«Көгілташ» медресесін көге салған
Өткен наурыз айында жолым түсіп, Алматы облысы Талғар қаласына бардым. Өсіп-өркендеген қалаға Қарақалпақстанның әр түкпірінен қазақ ағайындар көшіп келіп қоныстанған екен. Солардың бірі Нұқат есімді жасы сексеннен асқан ақсақалмен әңгімеміз әп-сәтте жарасып кетті. Жөн сұраса келе білгенім, ол кісі медицина саласында қызмет еткен. Әңгіме арасында ол: «Сен Бұқарадағы «Көгілташ» медресесін қазақ салғанын білесің бе? – деп сұрады. Менің жауабымды күтпестен Нұхат аға «Көгілташ» медресесінің салыну тарихын баяндап кетті.
Бұхара мен Ташкент тұрғындарының арасында «Көгілташ» медресесін «қазақ салдырған» деген аңыз таралған. Осыдан соң ардақты алаш арыстарының бірі Халел Досмұхамедұлы ел арасында соған ұқсас аңыз әңгіме бар-жоқтығына сұрау салып, зерттей бастайды. Тіпті, өткен ғасырдың басында қазақ газеттерінің бірінде ол кісінің Бұхарадағы «Көгілташ» медресесінің салынуы туралы жарияланыпты.
«Тәжіктер, өзбектер және қазақтар Бұхара ханына бағынған замандарда Бұхара қаласында Шамси Мұхаммед деген молда болыпты. Осы молда өзінің ханына келіп, қырда қазақ атты көшпелі халық барын, олардың Мұхаммедтің нағыз діни жолын білмейтіндігін және шариғат қағидаларын орындауға мән бермейтіндігін айта келіп, ханнан қазақтарды «дінсіз» деп жариялап, базарда құл ретінде сата беруге рұқсат етуді ұсынады.
Хан кеңес шақырады. Кеңесте «тұтас халықты аяқ астынан дінсіз деп жариялау ыңғайсыз шығар, алдымен олардың өкілдерін шақырайық және шариғат қағидаларын қаншалықты білетіндігін сынап алып, айқындайық» деген мәмілеге келеді. Егер де олар молдалар берген сауалдарға тиянақты жауап бере алмаса, онда барша қазақты дінсіз деп жариялап, құл есебінде базарда саттыруға рұқсат бермекші болады.
Бұхара ханының жаушысынан осы шешімді естіген соң қазақтар хан мен молдалар алдында жауап беруге кімді жіберу қажеттігі туралы үлкен кеңес құрады. Қалайша жауап беру, кімді жіберу турасында ұзақ ақылдасады. Бір кезде Көге атты қазақ тұрып, кеңестен молдалардың сұрақтарына жауап беруге және қазақ халқын құлдықтан құтқаруға Бұхараға өзін жіберуін өтінеді. Кеңес рұқсат береді.
Көге Бұхараға тура бесін намазы уақытында келіп, Шамси Мұхаммед молданың мешітіне кіреді де, көпшілікпен бірге намазға ұйиды.
Мешіт есігінің алдында қолында қамшысы бар жендет намаз оқығандарды бақылап тұрады. Намаз аяқталып, жиналған топ соңғы аятқа қол жайғанда, Көге қолын жеңінен шығармастан-ақ бата жасай салады. Шамси Мұхаммед молда: «Мына кісіні алып шығып, шариғат қағидасын білмейтіндігі үшін жазасын бер!» - деп жендетке айқай салады.
Сол кезде Көге былай дейді: «Молдеке, сабыр етіңіз, егер Құдай тек жалаңашты еститін болса, онда киіміңізді тегіс шешіп, намазды тыр жалаңаш күйінде оқыңыз. Намаз оқыған кезде неліктен қолыңды жалаңаштап, қалған жеріңді киіммен жасыру керек? «Алла тек киініп тұрғандардың намазын қабыл алады» деген Құранның қай жерінде айтылыпты? Ханға баралық, төрелігін сол айтсын».
Молда не айтарын білмей, тосылып қалады. Хан алдына келген Көге өзінің және қазақтардың мұсылман екенін дәлелдеу үшін Бұхарада төрт-бес жыл тұруына рұқсат беруін өтінеді. Хан келісімін береді.
Осыдан соң Көге өзінің аттарын, киім-кешектерін, тіптен қырдан алып келген азық-түлігін де қаріп-қасірлерге таратып беріп, өзі тақыр кедей болып шыға келеді. Ол ақ адал еңбек етіп, маңдай терімен дүние жинауға белін буады. Қала сыртына шығып шөп жұлып, одан сыпырғы жасап, базарға апарып сатады. Азын-аулақ ғана ауқат ішіп, сыпырғы сатудан түскен ақшасының қалғанына тауық сатып алады. Кешікпей Көгенің тауығы сансыз көбейіп кетеді. Ол енді кірпіш баса бастайды. Өте көп кірпіш дайындап алған соң ол ханға келіп, мешіт салуға рұқсат сұрайды. Хан келісімін береді. Сол кезде Көге ханнан құрылыс салуға шебер тауып беруін сұрайды, бірақ ол шебер өз айтқанын ғана орындайтын болуы қажет деп шарт қояды. Хан келісіп, Бұхараның барлық шеберлерін жинатады да Көгеге: «Өз шарттарыңды айт», – дейді.
Көге айтады: «Менің қарауымда жұмыс істейтін шебер мыналар туралы ант-су ішуі керек. Ол өмір бойы бес уақыт намазын оқыған және бір рет те қаза жібермеген, ешқашан шариғатқа сай дәрет алмай қара жерді баспаған және ешқашан жамандық ойламаған, ешқашан зинақорлық жасамаған және әрқашан таза жүрген, есік алдына келген қайыршыға әрқашан қайыр-садақа берген, нағыз мұсылманның барлық парыздарын орындаған, үйіне келген мейманды қайдан және неге келгенін сұрамастан әрқашан қонақ қылған, кім болса да шындықты бетіне айтқан, құдайдан басқаға құлшылық етпеген болуы тиіс. Тек осындай жанға ғана мен серт бойынша мешіт құрылысын бастауға рұқсат беремін». Бұхаралық шеберлердің ешқайсысы мұндай ант бере алмай, бәрі де құрылыс жұмысынан бас тартады.
Сонда хан Көгенің шарттарын барша Бұхара халқына жария етуге және келісушілер болса өзіне келуге бұйрық береді. Әйтсе де хан әміріне ешкім суырылып шықпайды. Бұл арада Көгенің шарттарын қабыл алатын бірде-бір адам табылмаған соң оның өзі жоғарыда айтылған турасында ант-су іше алатындығын ханға мәлімдеп, мешіт құрылысына кірісіп кетеді. Ешкімнің көмегінсіз Көге мешіттің қабырғасын жалғыз өзі қалап, шеберлерге тек оны ақтау мен сырлап әрлеуге ғана рұқсат береді.
Шаһар халқы жаңа мешітті көріп таң қалысады, бүкіл Бұхарада нағыз тақуа адам Көге болғандықтан, бұл мешітті оның атымен Көгетас, яки «Көгенің құрылысы» деп атай бастайды, бұл атау бірте-бірте қазіргі Көгілташ қалпына ауысады.
Бір күні түн ішінде Көге намаз оқу үшін өзінің мешітіне келсе, ән айтып, дутар тартып, қыздар билеп, сауық-сайран салып жатқан бір топ халықты көреді. Аза бойы қаза болған ол жылап жібереді. Сонан соң қолына балта алып, мешіттің қабырғасын құлата бастайды. Өзі салған қасиетті орын жын- шайтанның ойнағына айналғанша, жер бетінен жоғалып кеткенін жөн көреді. Сол кезде оған сауықшылардың арасында жүрген Шамси Мұхаммед молда жүгіріп келіп: «Тоқта, Көге, сенің мешітің соншалықты қасиетті де таза, егер біз оны қорламасақ, бұл күйінде ол жер бетінде қала алмайды. Біз мұны қасиетті кітаптардан оқып білдік. Сондықтан да біз молдалар, сенің Көгілташың жер бетінде мәңгі қалсын деп осы ойын-сауықты әдейі жасап жатырмыз, әйтпесе ол не аспанға ұшып кетеді, не жер астына түсіп кетеді. Және біз жер бетінде сенен тақуа адам, сен тұрғызған ғимараттан қасиетті құрылыс жоғын білдік», – дейді. Молданың сөзіне сенген Көге Бұхараның ханына келіп: «Егер менің істерім тақуалық деп танылса, онда қазақ халқын шын мұсылман деп танитын және оны мәңгілікке құлдыққа сатудан босататын пәрмен беріңіз», – дейді.
Хан Көгенің тілегін орындайды және қазақ халқына жала жапқан Шамси Мұхаммед молдаға дүре соғуға, сонан соң дарға асуға әмір береді. Өз халқын құлдықтан құтқарған Көге Меккеге аттанады және сол жақта мәңгілікке көз жұмады. Міне, қазақ халқын құлдықтан құтқарған Көге осындай адам болатын және ол салған Көгілташ қазір де Бұхарада тұр, заман ақырына дейін тұра да бермекші.
Маған бұл аңызды айтып берген кісі Кіші жүздің тама руынан шыққан. Ал тама руынан тарайтын рулардың ішінде аташал деген ру бар. Оның бір атасы – Көге. Қазіргі кезде көгелер Ақтөбе уезінде (Ойсылқара, Бестамақ, Бөрлі, Бөрті, Қаратоғай болыстары) тұрады. Шежіре бойынша, аташалдар мен көгелер Ақтөбе уезіне бұдан 210 жыл бұрын Бұхара мен Сырдария облысынан келіпті-міс делінеді. Көге атасына жататын қазақтар да Көгілташты салған өздерінің атасы Көге деп біледі, – деген Нұқат ақсақал әңгімесін аяқтады.
Шынымен де арада қанша уақыт өткенмен өмірден алынып халық арасында айтылып келе жатқан аңыздан ақиқат, тарихтан шындық шығады. Тама руынан тарайтын Көге атамыз Бұхара ханына қазақтың дініне, дәстүріне адал, еңбекқор, батыр халық екенін іс жүзінде дәлелдеген. Демек, Бұхарадағы «Көгілташ» медресесін қазақ Көге салған деген аңыз әңгіме ақиқатқа айналғандай.
Серік БЕРТАЕВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.