Бесіктің киесі

Бала кезіміздегі әңгімелер әліге дейін есімізде берік сақталыпты. Шынында бесік туралы сөз болса, сол әсерлі әңгіме ойға оралып, өз-өзімнен тітіркеніп, бойымды үрей билейді. “Бесіктің киесі бар” дегенді шешелеріміз үнемі айтып, санамызға бекіткені сондай періштенің тұрағы болған қасиетті дүниені қастерлеп, жоғары қоюды анамыздан үйрендік. Отбасы тәрбиесі тәлімнің ең озығы деп ойлаймын.

Біздің үйде ескі бесік бар болатын. Оны анам әрқашан тазалап, күнге шығарып, желдетіп жүрді. Ішіндегі мамықтарын жуып, жыртылған жерін тігіп, тазалап, әлпештеп, үйдің төріне жайғастыратын. Ал мен “Ескі әрі ешкім жатпайтын бұл бұйымды неге тастамайды?” деп қайран қалатынмын. Соны сезген болуы керек, бір күні анам бұрынырақта болған бесікке қатысты бір оқиғаны айтып берді. Естіген кезде денемде діріл пайда болып, осыдан кейін қатты ойландым. «Бесіктің киесі бар» деген сөзді сол сәттен бастап жан-жүрегіммен түсіндім.

Анамның айтуынша, бұрынырақта бір ауылда Бақыт есімді қыз болыпты. Сұлулығымен барлық жігіттерді қайран қалдырыпты. Олардың үйлерінде ескі бесік болған екен. Бірде Бақыт үй жинап жүріп, сол ескі бесікті көрген соң ешкімге қажеті жоқ, керексіз зат деп, оны өртеп жібереді. Бөтен ойы жоқ әлгі бейшара қыз бесікті өртегенін әжесіне айтқан кезде әдетте биязы көрінетін кемпір мұны естігенде айқайлап, немересіне қатты ұрысыпты. Тіпті, оған ренжіп, біраз уақыт сөйлемей де қояды. Ал жұрт аң-таң болып түсінбей қалады.

«Ешкімге керексіз ескі дүниеге сонша қиналғаны несі?» деп кемпірді кінәлайды. Кейіннен әжесі көз жұмды. Немересі әжесін ренжітіп алғанына қатты өкінеді екен. Әркез ойша әжесінен кешірім сұрап жүріпті. Бірде күбірлеп айтып та отыратын болған. Тіпті соңғы уақытта оған «жындысың ба, кімге сөйлеп жүрсің, әжең жоқ қой» деп жұрт басу айтып, жұбатпақ болады. Бірақ күбірлеп жүрген Бақыт шынымен де жындыға айналған дейді. Өз-өзінен ағаштарды жинап өртейді де «Бесікті өртемедім, қазір отты өшіремін» деп жылап, су шашады. Лаулаған от өшсе, ол жылауын тоқтатады. Тіпті әжесінен кешірім сұрағанын да қояды. Бұл жағдай бір-екі күннен соң тағы қайталанады.

Ата-анасы қызын дәрігерлерге көрсетіп, молдаларға да оқытты. Бірақ ешқандай өзгеріс болған жоқ. Гүлдей құл­пырған әлгі бойжеткен өз-өзімен сөйлесіп жүретін жындыға айналды да қалды. Ауылдағы үлкендер оны «бесіктің киесі ұрған қыз» деп айтады екен. «Сондықтан қызым, бұл – сенің аталарың, әкең де жатқан киелі бесік. Оны өртеймін немесе қоқысқа тастаймын деп ешқашан ойлама. Жалпы, сәби жатуға жарамсыз болған бесікті жерге көму керек. Осыны жадыңда сақта» дейтін қайран анам.

Шынында сол оқиғадан кейін тіпті үйдегі ескі сандық, көне бұйымдарға барлай қарап, «тастауға бола ма екен?» де­ген үрей билейтіні жасырын емес. Алайда бейкүнә сәби жат­қан қасиетті бесікті күл-қоқысқа тастамайықшы. Қа­лай десек те бал бөбектің иісі сіңген бесікте кие барын ұмытпайық.

Г.АСҚАРҚЫЗЫ

25 қаңтар 2022 ж. 808 0

№42 (9825)

28 мамыр 2022 ж.

№41 (9824)

24 мамыр 2022 ж.

№40 (9821)

21 мамыр 2022 ж.

Сұхбат

Өнер ордасының бәсі биік
24 тамыз 2021 ж. 2 766

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930