. Осылайша, Кейкідей қайсар оғлан қолға түсіп, айуандықпен өлтіріліп, басы Ресейге жөнелтілді.
Арада ғасырға жуық уақыт өткеннен кейін Кейкі сынды мергеннің, ұлты үшін жанын қиған батырдың бас сүйегі елімізге қайтарылды. Бұл тәуелсіз Қазақстанның тарихындағы ерекше оқиғалардың бірі болды. Ал, осы мақалаға түрткі болған “Кейкі мерген” фильмі батырды қайта тірілтіп, оның ерлігін балалар мен жастардың санасына сіңірді. Аруларымыз әлеуметтік желіде “Мен Кейкіге ғашықпын” деген жазбаларын жариялады. Қыздар өз жазбаларында мергеннің рөлін сомдаған әр­тіске емес, Кейкінің өзіне ғашық екендерін ашық айтты. Мұхтар Шахановтың “Әке үкімі” атты жырында “Махамбеттей батырға бүкіл қазақ ғашық болса айып па?!” деген жолдар кездеседі. Сол секілді Кейкідей мергенге бүкіл қазақ ғашық болса да айып емес. Өз басым аруларымыздың бұл әрекетін жылы қабылдадым. “Лайым, қазақ даласында Кейкідей ұлдар көп болсын” деген тілекпен біз сөзімізді тәмамдайық.

Әзиз ЖҰМАДІЛДАҰЛЫ.

15 қаңтар 2019 ж. 1 556 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 767

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930